
Атырауда Ұлттық кітап күні аталып өтті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл тұңғыш рет аталып өткелі жатқан «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай 16-23 сәуір аралығында әр күннің тақырыптық айдары берілген кітап апталығын өткізуді ұсынған болатын. Осы орайда Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы бұл айтулы күнді ерекше мазмұнмен қарсы алды.

«Мәртебелі кітап» апталығы аясында өткен «Кітап – рухани қазына» атты ашық аспан астындағы мерекелік шара – ұлт руханияты мен оқырман мәдениетіне арналған шынайы құрметтің көрінісі болды.
Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық кітап күнін мазмұнды түрде атап өту туралы бастамасын қолдау, кітап оқуға қызығушылықты арттыру, оқырман мен кітапхана байланысын нығайту, сондай-ақ кітап арқылы ұлт руханиятын, әдебиетті, тарих пен мәдениетті дәріптеу.

Шараға қазақ руханиятының танымал тұлғалары – кітапхана жанашыры, жазушы әрі журналист Жаңабай Төлеген, қаламгер Болат Дәулетов, көрнекті өлкетанушы-жазушы Таңатар Дәрелов, меценат әрі жазушы Жалғасқали Дүтмағанбетов және жазушы Хайдар Байзақов сынды әдебиет өкілдері арнайы шақырылып, оқырманмен еркін сұхбат құрып, өз шығармашылығы жайлы бөлісті. Аталмыш іс-шара соңында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Сара Ізмұханбетова сөз сөйлеп, кітаптың мәңгілік құндылық ретіндегі орнын, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтудың жолдарын атап өтті.



Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ