Атыраудағы аудан тұрғындары Бірлік күнін атап өтті (+ФОТО)
Алуан тақырып – ортақ мазмұн
Жылыой. Қазыналы өңірдің тұрғындары Бірлік күнін алуан тақырып, ортақ мазмұн төңірегіне топтасқан тартымды шаралармен қарсылады.
Осылайша, мерекеге арналған мәдени-көпшілік шаралар Қосшағыл ауылдық округінде – «Достық елі – Қазақстан», Тұрғызбада – «Татулық – достықтың киелі мекені», Ақкиізтоғайда – «Қазақстан – бірлік татулықтың мекені», Майкөмгенде – «Достығымыз жарасқан» тақырыптары аясында ұйымдастырылды. Одан бөлек, тақырыбы түрлі, мазмұны бір шаралар аудан орталығындағы мәдениет ошақтарында да жалғасын тапты. Олардың қатарында «Елдің күштілігі – халықтың бірлігінде», «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта», «Көп ұлтты отбасындағы қыз бала тәрбиесі», т.б. атауға болар еді. Мерекелік шаралардың шымылдығы халқымыздың баянды бірлігі мен тату тірлігін бейнелеген театрландырылған көрініспен жабылды. Сонымен бірге, айтулы күнге орай өткізілген әлеуметтік және қайырымдылық жәрмеңкелері де шуақты мерекені шырайландыра түсті.
«Бірлік жырын жырлаймыз!»
Құрманғазы. «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін күнін Қиғаш бойын қоныстанған құрманғазылықтар да жоғары деңгейде атап өтті.
Мереке құрметіндегі басты шаралар С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы демалыс алаңына шоғырландырылды. Ол «Бірлік жырын жырлаймыз!» тақырыптың аясына топтастырылды. Ардагерлер мен жастар арасында дойбы, шахмат және халқымыздың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан аудандық жарыс, оқушылар спартакиадасы өткізілді. Достықты дәріптеген сазды шеруде патриоттық, халық және Қазақстан композиторларының отаншылдық рухындағы, туған жерді, ел бірлігін жырлаған әндері шырқалды. Түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен өткен «Бір шаңырақтың астында» атты өнер сайысы, кездесулер, білім беру мекемелерінде тәрбие сағаттары мен дөңгелек үстел басындағы дидарласулар мерекенің мазмұнын байыта түсті.
Бейбіт күннің батырлары ұлықталды
Қызылқоға. Аудандағы мерекелік шаралар қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде, сондай-ақ халқымыздың басына тәжтажал болып төнген пандемиямен күресте батылдығымен, ерлікке пара-пар еңбегімен көзге түскен, төтенше жағдайларда құтқару жұмыстарына қатысқан бейбіт күннің батырларын ұлығылаудан басталды.
Ынтымақ пен бірлік, достық пен татулық идеясы басты ұранына айналған айтулы мереке аясында «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, аз қамтылған, күнелтіс деңгейі төмен отбасыларына рухани-материалдық көмек көрсетіліп, жағдайы нашар жанұяларға жәрдемдесілді. Бұған бір жағынан Бірлік күнінің Ораза айт мейрамымен орайлас келуі де себепші болса керек. Жастар саябағындағы жазғы сахна да сәніне келтіріліп, көпшілік ойын-сауық шараларының өткізілуіне мүмкіндік жасалды. Жергілікті ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі, мұғалімдер спартакиадасы мерекенің мәртебесін биіктетті. Ал, Жангелдин ауылдық округінде ат бәйгесі жалғасын тапты.
Көрмеде – ұлттық киімдер
Мақат. Мұнайлы өңірдегі мерекелік шаралардың шымылдығы бір аптаға созылған «Бірлігіміз жарасқан – туған өлкем Қазақстан» атауымен ұйымдастырылған челенджбен ашылды.
Аудандық жастар ресурстық орталығы және қоғамдық келісім кеңесінің ұйытқы болуымен жергілікті ісмерлердің қолымен тігілген ұлттық киімдер көрмесі өткізілді. «Ынтымақ – бірлік кепілі» тақырыбындағы суретшілер сайысында жергілікті қылқалам шеберлерін өнерлерін ортаға салды. Қатысушылардың әрқайсысы қоғамдағы берекенің бастауы болып отырған ел бірлігін өзінше бейнеледі. Спорттық сайыстарға да кезек беріліп, жанкүйерлер бір мезет арқаны қыздырып, делебені қоздырған тартысты додалардың куәсі болды. Мерекеге жиылған мақаттықтар орталық алаңға орнатылған алып экраннан осы өңірден түлеп ұшқан танымал тұлғалардың құттықтау-лебіздерін тамашалады.
Бірлік күні би күнімен үндесті
Исатай. Биыл Қазақстан халқының бірлігі күні ел Президентінің Жарлығымен жарияланған Балалар жылымен орайлас келіп отырғаны белгілі.
Оның үстіне, сәуір айының 29-ы – Халықаралық би күні болып белгіленуі ескеріліп, ауданда осы өнер түрімен айналысатын ұжымдардың байқауы ұйымдастырылды. Ол «Биле, биле!» деп аталды. Бұған қоса, жастар мен жасөспірімдер арасында волейболдан «Көктем кубогі-2022» біріншілігі өтті. Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде аудан көркемөнерпаздарынң қатысуымен «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» атты өнер фестивалі өткізілді. Сонымен бірге ауылдық округтерде «Достықтың киелі бесігі», «Ынтымақ – бірлік кепілі», т.б. тақырыптарда концерттік бағдарламалар көпшіліктің назарына ұсынылды. Балғын суретшілер арасында өткен шығармашылық сайыс та өзіндік өрнегімен мерекеге ерекше рең берді.
«Дарабоз» додасы – Дендерде
Индер. Мерекеге орай мұнда «Дарабоз – 2022» атты аламан бәйге өткізілді. Оны облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Индербор кеннтік округі әкімдігі ұйымдастырды.
Бұл күні аудан аумағындағы ауылдық округтерде «Қазақстан – бар ұлысқа шаңырақ», «Тәуелсіз елдің таңдауы», «Бірлік түбі – береке», т.с.с сан алуан тақырып төңірегінде мәдени-көпшілік шаралар жалғасын тапты. Ал, аудандық жастар ресурстық орталығы, білім бөлімі мен Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы коллелджі басшылығы бірлесіп «Бірлігіміз артқан, достығымыз жарасқан» флеш-мобының жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етті. Спорт пен өнерді серік еткен жастар да мерейлі мерекенің мәнін арттырып, мазмұнын байытуға үлестерін қосты.
«Достық» алаңы – достыққа дәнекер
Махамбет. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында аудан орталығында «Достық» алаңы ашылды.
Осыған орайластырылған шарада сөз сөйлеген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Самат Жайлашевтің айтуынша, мұның өзі былтырғы қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Мемлекет басшысының тарапынан берілген тапсырманың нақты орындалысы болып табылады. Осылайша, бұл күні өңірді мекендейтін өзге ұлттың өкілдері осы алаңға келіп, әрқайсысы өзінің атаулы көшетін отырғызды.
Дана халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек», – деп ықылым заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сөз бар. Бұл ретте, аудан тұрғындары, соның ішінде осында бірімен бірі туысқандықта, бауырластықта өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері ел көлемінде қолға алынған игілікті іске үлестерін қосуда. Айта кету керек, Махамбеттегі «Достық» алаңының ашылуына үнді жігіті Магеш Баскаросы қаржылай демеушілік көрсеткен.
Дәулетқали АРУЕВ
Фото: әлеуметтік желі