Атыраудың үздік термешісі анықталды
Атырауда «Текті сөздің төресі — терме» термешілер байқауы өтті. Конкурсқа 15 термеші қатысты.
«Конкурс қазақтың көне дәстүрлі өнерлерінің бірі — термені насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Оған Д.Нұрпейісова атындағы халық музыка академиясы Атырау музыкалық колледжінің, Атырау медициналық колледжінің, музыкалық мектеп оқушылары мен қала колледждерінің студенттері, балалар бақшаларының тәрбиешілері қатысты. Ақындар танымал қазақстандық авторлардың туындыларын орындап, өз шығармаларымен таныстырды», — деді Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев.
Бас жүлдені Д.Нұрпейісова атындағы халық музыка академиясы Атырау музыкалық колледжінің студенті Аружан Ерімова жеңіп алды. Бірінші және екінші орынға осы колледждің студенттері Саят Құлшаев пен Алида Хуанова ие болды. Үшінші орынды Дамбы және Қайыршахты балалар музыка мектебінің оқушылары Дарын Жұмашев пен Айгерім Қуандықова өзара бөлісті.
Бұл конкурс «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтті. Оны «Жас өрен» қоғамдық бірлестігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.