Атырауда Шәмші Қалдаяқов әндерінің кеші өтті
Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында қазақ музыкасының алтын қорына айналған Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен құралған «Ән-Аға» атты кеш өтті. Кеште Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония жанындағы Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ұлы композитордың мәңгілік әуендері орындалып, көрермендерді рухани ләззатқа бөледі.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – көрермендердің тек тыңдаушы ретінде қалмай, сүйікті әндерін орындаушылармен бірге қосыла шырқап, шараның шырайын келтіргені болды. Шәмші Қалдаяқовтың әр әнінің тарихы туралы қысқаша баяндалып, концерттік бағдарламаның мәнін арттыра түсті. Бұл шығармалар тек әдемі әуен ғана емес, әрқайсысы қазақ халқының өмірі мен мәдениетінің көрінісі ретінде тыңдарманның жүрегіне жол тапты.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Нұғмаров, Мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова, Мәдениет саласының үздіктері Назым Шаймарданова, Венера Машқалиева, сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаттары Меруерт Уәли, Әсет Әлиев, Айбар Ғаниұлы, Жанат Ермағамбетова, Медет Қарамырза, Азамат Ізниев, Інжу Қуаныш сынды талантты әртістер қатысып, кештің көркін қыздырды.
Бұл концерт Шәмші әндерінің мәңгілік өмір сүруін, олардың әр буынның жүрегінен орын табатынын дәлелдеген шара болды. Атырау қаласында өткен осындай мәдени кештер келешекте де жалғасын табатынына сенім мол.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор