Тұңғыш физиктің ТЫҢ ДҮНИЕСІ

463132f9 f2a4 4c3f 9935 c4d6f2900c3c Мәдениет

Биыл сәуір айының орта шенінде Алматыдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының ғылыми кітапханасынан өз зерттеуімнің басты құндылығы іспетті жаңалыққа кезіктім. Әдейілеп барған соң ерінбей-жалықпай іздедім. Бірер бөлімнің есігін қағып жүріп, қазақ тіліндегі әліпбилік каталогты парақтауға тура келді. Оған да көніп, картотекадан «Қазақ мектебінде физика мен жаратылыстану (Электронды ресурс)» деген жазуды көзім шалғанда, қуаныштан жүрегім жарыла жаздады.

Латын тілінде «Qazaq mektebinde pijzike men çaratьlьs tanuv» деп жазылған. Қазақ тілінде латын әрпімен тұңғыш рет жарық көрген бұл ғылыми еңбектің авторы – Ғаділше Аяпбергенов. Бар болғаны 24 жасында физика саласында ғылыми монография жазған оның тағдыры жөнінде тереңірек зерттеу жасағаныма 10 жылға жуықтап қалғаны рас. Жасындай жарқылдап тұрған жігіттің ғұмыры келте болмағанда, қазақ ғылымындағы көрнекті тұлғалардың бірі болуы да ғажап емес еді.

Аңғарғаным – туынды тек бір автордың маңдай тері емес екен. Аты айтып тұрғандай, қосарланған дүние. Жаратылыстану тақырыбын Сарбатыров деген автор жазыпты. 1934 жылы «Қазақстан» баспасынан Қазақстан халық ағарту комиссариатына қарасты Қазақ білім зерттеу педагогикалық институтының тапсырысымен жарық көрген бұл еңбектің жауапты редакторы – халық комиссарының орынбасары С.Баймақанұлы деген азамат екен. Қызылорда қаласындағы Казгосиздаттың («Қазақстан» мемлекеттік баспасының қысқаша атауы) №1 мемлекеттік баспаханасынан 3200 данамен шыққан кітапта «жауапты редакторы Мұстафин, техникалық редакторы Д.Бекбауылов» деп көрсетілген. Артқы мұқабада бағасы да жазылыпты, 1 сом 40 тиын.

Небәрі 50 беттен тұратын ғылыми еңбектің 30-ыншы бетке дейінгісі «Физика» пәніне арналған. Оның «Кірісу» («Кіріспе») бөлімінде автор: «…1933 жылғы институт экспедициясы үлкен іс бітірді… Бұл кітапша бұл жөндегі біздің бірінші адымымыз…» дейді. Қадау-қадау 6 тақырыпқа бөлініп талданған шағын ғана жинақтың «Жаратылыстану» бағытындағы Сарбатыровқа тиесілі бөлігі 31-46 беттердің аралығын ғана қамтиды. Ол 5 тақырыпқа бөлінген.

Ғаділше Аяпбергенұлы талдаған 6 тақырыптың атауын әдейілеп жазып алдым, одан арғысына рұқсат жоқ. Кіріспеден соң «Физикалық жасама құралдар мәселесі» деп аталатын тақырыптан әрі «Таразылар», «Ньютонның заңдары», «Ньютонның бірінші заңы», «Бу турбені» деп аталады. Мұның ішінде «Ньютонның бірінші заңы» тарауы «Стақан суы мен бір ширек қағаз», «Бес тиын бақыр мен стақан», «Арбалар», «Күршек (Kyrsek) пен доп», «Пантан», «Су турбенінің үлгісі», «Пьюрометр» деген тақырыпшаларға бөлінген. Ал, «Бу турбені» тарауын автор «Электр», «Ротыр», «Үйкелмелі көпшік» және «Тарақ» деп талдайды.

Әрине, ол саланың маманы болмаған соң, біздің физика ілімінің қағидаттары мен заңдылықтарынан хабарымыз аз. Десек те, осының бәрін талдап жазуға физика саласында сауат-білімі терең, оның ереже-талабынан мол хабары бар, білгір адамның ғана батылы барса керек. Оның үстіне Кеңес өкіметі орнаған соң басталған сан түрлі кесапат-науқандардан аман шығып, түкпірдегі ауылдан Алатау баурайына арман қуып барған қаратаяқтың мұнша білімдарлығына қайран қалмасқа амал жоқ. Уыздай ғана жігіт сол заматтан екі жарым ғасырдай бұрын ашылған ағылшынның қиялилау оқымыстысының тұжырымына бой ұрған шақта ауылдағы құрбылары әлі сауатын толық ашып та болған жоқ еді. Ғаділшенің тұңғиық терең сауаттылығына осы жерден тоқтам жасауға болады.

1934 жылдың 19 шілдесінде өндіріске тапсырылып, 16 тамыз күні басуға қол қойылған пышақтың қырындай ғана кітапша-монографияның құндылығы сол, бұл – кәсіби тұрғыда ғылыми дәлелдермен зерттеп жазылған тұңғыш ғылыми еңбек. Әлбетте, бұлай айту үшін біз де біраз іздендік. Сөйтсек, Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Х.Досмұхамедов ұйымдастырған Білім комиссиясының тапсыруымен алаштың ардақтысы, Жымпитыдан шыққан әдіскер математик Кәрім Жәленұлы І және ІІ-басқыш мектептеріне арналған «Физика», арифметика оқулығының екінші бөлімін («Есептану жобасы» және «Есептану. Бөлшек сандар») жазып, оларды 1923 жылы Ташкенттен бастырған екен. Педагог ретінде ана тіліндегі оқу құралдарын дайындауға Кеңес өкіметінің елең-алаң шағында көп еңбек сіңірген К.Жәленұлының маңдай терін ешкім де жоққа шығармайды. Әйтсе де, ол Воронеждегі ауыл шаруашылығы институтын ғана бітірген маман болатын.

Ал, Ғаділше Аяпбергеновтың оған қарағанда физикадан ілім-ғибраты мол. Өйткені, Ғаділше Тайсойғанда «Макаренко коммунасының» негізін салған әкесі Аяпберген Науановтың ақыл-кеңесімен барып, Қазақ мемлекеттік университетіне физика-математика мамандығы бойынша 1929 жылы оқуға түскен. Әкеден бағыт-бағдар алуы тегін емес, өйткені ол да өзі ашқан мектеп кешендерінде оқулық жоқ кезде «төте жазу» үлгісімен физика, математика, жаратылыстану тәрізді оқулықтарды өзі құрастырған көзі ашық әрі оқымысты жан болып еді. Аталған оқу орны кейін «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты (ҚазПИ)» болып өзгеріп, соның дипломын 1932 жылы алған Ғ.Аяпбергенов өз ұстаздарының ұйғаруымен институтқа оқытушы-ассистенттікке қалдырылады. Сонда жүріп, республика Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің ерекше қадағалауымен қазақ тілінде оқулық жазатын авторлар, редакторлар және аудармашылар тізіміне енгізілген. Мұның бәрі Алматыдағы Орталық архивте қаттаулы.

Сол дәуірдегі ел басқарғандардың дені халқының болашағын ойлаушы еді ғой. «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін бойтұмардай жадына сақтаған Темірбек Қараұлы, Құдайберген Қуанұлы (Жұбанов) тәрізді ел десе еміреніп тұратын арыстар жасындай жалындап тұрған Ғаділше Аяпбергенов, Батырбек Бірімжанов, Мұқаметжан Қаратаев, Темірғали Нұртазин, Ісмет Кеңесбаев, Ордабай Ағыбаев, Төлеген Тәжібаев, басқа да көптеген қазақ жастарын Москва мен Ленинградтың жоғары оқу орындарына білім тереңдетуге жіберіп, оларға қиын кездің өзінде қазынадан шәкіртақы төлеген. Сол топтың ішінде жасын-ғұмыр иесі, атақты жазушы Саттар Асқарұлы Ерубаев та бар еді. А.Бубнов атындағы Ленинград мемлекеттік университеті жанындағы Физика институтының аспирантурасына түскен Ғаділше 1935-1936 жылдары сол университеттің аспирантурасында оқыған Саттар Ерубаевпен жыл бойы бір бөлмеде тұрыпты. 1930-1933 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтын оқып бітірген С.Ерубаевқа Нева жағалауындағы сызды қала әбден таныс болатын. Араға екі жыл салып оралғанда, көкірек ауруы меңдеген Саттар Алматыға қайтуға мәжбүр болады. Бірақ бірге тұрған бір жыл уақыт Саттар мен Ғаділшені айнымас досқа айналдырғанын біз кейін атақты экономист-ғалым Серғали Толыбековтің естелігінен оқыдық.

whatsapp image 2021 12 07 at 09.50.15

Ленинград әскери трибуналының Ғ.Аяпбергеновтің қылмыстық ісінің күші жойылып, ақталғандығы жөніндегі 1958 ж. 24 қыркүйектегі №1198 анықтамасы.

Әрине, ғылымның математика, физика, химия салалары бойынша маңызды ғылыми еңбектер жазған Кәрім Жәленұлынан біз физика саласын қызғанып тұрған жоқпыз. Алайда, әр нәрсенің өз жолы мен реті бар. Демек  Тайсойған құмының перзенті, атақты Аяпберген Науановтың үлкен ұлы Ғаділше Аяпбергенов «қазақтың тұңғыш кәсіби физик-ғалымы» болғанын әлі де мошқай түскен абзал.

Керек десеңіз, бұл тек Атырау өңірі емес, тұтас батыс өлкесі үшін зор мақтаныш екенін атап көрсеткен жөн. Өйткені, Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Сафи Өтебаев сынды әр саланың ғылыми негізін салған абыздар шоғырын ұлттық физика ғылымының іргетасын қалаған Ғаділше Аяпбергеновтің есімі одан әрі биіктете түспек.

Бір ғажабы, Ғаділше – өзін өзгеден биік қоймай, қарапайым ғана өмір сүрген жан. Өйткені, ол жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ интеллигенциясының жарық жұлдыздарының бірі болатын.

…Кейбіреу өзін мақтап былжырайды,

Шамаңа өлшеп сөйлесең нең құрайды.

Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді,

Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?! – деген Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзін ұстанған Ғаділшедей ғалымды томырық саясаттың сұмпайы белсенділері 1937 жылғы 4 желтоқсанда тұтқынға алып, өзі құралпы қылқандай қазақ жастарымен бірге Ленинград түрмесінде 1938 жылдың сәуірінде оққа байлап жіберді. Қазір бізге оның жерленген қорымы да мәлім, тек соның басын қарайтудың қамын ойластырған жөн.

Енді Ғаділше жазған тың дүниені тәуелсіздіктің ұландары терең зерттеп, физика іліміндегі озық жаңалықпен ұштастыра білсе, ұрпақтар сабақтастығы дегеніңіз сол болар, сірә!..

Назарбек ҚОСШИЕВ,

документалист-зерттеуші

Суреттердің түпнұсқасы Алматы қалалық тарихи-өлкетану музейінде сақталған

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Мақсат Тәж-Мұрат

    Өзі қол қойып отырған газетке үзбей мақала жазып отыратын редакторды ойыншы-жаттықтырушыға теңейді әдетте. Назарбек сол бағытқа бет алған екен. Оң болсын , әріптес !
    Оқып отырып, зерттелмей, тасада қалып кеткен талай мықтыларымыз әлі де көп-ау деп ойладым. Біздің физик ғалымдарымыз өз саласының тарихына мән бермейтінін қарның ашады. Егер Оралдың тумасы Кәрім Жәленовтің де Гурьевте жұмыс жасап жүргенінде ұсталып, айтылғанын ескерсек, ұлттық физика саласы Атыраумен тікелей байланысты екен. Тақырыпты автор одан әрі тереңдетеді деп ойлаймын. Бір ғана уақ ескертпе : оқулық кітапша қалай болғанда да ғылыми еңбек , соның ішінде монография ( іргелі зерттеу ) бола алмайды. Қалған жағы дұрыс.