Апалы-сіңлілілер ашқан «Айман-Шолпан» өнер студиясының ерекшелігі неде?

img 3941 Мәдениет

Өнер – қазына. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Ал, әу дегеннің бәрі әнші атанып, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған шақта өнерге таласы бар жасөспірімдерге бағыт-бағдар беретін өнер мектептерінің көбейгені құптарлық іс. Лайлана бастаған саф өнерді шынайы таланттарды қанаттандырар өнер орталықтары ғана тазартып, жауапкершілік жүгін арттыра түсеріне сөз жоқ.

Былтыр ғана ашылған «Айман-Шолпан» өнер студиясы атыраулық нағыз дарындыларға жол көрсетіп, рухани тұрғыда талантын танытуға мүмкіндік жасап отыр.

image 22 08 20 11 37 3 1

Студияның негізін қалаушы – апалы-сіңлілі Айман мен Шолпан Маңғыстауовалар сүйікті істерін жеке кәсіппен ұштастырған. Ағайындылардың мақсаты – табиғат тарту еткен талант-дарынын кейінгілерге аманат ету, балдырғандарды рухани әлеммен қанаттандырып, өнерге баулу арқылы өнегелі ұрпақ тәрбиелеу.

Өнер ордасына енгенде-ақ өнер ғажайыбының ортасына түскендей әсер береді. Мұндағы атмосфера адамды бірден баурап, күнделікті күйбең тірлікті ұмыттырғандай. Әр есіктен естілген есті әндер, сан түрлі аспаптың үні, өзі салған суретке сүйсіне қараған жеткіншек, түрлі түсті араластырып әлденені бояп, өз ісінен рахат тапқан жасөспірім…

Жетігеннің жеті ішегінен тараған жеті түрлі үннің өзі бір әлем!..

Өзінен үлкен баянды асынған бүлдіршіннің, домбырасын шерткен оқушының жаңа білімді игеруге асық екені жарқылдаған жанарынан-ақ байқалады. Осының бәрін көріп тұрып, терезенің арғы жағында қым-қуыт тіршілік барын бір сәтке болса да ұмытып, жаныңыз тыныш табады…

– Болашақта суретші, дизайнер болғым келеді, – дейді әлі аяқтала қоймаған картинасына назар аударғанымызды байқаған кішкентай ғана Гүлдана Әділ. – Арманыма жақын салада жүргеніме, сол мақсатыма жету жолында оқып жүргеніме қуаныштымын. Сурет салғанда жаным рахаттанады. Жай ғана сурет салып қоймай, шығармашылық байқауларға да қатысып жүрмін.

Ол танымал дизайнер атанып, жеке брендін қалыптастырғысы келеді.  Мақсаты – өзінің қолынан шыққан туындылары мен сүйікті ісі арқылы жұртшылыққа қуаныш сыйлау.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, мұнда «еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін вокал, бейнелеу өнері, домбыра, фортепиано, гитара, укулеле, жетіген, қобыз, дәстүрлі ән, ағылшын тілі, шахмат, баян және би сабақтарынан дәріс алып, қалаған өнер түріне машықтанады. Мұндай орталықтарда талантын шыңдау арқылы бала қалаған өнер түріне дағдыланып, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. Өзі құралпылар арасындағы өмірге деген сенімі қалыптасады.

Жеткіншектің зердесін дамытып, кәсіби бағдар ұстауына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер пайдасы зор. Әу бастан-ақ мектеп шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарға белсене қатысып келеді. Зор жетістіктерге жетіп, лауреат атанып жүргендері қаншама!

pp

Қабырғаға ілінген дипломдар мен медальдардан көз сүрінеді. Себебі, орталықтың өнерлі өрендері табиғи дарынын шыңдап қана қоймай, сайыстар мен байқауларға қатысып, мектептің ғана емес, облыстың атын да асқақтатып жүр. Күні кеше ғана мектеп тәлімгері Сәбира Тұрлыбаева Америкада өткен «The voices» халықаралық конкурсының жүлдегерлері қатарынан көрінді.

Мектеп оқытушылары жылына бірнеше рет ата-аналар үшін балалардың есептік концерттерін ұйымдастырып, сонымен бірге қалалық, облыстық деңгейде өтетін мәдени және  қайырымдылық шараларына дайындайды. Талапкерлердің музыкаға деген құштарлығын оятып, орындаушылық қабілеттерін дамытады.

Студияда үйренемін деп құлшыныс қылған балаға да, тіпті ересектерге де барлық жағдай жасалған. Арнайы кабинеттер жасақталып, музыкалық аспаптармен жабдықталған.

Хореография бағытында білім алушыларға да арнайы зал бар. Би залында кездескен Айнамкөз Мұхтардың үйірмеге қатысып жүргеніне  көп уақыт бола қоймапты. Соған қарамастан, талай облыстық, республикалық сайыстарда топ жарған.

«Би өнері әсемдікке, әдемілікке тәрбиелейді. Ал, көркем болмысты жан ешқашан безбүйрек болып өсіп, қатыгездікке жол бермейді», – дейді өнерпаз.

Дәріс беруші мұғалімнің іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы мен ішкі мәдениеті де бала үшін үлгі болары анық. Мұндағы оқытушылар да нағыз майталмандар.

Айманның өзі де тек өнер иесі емес, ұлтжанды, отаншыл әрі парасатты ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Шәкірттерімен бірге қайырымдылық шараларына белсене атсалысады. Өзі мен оқушыларының суреттерінен көрме ұйымдастырып, түскен қаржыны әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға табыстауды дәстүрге айналдырған. Қазір Айман Маңғыстауованың сыныбында 300-ден аса жас суретші тәлім алып жүр.

– Әншілік өнер – қолдауды да, қорғауды да керек ететін табиғат сыйы. Әнші болу үшін мәнерлі дауыс, әншілік қабілет, есту және есте сақтау қабілетінің жоғары болуы, музыкаға деген белсенді эмоциялық сезім, жақсы дикция, еңбекқорлық, сахналық сырт бейне мен жақсы дауыс болу керек. Осының барлығы бір адамның бойынан табыла да бермейді. Біреуі болса, екіншісі болмауы мүмкін. Үнемі жаттығу, тер төгудің нәтижесінде олар бірін-бірі толықтырып жатады, – дейді орталықтың негізін қалаушылардың бірі Шолпан Маңғыстауова.

Оның айтуынша, шеберлік сабақтары, әнді дыбыстық таспаға жазу, қысқа метражды бейнебаян түсіру өз алдына, актер, әншілермен, өнер адамдарымен кездесулер де жиі ұйымдастырылады. Бастысы, талапкер жастардың намысын жанып, келешекке жетелейді. Сөйтіп, түрлі дәрежедегі өнер байқауларына қатысуға мүмкіндік алады.

Біз көрген «Айман-Шолпанның» өміршеңдігіне сенім мол. «Балғындарды шыңдап, тума таланттарды танытарда тұлпарының тұяғы, сұңқарының қанаты талмасын» деп тілек білдіріп, жайсаң жандармен қимай тарқастық.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз