
Атырауда «Жайдарман» ойындарының жаңа маусымашары өтті
Атырау қаласында әзілді серік еткен жастардың басын қосқан «Жайдарман» ойындарының жаңа маусымашары өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Шараны облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қозғалысының АОФ ұйымдастырды.

Кешкі бағдарламаға өңірдің әр ауданынан келген 9 команда қатысып, көрерменге өз өнерлерін ұсынды. Қатысушылардың барлығы – бұл салада алғаш бақ сынап жатқан жас әрі болашағынан үміт күттіретін жайдарманшылар.

— Атырау облысының аудан-қалаларынан жиналған командалар облыстық және қалалық лигаларға жолдама алмаққа өз өнерлерін көрсетті. Шара гала-концерт форматында өтті. Бұл — сахнада алғаш рет өнер көрсетіп тұрған жас жайдарманшылар үшін тәжірибе алмасуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған маңызды алаң, – деді облыстық жайдарман ойындарының бас редакторы Жасұлан Сапаров.

Жаңа маусымның ашылуымен дәстүрге айналған бұл басқосу атыраулық көрермен үшін ерекше маңызға ие. Биылғы маусымда бірқатар жаңашыл бағыт енгізілуде. Солардың бірі – алғаш рет құрылатын «Мектеп» лигасы. Бұл мектеп оқушыларының сахна мәдениетін меңгеріп, шығармашылық қабілетін шыңдайтын таптырмас алаң болмақ.

– Біздің командамыздың атауы – «Жас Орта». Атырау қаласының жастар ресурстық орталығынан келіп отырмыз. Жалпы бұл маусымашарда мектеп жасынан бастап ересектерге дейін қатысуда. Командамызда жас шектеуі жоқ. Өзім бұл ойынмен 5-6 жылдан бері айналысып келемін, – деді жайдарманшы Алпамыс Еділов.
Сонымен қатар маусым бойы тақырыптық фестивальдер, маусымдық кубок ойындарын өткізу жоспарланған. Фестиваль аясында жас жайдарманшыларға арналған авторлық сабақтар, кәсіби әзілкештермен кездесулер, редакторлық қаралымдар мен арнайы іріктеу кезеңдері ұйымдастырылды. Бұл үрдіс жастардың сахнада еркін сөйлеу, логикалық ойлау және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Шара соңында командаларға дайындық деңгейіне қарай облыстық және қалалық лигаларға жолдамалар табысталды.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ