«Ақ Жайық – арман әнім»
Көптеген белгілі әндердің авторы, сазгер, 50 жылдық тарихы бар «Қызғалдақ» ансамблін құрушы әрі көркемдік жетекшісі Мұхиден Ғаббасовты еске алуға арналған шығармашылық ән кеші осылай деп аталды.
Атырау қаласы Жұмыскер мәдениет үйінде өткен кешке жиналған халық аз болмады. Концерт шымылдығы Мұхиден Ғаббасовтың әуезді әндерімен ашылды. Еске алу іс-шарасына Батыс Қазақстан облысынан келген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Алпамыс Бектұрғанов, Мұхиден ағаның өнердегі бірге жүрген замандастары «Қызғалдақ» ансамблінің мүшесі Ғаділ Зәйденұлы мен ақын, жазушы Алмас Садықов, Атырау облысының композиторы Болат Қохаманов, М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драм театрының актеры Сәбит Қожабеков және өнердегі әріптестері мен достары, ағайын, бауырлары қатысты. Жиын барысында өнер иесінің өмірі мен шығармашылық естеліктерінен бейнеролик көрсетілді.
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері Азамат Ізниев, Ханзада Сахипова, Медет Қарамырза Мұхиден Ғаббасовтың шығармашылығын дәріптеп, әсем әндерден шашу шашты. Кеш қатысушылары сахнаға шығып сөз сөйлеп, өткен күндердерден естеліктер айтты.
–Мұхаң – біздің жақсы көретін ағамыздың бірі. Мен өнер саласына жақын адаммын, ақындығым бар. Біз бірге өстік, бірге жүрдік. Ол менің екі өлеңіме ән жазды. «Кеденшілер» әні Павлодарда өткен бүкілқазақстандық кеденшілер жарысында бірінші орынды жеңіп алып, кейін барша кеденшілердің әнұраны болып кетті. Бүгінде оның өмірден өткеніне 20 жыл болды. Бірақ оның есімі ешқашан өшпейді. «Мұхиден мәңгі тірі әніменен» деп мен де өлең жолдарын жазған болатынмын. Мұхаң – тума талант, ол өмірде қарапайым адам болды, атақ-даңққа мүлдем құштар емес еді. Өкініштісі 55 жасында өмірден озып кетті, — дейді замандасы, кеден қызметінің полковнигі, заң ғылымдарының кандитаты, профессор Алмас Садықов.
Айта кету керек, Мұхиден аға немерелерінің есімдерінің аталуында бір сыры бар. Тұңғыш немерісінің аты – Қызғалдақ. Бұл – өнер иесінің ең бірінші ВИА ансамблі. Ал екінші немересі – Баян, бұл есім сахна саңлағының ең сүйікті аспабымен сәйкестендіріліп қойылған. Өмір бойы жанына серік болған және көптеген әнінің атауымен аталатын Өміргүлі, Әдемі, Ақмаржан есімді немерелері де бар.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Керемет, мақала! Өнер иесі Мұхиден ағамызды еске алу кеші өте жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Кешке жиналған өнер сүйер қауымға, ағамның әріптес , достарына бауырлары атынан шексіз ризашылығымызды білдіремін. Мақала авторы Алтыншаш Нәсіпқалиқызы Сізге де үлкен ризашылығымды білдіремін. Елін, туған жерін, Ақ Жайығын әнге қосып, биікке самғатқан , үлкен өнер иесі Мұхиден ағамның еске алу ән кешінің куәгері болып, керемет мақала жазып, елге танытып жатырсыз. Шығармашылық табыстарға жете беріңіз!