
Атырауда қуыршақ театры ашылады!
Атырау қаласында қуыршақ театрын ашу жоспары қолға алынды. Бұл бастама — Атырау Жастар театры ұжымының жаңа шығармашылық бағыты.

Атырау Жастар театрының директоры Әміржан Нұрланұлының хабарлауынша, аталған өнер ордасының көркемдік жетекшісі Мұқанғали Хамидоллаұлы Маңғыстау облыстық қуыршақ театрына арнайы іссапармен барып, әріптестік кездесуге қатысты. Кездесу барысында театр директоры Фарида Момбекқызымен пікір алмасып, театрдың ішкі жұмысы, қойылымдар дайындау үрдісі, көркемдік бағыттары туралы толық мәлімет алды.
— Бұл сапар біздің алдағы жоспарларымызға тың серпін берді. Қуыршақ театры — балалардың рухани дамуына үлкен әсер ететін маңызды өнер саласы. Сол себепті Жастар театры жанынан қуыршақ театрын ашуды көздеп отырмыз, — деді Әміржан Нұрланұлы.

Алдағы уақытта Атырау Жастар театры мен Маңғыстау қуыршақ театры арасында шығармашылық байланыс орнап, бірлескен жобалар жүзеге аспақ. Бұл бастама балалар мен ата-аналар үшін үлкен қуаныш болатыны да сөзсіз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА