Сәулетші-дизайнер Батырлан Дәуітов эксклюзивті сұхбат берді

img 20200913 wa0128 Мәдениет

…Қарбалас жұмыстан кейінгі кешкілік серуен. Отбасымызбен қаладағы демалыс орнының бірі – Жайық жағасындағы Ретро паркте жүрміз. Карантиннің әсерінен бұл саябаққа келмегенімізге біраз уақыттың болғаны рас.

Балалар да паркті сағынғанға ұқсайды. Кіреберісінен-ақ сәні мен салтанаты келіскен, бірін-бірі қайталамайтын архитектурасымен көз тартатын парк – отбасымен демалуға өте қолайлы жер. Айналаға сүйсіне қарағанда мұндағы ерекше әдемілік жүрегімізге жылылық ұялатып, мерейімізді тасытты.

 Осындай сәтте «Бұл парктің архитектуралық келбетін кім жасады?» деген сауал көкейге оралды. Келесі күні сәулетшіні тауып, онымен сұхбаттасудың сәті түсті. Жас та болса ойы ұшқыр, бойында ерекше таланты бар сәулетші-дизайнер Батырлан ДӘУІТОВ бізбен әңгімесінде өзінің салмақты пікірлерімен ой бөлісті.

– Батырлан Сиғуатоллаұлы, сəулетші болу үшін кəсіби біліммен қатар, шығармашылық еркіндік пен талант қажет…

– Əр адамның өмірдегі бағытын бала кезінен анықтауға болады. Яғни, оның белгілі бір нəрселерге қызығуы, ақпаратты тез қабылдауы жəне орындау қабілеті арқылы оның алдағы жүрер жолын бағамдауға болады. Бұл үшін баланың өздігінен əрекет етіп немесе «маған мынау қызық, анау қызық емес» дегенін күтпей, бұл жағдайды шағын тəжірибе жүргізу арқылы бақылау керек. Қазіргі ойды дамытатын алуан түрлі ойыншықтар мен кітаптар нағыз көмекші болып табылады. Жалпы, шығармашылық саладағы жетістік біреуге зор еңбек пен тұрақты жаттығулардың нəтижесінде келсе, кейбір адамдар өз қалауына жеңіл жолмен жетіп жатады. Мен бала кезімде бейнелеу сабағын ұнататынмын. Ермексаздан немесе далада құм мен су араластырып балшықтан, не саздан мүсін жасауды, жаңа ойыншықтардың ішкі құрылысын, механизмдерін ақтарып шашуды ұнататынмын.

Ойыншықты шашып, кері құрастырудан балалардың инженерлік бейімділіктерін байқауға болады. Менің балабақшада асфальтқа сурет салудан бірінші орын, қалалық балалар арасындағы конкурстан екінші орын алғаным əлі есімде. Сол кездерден бастап мен де өзгелермен бəсекелестік сезім пайда болды. Өскенде мықты суретші боламын деген балалық арманым болды.

Кейін, сол уақытта жаңадан шығып жатқан танымал Lego конструкторы сəулетке қарай бет бұрғызды. Сегізінші сыныпта интернетпен танысып, біраз нəрсеге көз жеткіздім. Танымал «Google Earth» бағдарламасында сағаттап, əлемнің түкпір-түкпіріндегі қалаларды, əсіресе, НьюЙоркты жиі бақылайтынмын. Бұл бағдарлама – жердің глобус тəрізді, виртуалдық нұсқасы, бұл арқылы тіпті ғимараттарына дейін 3D көлемінде көруге болады.

Бұған қызығушылығым соншалық, сол ғимараттарды дайындайтын «Google Sketchup» деген тегін  графикалық бағдарламаны ағылшындардан Youtube арқылы толықтай меңгеріп алып, баспананың сызбасын дайындадым. Бұл менің ең алғашқы жобам еді. Мұны мектептегі ашық сабақтарда анимация ретінде пайдаға асырдым. Мұғалімдерім таң қалушы еді. Ақырында, оны жүзеге асырып, туған жеріме үлесімді қосамын деген арманымды қуалап, Алматы қаласындағы Қазақ бас сəулетқұрылыс академиясының сəулет факультетіне оқуға түстім.

img 20200913 wa0129

 – Ал, саладағы жолыңыз қалай басталды?

– Əрине, ойымдағыдай болмады. Жоғары оқу орнын бітірген соң, дипломымды алып туған жерге оралдым. Көп ұзамай, жекеменшік компанияның біріне жұмысқа орналастым. Алғашында екі ай тегін тағылымдамадан өттім. Еңбекақымның елу-ақ мың теңге екенін екі айдан кейін білдім. Десек те, жұмыстан қол сілтеп кетіп қалмадым. Уақыт жоғалтып алмай, қызмет ете беруге бел будым. Өйткені, басымда ұшқыр идеялар мен ойлар тасып жатты. Тек қана нұсқау күтіп жүрдім. Жұмыс шағын жекеменшік нысандардың жобаларынан басталды . Əріптестеріммен қоян-қолтық араласып, білмеген тұстарымды үйрендім. Құжаттама бойынша үлкен тəжірибе жинақтадым. Кейін еңбекақым көтерілді. Алғашқы үлкен жоба

– Атырау қаласындағы бұрын-соңды болмаған көрнекі орын Ретро парктің дизайнының авторысыз. Мұндағы əдемі көріністер нені білдіреді? Идеяның қалайша ойға оралғаны туралы айтып берсеңіз…

– Ретро парк – менің алғашқы үлкен жобам жəне ең қиыны. Парктің құрылу тарихына тоқталар болсам, алдымен бұл жобаны Атырау қаласының əкімдігі басқа компанияға тапсырған. Олар жобаны дайындап бітіргенімен, авторлық қадағалауды жүргізе алмайтынын айтқан. Кейін мен қызмет етіп жатқан компания тендерден ұтып, парктің авторлық қадағалаушысы болып тағайындалады. Кейін тапсырыс берушілер толық тексере келгенде алғашқы жобаны ұнатпай, жаңа нұсқасын əзірлеуді бізге тапсырды.

Бұл жаңалықты естігеннен бастап, саябақтың ашылған күніне дейін бəрі көз алдымда. Қуанышымда шек болмады. Алайда, кейін арманымның орындалғанын сезген жоқпын. Өйткені, нəтижесінде парк ескі мен жаңа жобаның қосындысы болып кеткендей əсер қалыптастырды. Осы секілді кемшін тұстар болды. Бірақ, жалпы көрініс көңілімізден шықты. Аты айтып тұрғандай, паркті 1960 жылдары Тұрғындар қалашығында салынған ғимараттардың стиліне жақын қылуға тырыстық. Сол кезеңді бейнелеу басты мақсатымыз болды. Мұнда амфитеатр, кафе, балаларға арналған ойын алаңдары, көрме залы жасақталды.

– Паркте «Дос-Мұқасан» тобының бейнесі жасақталған. Алайда, парк Атырауда орналасқаннан кейін өнер саласындағы жергілікті таланттарды да бейнелеуге мүмкіндік болмады ма?

– Неге екенін білмеймін, бірақ жобада көрсетілген мүсіндердің барлығы  бас құрылысшы компаниясының ұсынысы бойынша өзгертілді. Негізінен өз басым адамға арнап ескерткіштерді толтырып қоюды қолдамаймын. Керісінше, көз тартарлық, бұрынсоңды еш жерде жоқ ерекше мүсіндер қойған абзал еді.

Ту тұғыр – тәуелсіздік шежіресі

– Қателеспесек, Атырау қаласындағы бой көтеріп жатқан «Ту тұғыр» алаңы да сіздің идеяңыздың көрінісі. Тəуелсіздік шежіресі саналатын бұл жоба қалай туындады? Толығырақ айтып берсеңіз…

– Біз үшін бұл жобаның маңызы өте зор болды. Оның жұмысына біраз күшімізді салдық. Алдымызға қойылған талаптарды тапсырыс берушілермен бірге егжей-тегжейлі жоспарлап, мұқият əзірледік. Ең бастысы, биіктігі 100 метрдей ту тұғыр, айналасында колонналары бар үш бөліктен тұратын ортақ ансамбль жасақтауды мақсат еттік.

 Жоспар бойынша ортасындағы ең үлкенінде Қазақстанның картасы жəне Елтаңба мен Əнұран орналасады. Екі жағындағы қабырғасында қанаты бар барысты көтеріп тұрған арка қойылады. Осының барлығы көзге үйреншікті жазық даладағы бейнелер секілді болмауы үшін бедерлерді де қолданып, жер бетінен үш метр биіктікке көтердік. Нəтижесінде екі қатарлы болып шықты. Басты баспалдақтың екі жағында түнде түрлі түсті болып жанатын каскадты фонтан болады. Баспалдақтардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жүріп-тұруға ыңғайлы екі пандус ойластырылды. Бұл көпшіліктің серуендеуіне арналған əдемі алаң болары сөзсіз. Қазір оның құрылысы қарқынды салынуда. Алдағы уақытта оның ашылу рəсімін асыға күтудемін. Бұл жүйелі түрде жасақталып, іске асса, менің ең үлкен арманымның орындалғаны болар еді. Кадрдың қадірі қандай?

– Кескіндеме сызып, əдемі дизайн ұсыну оңай жұмыс емес. Бұл бағыттағы жұмысыңызды қалай бағалайсыз? Сонымен қатар, өзіңіздің басқа да жобаларыңыз туралы білсек…

– Үнемі қаражат қажеттілігі шығармашылық адамдарын кедергі келтіреді. Неміс зерттеушілерінің айтуынша, олардың миы материалдық сыйақыны ескермей, процестің өзіне ғана қызығушылық танытады деп тұжырымдалған. Сонымен қатар, суретшілер бұл үшін ақша алмайтындарын білгенде, əлдеқайда жақсы жұмыс істей алатынын айтады. Ал, қазіргі ақпараттық технологиялар заманында, сəулетші мен дизайнерлер тек қана сурет салып, кескіндерді сызумен шектелмейді. Олар бұған қоса, кем дегенде бір-екі графикалық редактор мен 3D модельдеуге арналған кəсіби бағдарламалық жасақтаманы жетік  білуі қажет. Осыған орай, маманның жұмысының сапасына əсер ететін факторды білу маңызды. Бұл ретте сəулетші бағасы арзан немесе ескі компьютерде ауыр сызбалармен жұмыс істегенде белгілі операцияларды жасауға ұзақ уақыт жоғалтады. Ал, тапсырыс берушіге жобаны белгіленген мерзімде бітіріп беру қажет. Екіншіден, ойыңды қағазбен  толықтай жеткізіп, оны компьютерге енгізгенде оның процессоры мен видеокартасының күші көтере алмай қалып жатады. Осының салдарынан ойдағыны кескіндей алмай, өз-өзіңе шектеу қоясың.

Нəтижесінде, бұдан сапасыз өнім шығады. Бұдан соң адамда күйзеліс, шабыттың келмеуі, артық күш жұмсау, жұмыс өнімділігінің төмендеуі пайда болады. Осының барлығы менің өз басымнан өтті. Сондықтан, жұмыс орнында басшылық кəсіби графикалық компьютерге қаражат аямау қажет. Өйткені, бұл компанияның жұмыс тиімділігіне, табысына тікелей əсер етеді. Менің жұмыстарымның басым көпшілігі – жеке тұрғын үйлердің жобасын дайындау. Бұл үлкен нысандарға қарағанда əлдеқайда оңай. Бірақ, əр клиенттің бабын табу өте қиын. Кейбіреулері үйінің жобасын сыздырғанда нақты не керек екенін түсіндіре білсе, аяқастынан пікірлерін өзгертіп, жүйкеңді тоздырып жататындар да кездеседі. Менің жобаларымның келесі тобын коммерциялық ғимараттар құрайды. Бұлар – кеңселер, цехтар, қоймалар, өндірістік нысандар, вахталық қалашықтар. Өңірімізде мұндай нысандарға сұраныс өте көп. Демек, тұрақты төленетін қаражаты да жақсы. Қалған топқа саябақтар, алаңдар, мешіт, мұражайлар секілді қоғамдық ғимараттар жатады. Бұларға тапсырыс берушілер – қала əкімдігі.

img 20200913 wa0126

 – Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Осы күнге дейін сəулет жұмыстарымен айналысқан болсам, қазір бұл бағыттан ығысып, құрылыс жұмыстарына бет бұрдым. Өйткені, біздің елімізде жобалау саласындағы кадрлар лайықты бағаланбайды. Сондықтан, шет елге кетіп, сəулет саласындағы жұмыстарымның барлығын қайтадан бастауды ойланып жүрмін. Себебі, өзімді сəулет саласында жан-жақты сынағым келеді. Қазақстанда қалып қойсам, ұлымның ертеңіне алаңдаймын. Қала келбетіне көңіл толмайды

– Мұнайлы Атырау өңірінің бүгінгі келбетіне көңіліңіз тола ма? Аймаққа əлі де қандай сəулеттер жетіспейді? Қаланың сыртқы қасбеті қандай болуы қажет?

– Объективті түрде көңілім толмайды. Бірақ, «BI group» секілді үлгілі компаниялар бəсекелестік арқылы қаладағы жалпы құрылыс сапасын жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Жобада барлығы жылтырап тұрғанымен, оны жүзеге асырғанда мүлдем басқаша болады, яғни жобаның ауытқу деңгейі өте жоғары. Сондайақ, бұрынғы классикалық стиль басым. Сондықтан, оларды қайта жасақтауға əбден болады. Нысанның сыртқы бетінің басым бөлігі əйнек болуы керек деген секілді қатаң талаптар қойылуы керек. Қаланың жолға қарап тұрған қасбетін бірыңғай заманауи материалдармен қаптау дұрыс шешім болар еді. Бұған қол жеткізуге көмектесетін мұнай өндіруші компаниялар секілді демеушілеріміз бар. Ауыр жүк тек орындаушыларға түседі.

– Бұған дейін Атыраудың логотипін өзгерту қажеттігі туралы идеялар айтылды. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?

– Иə, Атыраудың логотипін жаңартатын уақыт келді. Оның бүгінге дейін əлі өзгермегеніне т аңданамын. 1999 жылғы логотипіміздің түстерінің өзі бұрынғы стильді аңғартады. 2008 жылы осы логотипті өзгертуге конкурс жарияланды. Осы уақыттан бері 12 жыл өтсе де еш өзгеріс жоқ. Сондықтан, бұл мəселені қайта қолға алып, конкурсты тек атыраулықтардың арасында емес, əлеуметтік желі арқылы бүкіл қазақстандықтарға жариялау керек.

Өйткені, елімізде дарынды дизайнерлер өте көп. Əсіресе, жастардың қиялы шексіз. Ең бастысы, конкурс қатысушыларының жұмысы қала əкімдігінің сайтында тұрғындардың дауыс беру əдісі арқылы таңдалуы керек. Бұл ретте облыс əкімі болсын, қаланың бас сəулетшісі болсын жеке шешім қабылдамауы тиіс. Əйтпесе, конкурстың əділетсіз өтуі əбден ықтимал.

Сұхбаттасқан: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз