«Атырау – АСЫЛ МЕКЕНІМ»
ОСЫНДАЙ АТАУМЕН АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ 382 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ КӨРКЕМӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТІ ӨТТІ. САЛТАНАТТЫ КЕШТЕ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАНАТ ӘЗМҰХАНОВ КӨРЕРМЕНДЕР МЕН ӨНЕРПАЗДАРДЫ ҚАЛА КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ.
– Қызылқоға ауданы – қазақы қасиет ұйыған, жауһар жыр өріліп, өнерге өріс ашқан, ақындары аруақты, билері білікті, әрідегі Асанқайғыдан бастап, берідегі талай сөз сүлейлері өз туындыларына арқау еткен аймақ. Облыстағы 7 аудан Атырауға қарап бой түзейді. Бүгінгі іс-шарадан да өнерпаздар рухани тұрғыда тәжірибе алмасып, мәдени қызметкерлер өзара біліктіліктерін арттыруға үлкен мүмкіндік алады. Қызылқоға ауданының атынан Атырау қаласы күнімен тағы да құттықтаймын! Қаламыз көркейіп, дами берсін, — деді Қ.Әзмұханов.
Мәдениет сарайында құтты мекен Қызылқоға өнерпаздарының өнерін тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды. Әсіресе, «Еспай» халықтық ұлтаспаптар оркестрінің (дирижеры Есет Махмут), «Ойыл аруы» бишілер тобының, халықтық «Қарабалиндер» отбасылық ансамблінің, «Жұлдыз-ай» үлгілі би ұжымының, қобызшылар ансамблінің, «Аманат» хорының өнерлеріне халықтың қошеметі ерекше болды. Ал, Бисұлтан Мұхтаровтың орындауындағы «Қызылқоға аймағы», Амандық Төлегенов пен Назира Шоқан шырқаған «Еділ-Жайық» әніне қосылған көрермендер бір серпіліп қалды.
Мерекелік бағдарламада Қызылқоға ауданының 120-дан аса өнерпазы вокал, хореография, дәстүрлі әндер бойынша өнер көрсетті. Мұндағы мақсат – жас өнерпаздардың шығармашылығына қолдау көрсету, оларды ұлттық рухта тәрбиелеу. Сондай-ақ аудан, қалалардағы мәдениет үйлері мен клубтарда шыңдалып жүрген жас дарындарды елге таныту және қала халқына мерекелік көңіл-күй сыйлау еді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА