ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕДІ…

Мәкәлім Қойшыбаев атындағы балалар саз мектебі базасында қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 49-шы қалалық «Жас музыканттар» байқауы өтті. Қатысушылар жыл сайын хор, скрипка секілді әртүрлі аспапта сынға түсті. Бұл жолы халықтық ұлт аспаптары таңдалды.

Музыка мектебінің басшысы Қуаныш Кипиевтің айтуынша, конкурс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тапсырмасы бойынша өткізіліп, «Музыка мектебін бітірген түлектер кейін музыка колледжінде оқуын жалғастырады», – дейді ол. Қалалық байқауда Дамбы, Атырау, Еркінқала саз мектептерінен барлығы 66 үміткер бақ сынады.

Ермұрат Үсеновтің «Түрік әлемі», Абылдың «Нар ату», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлерін нақышына келтіріп орындаған Әлихан Нығимов №33 мектептің музыка бөлімшесінде 9-сыныпта оқиды. «2012 жылы Қазан қаласында өткен халықаралық «Виктория» фестивалінде жеке орындауда ІІ, дуэт бойынша І орынды иелендім. Ал, былтыр «Сәлем, Астана!» атты республикалық байқауда Гран-при жүлдесін жеңіп алдым» дейді жас домбырашы. 

Әділқазылар алқасы шешімімен өнер көрсеткен жеті ансамбль де жүлделі орындарға қол жеткізді. Соның ішінде І жүлдені Қайыршақты балалар саз мектебінен домбырашылар ансамблі мен ұлт-аспаптар оркестрі өзара бөлісті. Ал, жекелей алғанда, қатысушылардың 14-і – бірінші, бесеуі екінші орындарды иемденді. Енді олар 25-26 ақпан күндері өтетін облыстық сайысқа қатысады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Сурет автордікі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз