Армансыз ақтарыл, досым!
Кең байтақ Қазақстанның Оңтүстігінің тумасы мені Батыстың бозбаласы Нұрыммен 1982 жылы ару Алматы табыстырды. Біз сол кездегі КазГУ-дің журфагіне арман қуып келген албырт жастар едік. Үшеуміз де әскер қатарында болып, шыңдалып келгендігімізден бе, әлде жатақхананың екі бөлмелі секциясының үш адамдығына бірге орналасқандығымыздан ба, болмаса жүрегіміздің жақындығынан ба, Шығыстың баласы Сайранбек үшеуміз жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Басқалар «Үш ноян» деп атайтын бізді.
Журфак шығармашылықпен «шалықтаған» жастар бас қосатын факультет болғандықтан курстастарымыздың арасында сыраханада саптаяқты ұстап тұрып, арқаланып өлеңін оқитын ақындар да, түн жамылып қалам сүйкейтін прозашылар да, апталап, айлап думандатып кететін сал-серілер де аз емес еді. Осылардың ішінде бойына мұның бәрін жинаған бірен-саран дүлейлер де болды. Солардың бірі әрі бірегейі Нұрым болатын.
«Тұлпар болар құлынды тұяғынан танисың» демекші, өзі домбырамен шырқата ән салатын, жалындатып жыр жазатын, айтысқа да шығатын Нұрым сол студент жылдардың өзінде-ақ ерекшеленіп тұратын. Балконға шығып, тамағын бір кенеп алып, қолындағы домбырасын шалып-шалып жіберіп, өзіне ғана тән әуезді дауысымен шырқап қоя бергенде немесе Бекжігіт, Серіктермен қосылып әуелеткенде қатар тұрған үш жатақхананың (журфак, филфак, истфак) бүкіл қыз-жігіті тамсана тыңдаушы еді.
Серілігі бар Нұрым әзіл-қалжыңды да қатыратын. Жатақханада жиі өткізіліп тұратын курсаралық ақындар айтысының бірі Жеңіс күніне орай өтірік айтыс түрінде ұйымдастырылғанда курсымыздың атынан шыққан ол елді әзіл-қалжыңымен қыран жапқандай қылғаны бар. «Егер осы айтқандарымның бірі өтірік болса, Темкеңе (деканымыз) айтып, оқудан шығартып жіберіңдер» дегенді әдемі жыр жолдарымен келтіргенде айтысты тамашалап отырған «темір деканымыз» Темірбек Қожекеев «Әй, Ерғалиев, сен оқудан шықпайсың!» деп ризалықпен кеңкілдей күлген-ді.
Нұрымның азаматтығы, досқа адалдығы, ұлтжандылығы өз алдына бір төбе. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде (біз ол кезде бесінші курста оқитынбыз) бізбен бірге алаңнан табылып, «ақырып теңдік сұрады». Жендеттердің сойылынан да, аязды күні шашқан мұздай суынан да, көтеріліс күндерінен кейінгі «үш әріптің» қысымынан да ықпады.
Біздің – курстастарының жадында осындай асыл қырларымен қалған досымыз Нұрым Ерғалиев Пайғамбар жасына толып отыр. Абырой биігінде келіп отыр. Бүгінде ол ел қамын жеген қоғам қайраткері, қолынан қаламы түспеген журналистика ардагері, бірнеше кітабын шығарған арқалы ақын.
Жақында жазған жырларының бірінде ол:
Беймәлім Қыдыр қонып, бақ дарығаны,
Шалық тиген сәбидей жүрмін шаттанып әлі.
Барымды бар деп, айтуға жоғымды жоқ деп,
Алдарыңа келдім армансыз ақтарылғалы,-деп жазыпты.
Армансыз ақтарыл, досым! Сенің бергеніңнен берерің әлі көп…
Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ,
Жамбыл облыстық «Әулиеата» газетінің Бас редакторы, курстас досы
Тараз қаласы
Суретте: курстастар Нұрым Ерғалиев, Шара Жақанбаева, Қуаныш Иембердиев, Ақпанбет Әлішев, Бердібай Кемалов
Түн баласы жыр өрдің…
(Нұрымға)
Уайымың көп, достым, түн баласы жыр өрдің,
Жалғызсырап жүрсің бе, қаламыңнан мұң көрдім.
Жастығыңды сағынып, думаныңды іздеумен,
Кездің сен де елесін алыс қалған күндердің.
Қандай еді ол бір кез – әрбір күні естелік.
Бірімізді біріміз жүруші едік ес көріп.
Айтысқа да түстің сен топты жарып, ей, Нұрым!
Факультеттің намысын тұрдың сонда ескеріп.
Сазды әуенге ілесіп, түйдек-түйдек жыр тасқын,
Ақын жігіт атанып оқ бойы озып қыр да астың.
Жанарына сыр бүгіп, көз тастады сұлулар,
Сол күндерді іздейсің, сағындырып сырлас күн.
Сендегі шер бүгінде бәрімізде бар, достым.
Енді бірде сызылтып, жақсы жырға ән қостың.
Бәрі естелік бүгінде артта қалған күндердің,
Жалын өшкен, қоз ғана – сүреңсіз һәм селқос күн.
Ұры уақыт білдірмей, тонап кетті біздерді.
Біз де есейдік армандап, іздеуменен ізгі елді.
Өмір – дарақ, жыр – жеміс, халқыңа оны беріп кет,
Сенің де дос, менің де өміріме күз келді.
Ақпанбет ӘЛІШ
Алматы қаласы