Атырау облыстық музейі Астраханда көрме ұйымдастырады
Биыл күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 195 жыл толуына орай Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде танымдық шаралар басталып кетті.
Музей залында ұлы күйші өміріне қатысты көптеген құжаттар мен сазгер домбырасының көшірмесі сақталған. Ал басты жәдігер – Құрманғазы Сағырбайұлының ұзақ уақыт тұтынған дара ауыз мылтығы.
1849 жылы Тула қару зауытында соғылған дара ауыз мылтық – ұлы күйшінің ұзақ жыл серік еткен құралдарының бірі. Өмірі талас-тартысқа толы күрескер-күйші домбырасымен бірге от қаруын да қасынан қалдырмаған деседі. Бүгінде 2 ғасырға жуық тарихы бар мылтық облыстық музейдің аса құнды жәдігерлерінің қатарында сақтаулы тұр.
— Бұл мылтықты Құрманғазы атамыздың ұрпақтары ұзақ жылдар бойы сақтап келіп, кейіннен оны өнер қайраткері Қаршыға Ахмедьяровтар отбасына табыс еткен. Кейіннен Қаршыға Ахмедьяров музейге табыс етті,- дейді музей қызметкерлері.
Ұлы сазгер туралы аңызға бергісіз әңгімелер халық жадында әлі күнге жаңғыруда. Құрманғазы Сағырбайұлы батыстағы Бөкей Ордасында туғанымен, тағдырдың жазуымен сайын сахараны кезіп өткен. Маңғыстау түбегіне ат басын тіреп, кейбір жылдары Жетісу мен Сарыарқаны да қоныс қылған дала сазгері өзі жүріп өткен өмір соқпағын күймен жазып кеткендей әсер береді.
Гүлзада Ниетқалиева, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
— «Сарыарқаны» алайық, даланың кеңдігі, қазақ даласының ұлан-байтақтығы көз алдыңа елестейді. Құрманғазының күйлері Қазақстанның бүкіл географиясын көз алдымызға әкелетін ел шежіресінің тарихы, ел өмірінің айнасы деуге болады.
Атырау өлкесі даңқты жерлестерін зор мақтаныш тұтады. Күйші туған Еділ-Қиғаш өзені бойындағы аудан Құрманғазы атымен аталады. Сондай-ақ, облыс орталығында мәдениет сарайы мен көше бар. Ал орталық гүлзардағы алып ескерткіш ғасырда бір туатын хас талантқа деген бүгінгі ұрпақтың құрметінің айғағы. Биылғы мерейтой қарсаңында облыстық музей ұжымы Құрманғазы жерленген РФ Астрахань облысында көшпелі көрме ұйымдастырмақ.
Хорлан Смадияр