«ЖҰЛДЫЗ ЖАУҒАН ЖАРЫҚ ТҮН»

ақын Бауыржан Халиолланың жыр кеші осылай аталды

1  мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні Махамбет атындағы қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, Айтыс ақындары және жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, айтыскер ақын Бауыржан Халиолланың «Жұлдыз жауған жарық түн» атты жыр жинағының тұсаукесері мен шығармашылық кеші өтті.

Шындықты тура айтатын, аузын ашса, алдымен ақиқаты, одан кейін өлеңі өрілетін ақын кітабының тұсаукесеріне атыраулық көрермен көп жиналды.

Екі сағат жарым уақытқа созылған шараны облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ашты.

– Мен төрт жыл жарым Батыс Қазақстан облысында жұмыс істеген кезімде көптеген танымал адамдармен таныстым. Олардың бәрі дерлік менің есімде, көпшілігімен байланыс жасап тұрамын. Қазақта «Бір күн танысқа мың күн – сәлем» демей ме?! Мен өзім – ақынжанды адаммын. Сондықтан, өнерді түсінетін, оның қадір-қасиетін ұғатын жандарға жақынырақ болуға, қолымнан келсе көмектесуге дайын жүремін. Соның ішінде, Бауыржан Халиолла екі жағдайда есімде қалды. Біріншісі оның таланты болса, екіншіден, оның мінезі ерекше баурады. Әрине, тура сөзді көп адам жақтыра бермейді. Бірақ, Бауыржанға сол турашылдық жарасып тұрады. Әр сөзінің астарында шындық, елге деген жанашырлық бар. Турашылдықты, шыншылдықты жырға қосып айтатын мұндай талант кез келген адамға берілмейді. Қандайма сын айтылса да, осы мінезіңнен айныма, сонда ғана сен өз биігіңде қаласың, – деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.

Кештің өтуіне мұрындық болған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов және  Бауыржанның ұстазы, белгілі ақын  Жүрсін  Ерман жазба ақындықпен бірге айтыс өнерінде де жарқырай білген Бауыржан Халиоллаға  арнаған өлеңдерін оқып,  жылы лебіздерін арнады.

Айта кетсек, бұған дейін аталған кітаптың тұсаукесері Алматы және Орал қалаларында өткен екен. Кешті жүргізген ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, еліміздің оңтүстік астанасы мен өзі туған жерінде де ақынға деген үлкен құрмет көрсетілген.

– Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов сынды біртуар ақындардың үлкен деңгейде мұндай кеші өтіп көрмеген шығар. Өзге өңірдің тумасы болсам да, Атырауға келгенімде мұндай халықтың қошеметіне ие болуды, шынымды айтсам, өзімнен өзім қызғанып тұрмын. Себебі, мұндай кеш ұйымдастыруға ұлылардың қолы жетпеген. Ақындық жолдың ауырлығын да, қияметін де, бақытын да бір адамдай көріп жүрмін. Бірақ, Бақтықожа ағамның «Өзіңді іздейтін бір ағаңның барын біліп жүр. Жер басып жүрсем, сені қолдаусыз қалдырмаспын» деген сөзін қалай ұмытайын. Соның бір көрінісі, міне, осы кеш, – деген Бауыржан Халиолла атыраулық жұртшылыққа алғыс білдірді. Сонымен қатар, осы шараның ұйымдастырылуына зор үлес қосқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлына, Алтынбек Бұхарзаұлы бастаған мәдениет саласының барша қызметкерлеріне жүрекжарды сөздерін арнады.  Сондай-ақ, өз өлеңдерін оқып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Оралдық,  делегация атынан сөз алған ақындар Ақұштап Бақтыгереева мен Ғайсағали Сейтақ, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов Бауыржанның ақындық қырларына, осы өнердегі орнына тоқталды.

Ал, батысқазақстандық әнші-лер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, кештің сәні мен мазмұнын арттыра түсірді.

Нұрлан ҚАБЫЛОВ, Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз