АУЫЛҒА РУХАНИ НҰР ТӨККЕН

«Алға» халық театрының құрылғанына – 40 жыл
Алпысыншы жылдардың басында облысымыздың әр ауылында халықтық театрлар құрыла бастағанын аға буын ұмытпаған шығар. Бүгінде сол театрлардың бар екенін көпшілік білмейтіні де анық. Қырық жыл бойы қоғамдық негізде жұмыс жасаған театрлардың әлі де жоғалмай, сол күйінде сақталып жұмыс жасап келетініне таңдануға болады. Солардың бірі кезінде бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанып, кеңес үкіметі елдері театрлары қатарынан суырылып алға шыққан «Алға» театры еді.

Табанынан таусылып театр құрған…

Жайық өзенін жағалай орналасқан Махамбет ауданындағы «Алға» халық театрының құрылғанына биыл 40 жыл. Көпшіліктің көңілінде қалған театрдың іргетасы жарты ғасыр бұрын, 1963 жылы қаланған едi. Алайда, Қазақ КСР Мәдениет министрлiгiнiң аудандық мәдениет үйiнiң көркемөнерпаздар үйiрмесiне белгілі журналист қаламгер Т.Ысқақовтың «Дала дүбірі» атты қойылымымен «Халық театры» атағын беру туралы қаулысы 1973 жылы шығыпты.
Ауызекі тілде «театр құрылды» деп айту оңай болғанымен, өнер ұжымы бірден дайын күйiнде жасақтала салмады. Талантты жастардың басын қосып, сахнада тоғыстыру жолында жан аямай еңбек еткен Махамбет Оңдағани еді. Бүгінде бүкілодақтық, республикалық байқаулардың жүлдегері, КСРО Мәдениет саласының және халыққа білім беру ісінің үздігі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы атанған, жетпістің жетеуіне жеткен Махамбет Оңдағани театрдың негiзiн қалаушы, алғашқы режиссерi, әрi көркемдiк жетекшiсi саналады.
Ол әуелі бұрынғы Гурьев педагогикалық институтынан филология мамандығын бітіріп, Талдыкөл ауылына мұғалім болып орналасады. Кейін өзі туып-өскен Алға ауылына 1963 жылы келіп, драма үйірмесін қолға алған.
Режиссер бұл жайында естен кетпейтін мына бір күндерді әңгімелеп берді: «Қамыскүркеде тұрған кезімізде кейбір дастанды анам маған түгелдей оқып беретін. Кішкентай кітапшада жарық көрген «Ақбөпенің» әсер еткені соншалық, бұл дастанды өзім қайталап оқып жүретін едім. Трагедия қос ғашықтың бір-бірімен қосыла алмауымен аяқталады. Мектептен бос уақытта күн-түн демей, дастанның сахналық нұсқасын жасап, Құсиын ағаммен ақылдасып, әлгі «Ақбөпені» драмаға лайықтап жазып шықтық. Марқұм мұғалім Бәшер Қонысов екеуміз сол кездегі Балықшы ауданына барып «Ақбөпе» дастанын қоюға рұқсат алып келдік. Келсек, мектепте алдын ала бөліп қойған рөлді сомдайтын қыз-жігіттер күтіп отыр екен, сол жерден түн ортасында дайындыққа кірісіп кеттік».

Алғашқы асулар, ілкі қадамдар

Алпысыншы жылдардың басында өнер ұжымын жас, әрi бойында қайрат-жiгерi тасыған жаңа режиссер өз қолына алады. Мектеп мұғалімдерінен құралған драма үйірмесінде Иса Байзақовтың «Ақбөпе» дастаны алғаш сахналанды. Соғыстың ауыртпалығын тартқан ауыл адамдары клубқа қарай ағылып, көңілдегі мұңын бір сәтке де ұмытып, рухани сусындап қалған еді.
Режиссердiң өлкенің мәдени тарихында қалған тағы бiр үлкен еңбегi — театр ұжымының 1963 жылы Бердібек Соқпақбаевтың «Бозтөбеде бір қыз бар» пьесасын қоюы еді. Сонда ауыл көрермендерi көркемөнерпаздардың актерлiк шеберлiгiне қатты сүйсiніп, ризашылықтарын жаудырып, осындай біраз қойылымның дүниеге келуі үшін өздері де үйдегі әшекей бұйымдары мен әсем киімдерін «өнерпаздар кисін» деп клубқа алып келген.
Махамбет Оңдағанидың кезекті қойылымын сахналау үшін негізгі кедергі келтіргені – қыздардың рөлі болды. Өйткені, ауылдағы түрі келісті бірен-саран қызды ата-анасы клубқа жібермейтін. Көпшілігі – он алты-он жетідегі қыз балалар. Махамбет өрімдей жас қыздарды актерлік өнерге бейімдеп, кейде жас келіншектерді де ата-енесінен рұқсат алып, дайындыққа шақыртқан. Кейде рөлдерді сомдайтын кейіпкерлерді таба алмағанда өзінің Ғани, Сағи, Далабай, Дәурен есімді ұлдарын да қатыстырған.
Махамбет Оңдағанидың айтуынша, ол кезде ауылдағы мектепте он үш мұғалім қызмет еткен. Оның ішінде әйел екеу болған. «Алға» театрының қойылымдарындағы әйел бейнесін сомдап жүргендердің бірі – биология пәнінің мұғалімі Зәмзия Мұхамбетова. Ол сәбилі болғандықтан, кейінгі уақыттарда рөлдерді сомдауға қарсылық білдірген. Бірақ, орыс тілінен сабақ берген мұғалім, жұбайы Есен Сарқұлов дайындыққа, қойылым уақытында бірге келіп, баланы жылатпай, көтеріп күтіп тұратын еді. Олардың осындай ерлікке пара-пар өнерге берілгендіктерін көріп, күн демей, түн демей жұмыс жасауға, ізденуге тура келіпті.

Табысты жылдар

Шалғай жатқан ауыл-ауылды аралап, гастрольдiк сапардан табысты оралған театр ұжымын ауыл тұрғындары сый-құрметпен күтiп алып, олардың әр жаңа қойылымына үлкен сеніммен қараған. Қ.Бәйсейітов, Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» қойылымы алғалық өнерпаздарды он жылдан кейiн де биiк белеске шығарды.
Театр ұжымы гастрольдік сапарда өнер көрсетумен қатар, «Самал» мәдени-үгіт тобын құрып, ауыл адамдары арасында біраз іс- шаралардың өтуіне де ұйытқы болған.
Театр жылнамасында осы бiр қоғамдық іс те ерекше орын алады. Тоқырау жылдарында театр шығармашылығы бiр сәтке де тоқтамады. Қайта бұрын айтылмайтын тақырыптар қозғалып, жаңа бiр дәуiрдi бастан кешiрдi.
Бүкiл ғұмырын ауыл театрына арнаған әртiс, әрі драматург, әрі режиссер, әрі ұстаз атанған Махамбет Оңдағани театрдың қырық жылдығы қарсаңында өзі бастан кешкен оқиғаларды, мәңгі ұмытылмайтын естеліктерді айтып, бізбен осылайша сырын бөліскен еді.
«Елу жылда – ел жаңа» демек-шi, театрдың жарты ғасырлық ғұмырында әртiстердiң бiрнеше буын өкiлдерi де ауысты. Сол шақтан берi қырықтан астам спектакль сахналаныпты. «Абай жолы» эпопеясы желісінде «Әнді сүйсең, менше сүй», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» повесі бойынша «Ата, атажан», Махамбеттің 200 жылдығына орай «Өзекті жанға бір өлім», «Мұқағали мұңы», «Дариға, домбыраңды берші маған», А.Макоеноктың «Трибуналы», М.Шахановтың «Сенім патшалығы», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» спектакльдерін және балаларға арнап Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесін», А.Хангельдиннің «Кереметін» де сахналаған.
Арасында комедиялық жанрдағы қойылымдар да бар. Академиялық театрларда ғана қойылатын, тіпті ол кезде бірде-бір аға театрлар қоймаған М.Әуезовтің «Қарагөз» атты кең тынысты спектаклiн де шама-шарқыларынша сахналап көрген. Сондай-ақ, Ф.Бөлековтің «Күйеу іздеген кемпірлер» мұңды комедиясы да көпке ой саларлық қойылым болды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Алға селосы,
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз