Атырауда Мұхтар Шахановқа ерекше құрмет көрсетілді
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ, ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ, АҚЫН-ДРАМАТУРГ МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ 80 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫ СӨЗ ҚҰДІРЕТІНЕ БАС ИЕТІН ҚАУЫММЕН ЖҮЗДЕСУДЕН БАСТАЛДЫ. МАХАМБЕТ АТЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА АҚИҚАТТЫҢ АҚЫНЫНА ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ.
Оқырманмен жүздесу ақынның шоқтығы биік мұраларынан құралған «Сəлем, ұлы Жайығым» атты театрландырылған прологымен ашылды. Кеш қонақтары ақынның өрімі бөлек, бейнелі сөзді жыр шумақтарын сүйсініп тыңдады. Əсіресе, Мұхтар Шахановтың:
Сəлем, ұлы Жайығым!
Толқынына кім салмады қайығын. Кім шертпеді саған келіп шаттығын, Кім жумады саған келіп айыбын, —
деген жыр жолдары оны Атыраудың өз перзентіне айналдырып жіберді.
Абыз ақынның шығармашылық кешіне арнайы қатысқан облыс əкімі Серік Шəпкенов мерейтой иесін құттықтап, берекелі ғұмыр мен шығармашылық шабыт тіледі.
– Біз бүгін жырларын бүкіл Қазақстан жатқа оқыған ақын, Желтоқсан жылнамасынан роман-эпопея жазған жазушы, əндерін тұтас ел болып шырқаған композитор, қазақ тілінің қамы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп күрескен қайраткер Мұхтар Шахановпен кездесіп отырмыз. Мұхитқа құятын өзен секілді табиғат сыйға берген бар талантын, азаматтық асыл қасиетін жоғары бағалап, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «Бұл кісі өте адал, шыншыл, ұлтжанды адам. Мен Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым» деп өте жоғары баға берді. Бұдан артық қандай баға беруге болады?! Бүгінгінің батыры қандай болады десек, сол сөздерде анықтамасы тұр емес пе?! Жыр сүйген, сөз қадірлеген Атырау жұртшылығының атынан тағы да «Қош келдіңіз!» айтамын, асыл аға! Биігіңізбен сүйсіндіріп, тереңдігіңізбен ойландырып, ортамызда əрдайым жүре беріңіз! — деді Серік Шəпкенов.
Расында, еліміз үшін көп еңбек сіңірген, ұлттық мəселелерді дер кезінде шешуге ұйытқы болған, қазақ тарихында жəне əлемдік əдебиетте өз орны бар Мұхтар Шахановқа атыраулықтардың қошеметі ерекше болды. Барша көрсетілген сый- құрметтен көңілі көкке жеткен қайталанбас тұлға Мұхтар Шаханов Атырау жұртына жыр шумақтарымен алғысын білдірді.
Əдеби-сазды шарада ақынның сөзіне жазылған «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дəурен», «Мен саған ғашық едім» атты əндерін Н.Жантөрин атындағы филармония əншілері шырқап, көрермен көңілін асқақтатты.
Шара соңы Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстықғылыми-əмбебапкітапханасының кітап көрмесіне ұласты. Театр фойесіндегі көрмеде ақынның кітаптары мен ақын
жайындағы зерттеу мақалалары қойылды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ