
Атыраулық мәдениет өкілдері мемлекеттік наградаға ие болды
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мәдениет саласына қосқан елеулі үлестері үшін Атырау облысының бірқатар өнер қайраткері мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл – өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиға ғана емес, сонымен қатар ел руханиятының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген шығармашыл жандардың еңбегіне берілген жоғары баға.
Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының талантты актрисасы Күнайым Шаматова «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол сахнада сомдаған сан алуан рөлдерімен көрерменнің жүрегінен орын алып, театр өнерінің дамуына айрықша үлес қосып келеді. Оның орындауындағы кейіпкерлер шынайылығымен, терең психологизммен ерекшеленіп, театр көрерменін рухани байыта түсті.
Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің дарынды әртісі Бауыржан Ақтаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен ұлығыланды. Ұлттық музыка өнерін дәріптеуде, дәстүрлі аспаптардың үні арқылы тыңдарманға рухани нәр беруде Бауыржанның еңбегі ерен. Ол – оркестрдің құрамында талай халықаралық және республикалық сахналарда өнер көрсетіп, қазақ музыкасының абыройын асқақтатып жүрген өнерпаз.
Біз өңірдің мәдениет майталмандарын мақтаныш ете отыра, олардың биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіреміз.
Еркеназ ҚАЛИЖАН