Астана төрінде – атыраулықтар

щdodo Мәдениет

Елордада мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған ауқымды шара өтті. Тұңғыш рет өткізілген мерекелік кешке Атыраудан барған сала қызметкерлері де қатысты.

Республика Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәдениет қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Мемлекет басшысы құттықтау хатында жаһандану дәуірінде қазақ мәдениетін сақтау өте маңызды екенін, оның дамуына үлес қосу сала қызметкерлерінің ортақ міндеті екеніне басымдық берді. Концерттік бағдарламаға өңірлерден келген 1 мыңнан астам музыкант қатысты.

Мерекелік кеште хор ұжымдары, оркестрлер, виртуоз аспапшылар, опера және халық әншілері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің «Ұлы дала әуені» атты одасын бірге орындады. Отандық мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған ауқымды туынды ұлттық және классикалық музыканы үйлестірген. Тыңдаушылар әсерге толы таныс әуендерді жаңа нұсқада тамашалай алды.

Министр Асхат Оралов өнер көрсеткен әртістер мен шығармашылық ұжымдардың жетекшілеріне Алғыс хат табыстады. Мұндай марапатқа Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің күйшісі Нұрлыбек Нәжекенов пен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі Ақмарал Кәдірбаева да ие болды.

Мерекелік шара аясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов бастаған атыраулық делегация Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында өткен конференцияға қатысты. Әр өңірден келген қызметкерлер өзара тәжірибе алмасып, шеберлік сыныптарында бас қосты. Шара «Ел бірлігі – Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асқан гала-концертке ұласты.

«Республика аумағынан жиналған шығармашылық ұжымдар мен үздік орындаушыларды жұмылдырумен қатар, елорданың бас сахнасында қазақтың ән-күйін заманауи үлгіде көрерменге паш ету – басты мақсат», – деді ұйымдастырушылар.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз