АТЫРАУЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ТҮРКИЯ ТӨРІНДЕ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАДЫ
Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының бір топ оқушысы мен ұстаздары Түркия мемлекетінің Анталья қаласында Наурыз мерекесіне арналған мерекелік қойылым қойды.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінен білгеніміздей, Қазақстан және Еуразия халықтарының Достық пен мәдениет қоғамының шақыртуымен және облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған сапар Анталия қаласындағы Мұрат Паша әкімдігінің мәдениет сарайынан басталды.
“Актерлік шеберлік”, “хореография” және “вокал” мамандығында оқитын дарынды дарабоздар “Қош келдің, әз Наурыз” атты театрландырылған мюзикл және концерттік бағдарламасымен түрік ағайындардың төрінде ұлттық өнерді ұлықтады.
Одан бөлек, түркиялық белді білім ордаларының бірі Bilim колледжі мен Akdeniz университетіне барып, ондағы оқу жүйесімен танысты.
Айта кеткен жөн, атыраулықтар Akdeniz университетінің концерттік залында да өнер көрсетіп, академия шәкірттерінің дарынын байқаған университет ұжымы оларды оқуға шақырды.
Аталған білім ордасында түрлі шеберлік сағаттары өткізіліп, ұстаздар екіжақты тәжірибе алмасты.
Нәтижесінде, атыраулық ұстаздар да арнайы алғыс хаттар пен сертификаттарға ие болды.
Еске сала кетейік, ұлттық мерекені өзге елде насихаттау мақсатымен оқушыларды бастап барған ұстаздар қатарында Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының директоры Долорес Таскарина, академияның мамандық бойынша директор орынбасары Дина Әбубәкірқызы, бас режиссер Саягүл Кущанова, бас балетмейстер Талғат Ғатауов, вокал сыныбының мұғалімі Алма Нұрашева, халық әні сыныбының мұғалімі Ақмарал Дариева, актерлік шеберлік бөлімінің мұғалімі Әсел Айтбаева мен дыбыс режиссері Гүлдана Исаева бар.