Анадолы аспанында – Табылды әндері
Гитарасы қазақтың тілімен, қазақтың рухымен сөйлеген тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың әндері Анкараның аспанын ән мен жырға бөледі.
Шара халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен «Табылды Досымов республикалық қорының» ұйымдастыруымен Түркия астанасындағы белгілі «Түрік ожаклары» театрында өтті. Ақынның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында көпті жинаған «Сәйгүлік» кешінде Табылдының ұлы Абыл Аяш пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің солисі, Т.Досымов атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері Асхат Әмірғали, журналист Тәуірбек Бөзекенов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір ақынның «Сәйгүлік», «Ұнатамын мен сені», «Мен қазақпын» сынды 20-дан астам әнін орындап, саф өнерге сусаған көрерменнің көңіл шерін тарқатты.
– Делегация алдымен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысының орынбасары Сайид Юсуф мырзамен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық. Ол кісі «өз үйлеріңе келдіңіздер» деп төрден орын ұсынды. «Біз Түркі әлеміне қанша қызмет етсек те, бәрібір ол аз болады. Өйткені арада қаншама жыл жоғалтып алдық» деген сөзі көңілімізді көтеріп тастады.
Бұл сапардағы ең елеулі сәттің бірі Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сапиев мырзаның арнайы қабылдауы болды. Кездесуде Табылдының өнер кешін Стамбул қаласында өткізу мен «Із тастап аққан бір жұлдыз» кітабын түрік тіліне аудару жайы сөз болды.
Концертке Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің өкілі Димаш ініміз, Түрксой ұйымының басшылары, Түркі елінің зиялы қауымы, қандастарымыз, Анкарада оқып жүрген студент жастар қатысты.
– Бұл кеш туысқан екі елдің арасындағы мәдени-рухани байланысы мен достығының берік екенін көрсетті. Халықаралық ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раевқа, бас хатшының орынбасары Сайид Юсуп, басқарма басшысы Санжар Мүләзімоғлыға, ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның өкілі Бақытжан Омаров мырзаға және кешті шебер ұйымдастырған Сағыныш Назароваға ризашылығымызды білдіреміз, — деген «Табылды Досымов республикалық қорының» төрағасы Бижан Қалмағанбетов алда атқарылар шаруалардың көп екендігін жеткізді. Осылайша, Анадолы жерінен, Анкараның төрінен рухтары биіктеп, олжамен оралғандарын жасырмады.
Қазақ мәдениетіне бардтық өнерді алғаш алып келген таланттың кешіне облыстық мәслихат депутаттары Қайырбек Баймұратов, Арман Хайруллин, «Елсана» орталығының басшысы Нұрберген Дәулетовтер де қолдау көрсетіп, сый-сияпаттарын алып барып қайтыпты.
Журналист Тәуірбек Бөзекенов өзінің фейсбуктегі парақшасында «Рухани сусап жүрген қандастарымызға бұл кеш ерекше әсерлі болды деп ойлаймын. Себебі, концерт аяқталған соң орындарынан тұрып ұзақ қол соққан көрерменнің ыстық ықыласы тұла бойды шымырлатып жіберді. Бәрі бір дауыспен «Биіктік, биіктік, биіктік» деп шулап кеткенде, кеудеде соққан жүрек аласұрып кетті.
Бард ақынның ұлы Абыл Аяш қолына гитарасын алып «Биіктікті» екінші қайтара шырқағанда залдағы көрерменнің нұрлы жүзінен Табылды Досымовтың шығармашылығына, әсіресе бардтық әндерге деген шынайы махаббаты анық байқалды.
Абыл әнін шырқап болып, енді сахна сыртына келіп гитарасын қорабына салып жатыр еді, көрермен залындағы екі қыз «Ақдидарың-ай» деген әнді неге шырқамадыңыздар? Орындап беріңізші?!» деп қолқа салды. Анкарада оқып жатқан студенттер екен. Біз аң-таң болып тұрып қалдық. Залға көз салсақ, көрермен әлі тарқамаған. «Қарындастарымыздың көңілін қалдырмайын» деп Абыл сахнаға қайта шықты. Артынша Асхат Әмірғалиев те лирикалық әндерді тағы бір қайтара шырқады.
Бұл сапарды бард ақынның 60 жылдығы қарсаңындағы дайындық деп топшыладық» деп жүрекжарды лебізін жолдапты.
Айта кетейік, бард өнерінің алғашқы қарлығашы, алты ішектің арланы атанған Табылды Досымовтың ән кештері бұған дейін Мәскеу мен Моңғолияда, Қытай елінде де өткен болатын.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ