Атырауда ашық аспан астындағы музей салынады
Атырау қаласы «Жұлдыз-3» шағынауданында орналасқан Атырау қаласының тарихы бастау алатын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі – Ақтөбе-Лаэти қалашығын сақтап қалу және өңірде туризмді дамыту мақсатында қалашық аумағын қоршау жұмыстары басталды.
Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының хабарлауынша, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов қалашықта ғылыми-жобалық құжаттама бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Басқарма басшысы облыс әкімінің қолдауымен жүзеге аса бастаған ауқымды жұмыстардың атқарылуын қадағалады.
Мердігер мекеме – «Тоныкөк-Құрылыс» ЖШС өкілі Сейілхан Мираш пен тапсырыс беруші Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевқа техникалық бақылаушының сын ескертпелерін назарға алып, жұмыстардың сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.
Айта кету керек, келесі жылдары бұл жерде қазба жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, тарихи орынға ашық аспан астындағы музей салу жоспарлануда.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ