Жарнама
Мәдениет

Атырауда жас ақындар айтысы өтті

Айтыс – қазақтың бекзада, болмысы биік өнері. Қайыршақты ауылдық округінің орталығы – Томарлы ауылындағы мәдениет үйінде ұлық өнерді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жалғастыру мақсатында «Айтыс – сөздің майданы» атты қалалық жас ақындар айтысы өтті. Әдебиеттің әйгілі классигі Мұхтар Әуезовтың өзі «Сөз барымтасы» деп баға берген осы өнердің қадірін білетін көрерменнің басын қосқан шараға 12 жас ақын қатысты.

Əр ақын өзінің туған жерін қанша жырласа да, оған деген махаббатының сарқылмасы анық. Айтысты ұйымдастырған Томарлы ауылдық мəдениет үйінің басшысы, белгілі ақын Шалқарбай Ізбасаров өлең додасына өз өңірін, туған жерін жырлау үшін өз ортасында танылып, көрермен көзайымына айналып үлгерген дүлдүл ақындардың қатысып отырғанын айтты.

– Қазақта «көкті бу көтереді, жүйрікті ду көтереді» деген сөз бар. Қатысып отырған жергілікті ақындар. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» дегені осы шығар. Айтыс – қазақтың рухы, жаны ғой. Сондықтан, ақындарды қолдап отыруға шақырамын, – деді Ш.Ізбасаров.

Қазақ айтысының реформаторы Жүрсін Ерман осыдан бірнеше жыл бұрын мұнайлы өңірде өткен айтыста Атырау соңғы жылдары тек əн мен жырдың емес, айтыстың да Меккесіне айналып келе жатқанын айтқан еді. Бұл облыс ақындарына берген үлкен баға екені сөзсіз. Ақындардың өнеріне баға беріп, қара қылды қақ жарар қазылар алқасы мүшелерінің қатарында айтыскер ақындар Мүтиғолла Ғани, Шынарбек Қабиев, кəсіпкер Бекболат Латиповтар болды. Жыр додасының кіріспе сөзін сөйлеген қала əкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов ақындарға сəттілік тіледі.

screenshot 4 5

– Томарлы мəдениет үйінде жас ақындарды шыңдау мақсатында керемет айтыс ұйымдастырылып жатыр. Ақындар айтысты əдемі, əсерлі, тартысты өткізіп, еліміздің абыройын үстем етер айтыскер болуына тілекшімін, – деді Нұржан Мақсотұлы.

Əлі арыны басылмай, аузымен құс тістеген жас ақындардың арасында айтысқа алғаш рет қатысып, тұсауын кескелі келген былтырғы республикалық оқушылар айтысының бас жүлдегері Ерасыл Мұхитов пен республикалық оқушылар айтысының жүлдегері Марсель Ерсайынов айтыстың шымылдығын ашты. Іні мен аға болып айтысқан екі жас ақын елдік, тəуелсіздік туралы сөз етіп, жастары қарайлас болғандықтан да бірін-бірі тілмен түйреп те алған кезі болды. Жиналған жұртшылық та екі ақынның таудай талабына тəнті болып, əлсінəлсін қол соғып, қолдап отырды.

Екінші жұп – қыз бен жігіт айтысы батырлар мен ақындардың мекені Индерден келген əні мен əуені жарасқан Мейрамғали Əлғалиев пен Атырау айтысының қарлығашына айналып келе жатқан республикалық, халықаралық ақындар айтысының жүлдегері Фариза Жетпісбай арасында өтті. Қыз бен жігіт арасындағы сөз сайысында əзіл-қалжың, əлеуметтік жағдай көбірек сөз болды. Индерлік ақынның ақын қызға інісіне жар болуға ұсыныс тастауы көрермендердің көңілін бір көтеріп алды. Оған ақын қыз да тосылмай, «інің мықты болса өзі келсін» деп қарымта қайтарды. Бұдан соң жыр дүрмегін қыздырған айтыс Əділбек Қайыров пен Ерқанат Мақсотов арасында өтті. Бір ауылдан шыққан құрдас ақындар бірінбірі сөзбен қағытып, жарасымды қалжыңмен, əдемі айтыс көрсетті.

Жұбымен неке сі қиылып, саусағына сақина тағылмаған жігіт деп қарсыласын қағытқан Ерқанат:

…Жасы үлкен əйел алу мода боп тұр, Жаңалық емес қазір мұндай да тым… – деп құрдасын бір шымшып алды. Көп додада шыңдалған Əділбек те қарап қалмай: …Бойдақ болсам не бопты айналайын, Бұл менің жарымды іздер сəтім демек, – деп сөз тауып кетті.

Құрдастардың айтысы шынында да тартысқа толы болды. Айтыс болған соң əзіл-қалжың, елдік мəселелер де айтылады, ол ақындардың шеберлігіне байланысты. Халықтың қолдауы да соның бір айғағындай көрінді. Сөз додасына жүрек жұтқан, өзіне де, сөзіне де сенімі кəміл ақындар шығады. Осы айтыстың ерекшелігі сол, тек үш сағат бұрын аяқасты қосылып, сахна төріне тəуекелмен озған екі ақын болды. Олар – облыс ақындарының ағасына айналып үлгерген, Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының ұстазы Өнербек Дəулекенов пен талантты ақын, қалалық айтысқа алғаш рет қатысып отырған Жанаргүл Оралқызы.

 – Айтысқа үш күн қалғанда қатысқан айтыскер мен үш сағат қалғанда қосылған айтыскердің айтысы қандай болатынын бірге тамашалайық, – деп, жүргізуші Шалқарбай Ізбасаровта көрермендерден қолдау күтіп, ақындарға сəттілік тіледі.

screenshot 3 4

Бұдан соң Абылай Смағұлов пен Салауат Кəрімұлының арасындағы тартысты айтыс та көрермендерді ерекше разы қылды. Жас ақындар бəсекесі белгілі ақын, марқұм Кəдірбай Жолаевтың немересі Батыржан Кəдірбай мен айтыскер ақын Сырымбек Сəрсенбаевтың шəкірті Ғалымбек Мұстафаның арасында жалғасты. Қазақта «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Батыржан бүгінде Астана қаласындағы «Шабыт» университетінің айтыс мамандығында оқып жатқан облыстағы жалғыз айтыс кер ақын. Аманжол Əлтаев, Дəулеткерей Кəпұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Еркебұлан Қайназаровтай тəжірибелі ақындардан тəлім алып жүрген ол жақында ғана Орал қаласында өткен аймақтық айтыста үшінші орынды иеленді .

Мұның алдындағы айтыстардың бірінде Батыржан мен Ғалымбектің жолы түйіскенмен, сахнадағаы техникалық себептерге байланысты айтыс болмай қалған екен. Бұл жолы сол айтыста айтылмай қалған əңгімелері болса керек, біраз тақырыптың басын қозғады. Томарлы сахнасында бұрынсоңды өтпеген жас ақындар айтысы кешкі сағат сегізге таман мəресіне жетіп, қазылар алқасының шешіміне де кезек келді. Осы арада ел алдында сөз өрнектеген ақындар кезектесе əн арнап, жырдан шашу шашып, көрермендердің көңілін сергітіп алды. Ал, қазылар алқасының мүшесі Шынарбек Қабиев айтысты ұйымдастыруға мұрындық болған Шалқарбай Ізбасаровқа ерекше алғысын білдірді. Тартысты өткен сөз додасының қорытындысында бас жүлде Əділбек Қайыровқа бұйырды.

lkk

Ал, жүлделі бірінші орынды Ғалымбек Мұстафа, екінші орынды Батыржан Кəдірбай мен Ерқанат Мақсотов, үшінші орынды Фариза Жетпісбай мен Абылай Смағұловтар иеленді. Өзге ақындар арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сый-сияпаттар табысталды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button