
Атыраулықтар музейге саяхат жасады
Облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Музейге саяхат» атты тағылымы мол, мазмұны терең мәдени іс-шара өтті.

–Бұл шараның басты мақсаты – халыққа өнерді жақындату, музейді тек көрмелер өтетін орын емес, шығармашылықпен тыныстайтын орта ретінде таныту. Сонымен қатар біз қазіргі қоғамды экология мәселесіне бейжай қарамауға шақырып, қалдық материалдан жасалған өнер арқылы табиғатқа деген жанашырлықты арттырғымыз келді. Бүгінгі кешке белсенді қатысып, өз туындыларымен көрерменді тәнті еткен барлық суретші мен қолөнер шеберіне алғысымды білдіремін, — деді аталған музейдің директоры Төлеген Орынбасарұлы.
«Музейге саяхат» кешінде келген қонақтар түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, өнердің сан саласын көзбен көріп, қолмен ұстап көруге мүмкіндік алды. Витраж пленкасына сурет салу, саз балшықтан құмыра жасау, гобелен тоқу, зергерлік бұйымдар жасау, ұлттық киім үлгілерімен танысу, құммен сурет салу, портреттер бейнелеу, күміс, киіз, былғары, ағаш материалдармен жұмыс істеу сынды қызықты да танымдық жұмыстар жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ кеш барысында көрермендер «Жанданған картина» форматындағы театрландырылған көрініске куә болып, тарихи тұлғалар бейнесіндегі сахнагерлермен жүздесуге мүмкіндік алды. «Музейлік QUEST» ойындары мен витражды әйнекке сурет салу бойынша өткен сайыстарда жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Кеш қонағы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық көрмелерге қатысушы Дәуренбек Бекназаров заманауи синтездік графика бойынша шеберлік сағатын өткізіп, жастарға серпін сыйлады. Жиын аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына орай «Ait Gallery» негізін қалаушы Кенжебек Айтқожин және қолөнер шеберлері тұрмыстық қалдықтардан жасалған өнер туындыларын ұсынды. Бұл көрме арқылы көрермендерге қайта өңдеудің маңыздылығы мен табиғатты аялау идеясы насихатталды.

Кеш соңында музейдің шығармашылық шараларына белсенді қатысқан суретшілер мен қолөнер шеберлеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Өнер мен табиғаттың үйлесімі арқылы ұйымдастырылған бұл іс-шара әр адамның бойында шығармашылыққа, тазалыққа және қоршаған ортаға деген жауапкершілікке бастайтын құндылықтарды оятты.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ