Атыраулық Әйгерім «Алтын орда аманатында» жүлдеге ие болды
Ұлытау облысының Жезқазған қаласында өткен республикалық ХХХІІ дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын орда аманаты» атты байқаудан Атырау өңіріне ақжолтай хабар жетті. Жерлесіміз, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің әртісі Әйгерім Қараменова өнер додасында жүлделі III орынды жеңіп алды.
Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық аспаптарын дәріптеу және эстрадалық бағытта тыңдармандарды қызықтыру мақсатында өткен сайысқа еліміздің 10 облысынан жүзден жүйрік озған барлығы 11 талант қатысып, бақ сынады.
Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған бәйгеде атыраулық Әйгерім Қараменова Атырау өңірінің намысын қорғап, жетіген аспабымен халық әні «Әгугайды”, аса көрнекті қазақ сазгері, күйші Н.Тілендиевтің “Аққу” күйін және белгілі композитор Бауыржан Ақтайдың «Көктем сазын” нақышына келтіре орындай білді.
–Байқауда Әйгерімнің өнері қазылар алқасы мен көрермендердің жүрегінен айрықша жол тауып, оның жүлдегерлердің қатарынан орын алуы – біз үшін үлкен абырой. Жетігенді жанына серік еткен өнер иесіне алдағы уақытта да сәттіліктер тілейміз, — дейді «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Сардарбек Әбілов.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ