«ҚЫЗ МҰҢЫ»ЖҰРТШЫЛЫҚ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Қараңғылық. Шулаған иттер. Ығы-жығы. Ашу, ыза, кектенген дауыстар... Ыңырси шыққан дыбыстар... «Қыз мұңындағы» бұл алғашқы көрініс 1986 жылғы аласапыран күндердің трагедиясын бір сәт еске түсіргендей...
Өңірде гастрольдік сапармен жүрген М.Әуезов атындағы академиялық драма театры Исрайл Сапарбайдың «Қыз мұңы» лирикалық драмасын Есмұхан Обаевтың сахналауында атыраулық көрерменге ұсынды.

Психологиялық параллелизмге құрылған спектакль деуге болады бұл қойылымды. Өйткені, елі мен жері үшін арын алау, жанын жалау еткен өткен жылдардағы қазақтың қызы мен бозбаласының бейнесі бүгіндегі желіккен жеңілтек жастардың образымен салыстырмалы түрде беріледі. 
Қазіргі кезең. Оқиға осы бір суретшінің маңайында өрбиді. Есімі – Ғазиз.1986 жылы елінің егемендігін көксеп, алаңға шығып, жазықсыз жазаланған жастардың бірі. Ал, бүгінгі күні алаңда сурет салып, нәпақасын тауып жүрген оған қызық қуған қыздардың ішінен ерекшеленген Сағыныш әп дегеннен жақын көрінеді. Суретші оны сол жылдардағы зорлық-зомбылықты бірге көрген өрімдей Ләззатқа ұқсатады. Қиянатшыл тобырдың құрығына ілініп, қыршынынан қиылған құрбыны еске алып егіледі. «Қайран, Ләззат» деп жүрегі қарс айырыла қамығады. Бір көргеннен бір-біріне ерекше әсер қалдырады…
Ғашығының туған күні түнгі клубта тойланатынын естіген саптама етікті суретші Сағынышты іздеп барып, тартуын ұсынады. Кейіпкерлер бір-біріне деген сезімдерін әнмен жеткізіп, думандатады. Десек те, Ғазиз сол жерде Сағынышта көңілі бар отбасылы Жарқынмен кездесіп, айқай-ұйқайға ұласып, біраз жерге жетеді. Сағыныштың құрбысы, жеңілтек келген Айгүлдің де қарны жуан байшекеш Жарқынға көңілі бары білінеді. Сонымен… Жарқын мен Ғазиз арасындағы дау шиеленісіп, Сағыныш думанды дастарханды тастап, кетіп қалады. Ызаға булыққан байсымақ қарапайым суретшіге есе жібермеуге тырысып, тамыр-таныстықпен үлкен генералға Ғазизден есесін алуды сұраумен жалғасады шығарма.
Нағыз тартыс 25 жылдан кейін тонын өзгертіп шенеунік болып жүрген азаматтардың бейнесін ашуға ойысып, өткен мен бүгін, яғни қос кезең арасындағы сабақтастықты көрсетуге талпынады. Қалталының «тапсырысымен» құқық қорғау органының құрығына іліккен Ғазиз аяқ астынан кешегі «бұйрықты орындаушылармен» бетпе-бет келеді. Күтпеген кездесу… Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарды жа¬залаған жендеттердің бірі болған, сөйтіп, биліктің айтқанын екі етпей жүріп, генерал шеніне қол жеткізген кешегі капитан Ғазизбен бүкпесіз ашық әңгімеден кейін асып-сасып, күнәла¬ры есіне түсіп, кенеттен жүрегі ұстап құлайды.
Бірнеше жыл бойы алаңсыз өмір сүріп, билік сатысымен өскен, дәу¬рені жүрген, ұпайы түгел жендетті қарапайым суретші бұрынғы істеген істерін айтып, есінен тандырып, кескен теректей сұлатып түсіреді. Нанымды болмаса да, бәлкім, «өмірде де осылай болса, Желтоқсан оқиғасына қатысы бар әрбір атқамінер кінәсін халық алдында мойын¬даса…» деген ойдан туған да болар.
Қойылым соңында бір-бірін іздеген қос ғашық қол ұстасып, көрерменін бір қуантты.
Драма тартымдылығын арттырудың бір амалы ретінде режиссердің қойылымға ән, билерді көбірек енгізгені бай¬қа¬лады. Бұл спектакльдің музыкалық партитурасында жанр табиғатына лайық үндестік үстеді. Сырлы да мұңды әуендермен бірге Ғазиз бен Сағыныштың адамшылық болмыстары мен сезімдері көрерменге шеберлікпен көркем жеткізілді.
Шығарма тілі шұрайлы, сөйлемдері әдемі ұйқаспен, құнарлы өрілгенінен-ақ, туынды авторының ақын екенін айқын аңғартты. Бұл – драма жетістіктерінің бірі ғана. Сонымен бірге, генерал рөлін шебер сомдаған танымал актер Ерлан Біләлов кез келген заманға бейімделгіш, шаш ал десе бас алып, биікке өрмелеген, екіжүзді арсыз адамның құбылмалы мінезін айнытпай көрсете алды. Ғазизді сомдаған белгілі әртіс, тележүргізуші Азамат Сатыбалды турасында да осыны айтуға болады.
Өткен мен бүгіннің басын қосып, бір пьеса аумағында, сахналық кеңістікке сәйкестендіріп, философиялық деңгейде зерттеп, тарату, әр кейіпкердің ішкі психологиялық иірімін ашу, бейнелердің лирикалық сезімдерін әдемі, жүрек лүпілін анық беруі – драманың даралап тұрған үздік ерекшеліктері.
Тәуелсіздікке ұмтылған жастардың жан жарасы, көрген қорлық пен бастарынан өткізген сұмдықтарымен бірге бүгінгі замандастардың келбетін көрсетуге деген ұмтылыс «Қыз мұңында» бейнеленді. Мәселен, түнгі клубтағы бүгінгі күндегі жастардың өмірін, адамгершіліктен бұрын ақша мен мансапты алға тартқан қалталылардың ықпалын, байлықтың буына мастанған отбасылы отағасы бола тұра уыздай жас қызды көңілдес орнына ұстағысы келген байшекештің бейнесін беруге тырысады.
Мұндай қойылымдардың көрермен қауымды, жас ұрпақты жағымсыз қылықтардан жиіркендіріп, ұлы істерден ұлағат алуға тәрбиелейтіні сөзсіз. Жалпы «Қыз мұңы» қойылымынан жұртшылық риза көңілмен тарқағанының куәсі болдық.

 Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз