ӘН САЛДЫМ, КӨКЖАР ҚАЛА БАЗАРЫНДА…
Жуырда елімізге танымал әнші, Ғарифолла Құрманғалиевтың төл шәкірттерінің бірі – Светлана Қарашқызы Сұлтанғалиеваға кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.
— Сіз кезінде Қазақстандағы атақты үш жәрмеңкенің бірі – Көкжардың маңындағы Үшқатты ауылында өмірге келген екенсіз. Әнші болуыңызға не себеп болды? Әлде 1869 жылы іргесі қаланып, атағы жер жарған жәрмеңкенің тарихи орындары тебірентіп, толқытты ма, немесе сол Көкжарды ән мен күйге бөлеген ақын Кердері Әбубәкір, Тәңірберген Молдабай, күйшілер – Құрманғазы, Дәулеткерей, Ұзақ, Сәулебай, Әміреш, ақын-жыраулар – Қашаған, Нұрым, Ақтан, Нұрпейіс, ақын, композитор, әнші Мұхит сал, әнші Қызыл Тұрдалы баласының рухтары желеп-жебеді ме?! Әйтеуір, «әнші болғым келіп еді, әнші болдым» деуден аулақсыз ғой.
— «Егемен Қазақстан» газетінің (10 қаңтар 2014 ж.) бетінен газет тілшісі Сатыбалды Сәуірбайдың «Көкжар жәрмеңкесі» деген көлемді материалын оқыдым. Көкжар жөнінде бұрыннан ептеп хабарым бар ғой, бірақ, мынадай терең мағлұматым жоқ еді. Бұл мақала маған баға жетпес қазына сыйлаған сыңайлы. «Шіркін-ай, ақын болсам, композитор болсам» деп өзіме-өзім күбірлеп, домбырамды шертіп көрдім. Үйде жалғыз едім, күйеуім Жоламан бір шаруамен көшеге кеткен. Мен тек орындаушы әншімін ғой, ақындық, сазгерліктен ауылым алыс. Ештеңе шықпайтынын сезген соң Мұхиттың «Үлкен Айдайын» ақыртып салдым. Молдабайдың «Молдабайын» орындап, одан Мұхиттың «Кіші Айдайын» төкпектеттім-ау келіп. Есіктің қоңырауы шылдырлады. Ашсам, Жоламан екен. «Әй, не болды, ең болмаса, терезенің желдеткішін жаппағаның қалай?» деп аң-таң. Мен оның қолына газетті ұстаттым да, «Мә, оқы, оқысаң, мән-жайды түсінесің» дедім.
— Апырай, қызық көрініс болған екен. Дегенмен, менің сауалыма нақтырақ жауап берсеңіз?
— Әке-шешемнің айтуынша, маған ән өнері жеті-сегіз жасымда қонақтапты. Түсімде балуан денелі қара кісі өзі ағаштан шауып жасаған домбырасын ұсынып: «Қызым, енді ән сал» дейді. Ал қасындағы шырайлы ақсары кісі менен домбыраны алады да шырқай жөнеледі. Арасында сәл бөгеліп, «Қызым, қосыл, үйрен» дейді. Мен әнге қосыла жөнелем де, өз даусымнан өзім шошып оянамын. Осындай жай қайталана берген соң әке-шешем мені Қызыл әншінің басына апарып түнетіп, аруақтарға мінажат етіп садақа береді. Сөйтіп, домбыра шертуді де, ептеп ән салуды да өзімнен-өзім үйрендім.
… Қыранмын, көкке шырқап самғайтұғын,
Топшым бар, қанша қақсам талмайтұғын.
Ала бұлт, қара бұлтпен қабаттасып,
Ән салам, күндіз-түні алмай тыным.
А-ха-ау, алмай тыным.
Шақпақты тас секілді от шығарам,
Көмейден әнмен бірге шоқ шығарам.
Қай жерде сұлу бикеш, сән-салтанат,
Сол жерден табылармын, айтшы маған,
А-ха-ау, айтшы маған,
деп шырқайтын, ел құрметіне бөленген Қызыл әнші ғой, бұл. Мақтанды демессіз, Мұхит бабамның әніне құмар боп өстім. Ғарифолла Құрманғалиевты бір көрсем, әнін тыңдасам деп армандадым. Әкемнің сатып әперген радиосынан Ғарекеңнің әні берілсе, менде ес жоқ, бәрін жиып тастап, домбыра қағысын, ән иірімдерін үйренуге ұмтылатынмын. Оқушылардың аудандық байқауында Ғарифолла ағаның «Сүйген жар» әнін орындап, жоғары бағаға ие болдым. Әнші Амангелді Жұманов мені құттықтап «Айналайын, талабың оң болсын», дегені әлі көз алдымда. Содан орта мектепті тәмамдаған соң, «әй, жоқ, шәй жоқ, Алматыға барсам, қаланы араласам, ән факультетіне құжат тапсырсам» деген ой бойымды билеп алды.
— Ойыл десе, еске атақты Көкжар жәрмеңкесі оралады. Белгілі ақын, жазушы, драматург Берқайыр Аманшиннің «Көкжар» романының сюжеті – осы өлке, осы Көкжар. Онда Думаға депутат болған Бақытжан Қаратаевтың өмір жолының бір сәті суреттеледі. Әйтеуір, шығарманың өнбойы Ойыл – Көкжардың ілгерісі мен кейінгісі. Осы табиғаттың жомарт жерінде ақын Шернияздың, Оралдан ән оздырған Мұхит бабамыздың, оның замандасы Қызыл әншінің, Мұхит ұрпақтары – Шайқы, Шынтас, Шоң, Ғұбайдолла, кешегі дауылпаз әнші Ғарифолла табанының ізі бар топырақта дүниеге келуіңізден шығар, бәлкім, әншілікке ұмтылыс жасауыңыз?
— Әрине, адамзат баласының топырақтан жаратылғаны рас болса, солайы-солай ғой. Адамға алдымен талаптану қажет. Данышпан Абай: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» демей ме! Әсіресе, жасөспірім кезімде талабым таудай болды. Аздап шегініс жасайын.
1979 жыл. Алматыдағы Орталық көрменің концерт залы. Мұнда Халық аспаптары ансамбльдерінің республикалық фестивалі өтуде. Кезек Ақтөбе облысы өнерпаздарына келді. Алдыңғы қатарда белгілі қоғам қайраткерлері, орталарында атақты ғалым, академик Ишанбай Қарақұлов, Алматы консерваториясының ректоры Ғазиза Жұбанова бар көрінеді. Сахна шымылдығын «Әлия гүлі» аспаптық ансамблі ашты. Көркемдік жетекшісі батыс өңіріне белгілі өнерпаз Қайырғали Қожанбаев ағамыз екен. Үшінші кезекте «Ансамбльдің ең жас әншісі» деп мені сахнаға шақырды. Мұндай жиында ән салып көрмегесін бе, сәл-пәл жүрексіндім де, бірақ, өзіме-өзім тез келдім. Мұхиттың «Паңкөйлегін», одан соң «Айнамкөзді» шырқадым. Залда отырғандар ду қол шапалақтады. Бірді-екісі гүл шоқтарын ұсынды. Содан дайындық бөлмесіне бір апай келіп мені қапсыра құшақтап, «Мен Ғазиза Жұбанова апайыңмын. Консерваторияны басқарамын. Дауысың шымыр, үнің таза екен, маған ұнады. Биыл орта мектепті бітіреді екенсің ғой, оқуға бізге кел, көмектесемін» деп бетімнен сүйді. Апай шығып кеткен соң, құрбыларым «енді жолың болды» деп мені құттықтап жатыр. Сол сапардан үлкен әсермен оралдым. Шілде айының басында әке-шешемнің батасын алып, Алматыға жол тарттым. Ауылдас қыздарыммен бірге Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне құжатымды өткіздім. Арнайы музыкалық білімім болмаған соң консерваторияға баруға жүрексіндім. «Ғазиза апай мені ұмытып кеткен шығар, шаруасы шаш-етектен ғой», деп ойладым. Жатақхананың кең бөлмесінде оңаша отырғанмын. Құрбым келіп «Сені бір кісі төменде шақырады» дегесін басқышпен жүгіре түссем, бір жігіт ағасы тұр. Маған бақырайып қарады да: «Сұлтанғалиева Светасыз ба?» деді. Мен басымды изедім. «Онда киін. Ғазиза апайға барамыз, тезірек, шырағым, тезірек» деп асықтырды. Содан әлгі кісі мені «Волга» машинасына отырғызып, консерваторияға алып келді. Одан қолымнан жетектеп екінші қабатқа көтеріліп, «Ректордың қабылдау бөлмесі» деген жазуы бар есікті ашып ішіне кіргізді. Ұзын үстелдің басында өткендегі апай отыр екен, маған күлімсірей қарап, орнынан көтеріліп, менің жаныма келді де, «Танымай қалдың ба, Ғазиза апайыңмын ғой» деп жымиды. Мен не дерімді білмей сасқалақтап «Есенсіз бе?» деппін ғой.
— Отыр, сіңлім, қайда жоғалып кеттің? Өткенде келісіп едік қой. Сені әзер таптырдым, деді ол. -Жүзінде ешқандай ашудың, кейістіктің белгісі білінбейді.
— Музыкалық сауатым болмаған соң ЖенПИ-ге тапсырып едім, — деп міңгірледім.
— Оқасы жоқ. Ертең таңертең құжаттарыңды қайтарып ал да, осында кел. Екі жылдық дайындық бөліміне қабылдаймыз, соны бітірген соң әрі қарай таңдаған факультетіңе оқуыңды жалғастырарсың. Келістік қой, сіңлім. Сенің музыкалық қабілетің зор, дауыс диапазоның жоғары, тек ерінбей еңбектенуің, оқуың керек, — деп біраз ақыл-кеңесін айтып, есікке дейін шығарып салды.
Қазақтың музыка өнерінің, оның ішінде классикалық музыка жанрының негізін қалаушылардың бірі – дарынды композитор, ұлағатты ұстаз Ғазиза Ахметқызының қамқорлығының арқасында, ойламаған жерден студент болып шыға келдім. Нотаны, музыкалық өлшемдерді (сольфеджио) мүмкіндігінше тез меңгеруге, көрсетілген сенімді ақтауға барынша ыждағаттылықпен кірістім. Дайындық бөліміндегі ұстаздар дауыс ерекшелігімді жоғары бағалап, вокал класына қабылдады. Дауыс тембрім жоғары «коларатурное-сопраноға» да, «мецосопраноға» да келетін. Әсіресе, қатты қызыққан кафедра меңгерушісі, вокалдың білгір маманы, профессор Бекен Жылысбаев болды. Бір жыл бойы Клавдия Ивановна Бобошкадан дәріс алдым. Уақыт жоқтың қасы. Осындай қауырт күндердің бірінде Виноградов көшесіндегі гүлзарға оңаша жайғасып едім, қарсы беттегі орындықта отырған кісіге көзім түсті, таныс бейне. Өз көзіме өзім сенбей таңырқадым. Япырау, дәл өзі, көңілімдегі жазулы сурет! Қарсы алдымда отырған адам – өзім жастайымнан әнін жаттап, шіркін, бір көрсем ғой деп армандаған Ғарифолла Құрманғалиев. Ақ қырау шалған шашы теңіздің бұйра толқынындай желкесіне түскен, ойнақшыған көзінің қарасынан ағы мол, шағын денелі кісі. Орнымнан қалай тұрғанымды аңғарғам жоқ, алдына таяу барып:
— Сәлем бердік, — дедім.
— Бар бол, балам. Қай жерденсің?
— Ойылдан, Ақтөбе облысы.
— Ия, қасиетті Көкжардан келген екенсің ғой! Қайда оқисың?
— Консерваторияның дайындық бөлімінде.
— Иә, жақсы бопты.Әнші боламын де, қалай өзі домбыра тарта білесің бе?
— Білемін. Ептеп ән де айтамын, сіздің әндеріңізді радиодан тыңдап жаттағанмын.
— Е, дұрыс. Қазір әншілер, шүкір, баршылық, бірақ, түсініп айтатын, жеріне жеткізіп айтатындары сиректеу. Дегенмен, талабың оң болсын! – деп маған шұқшия қарады.
— Аға, сізге студияға барсам бола ма? — дедім тұншыға үн қатып.
— Уақыт тапсаң кел, неге келмеске. Тек құдай берген талап-талантың болса ғана кел, босқа уақыт өткізу үшін емес…
Қоштасып, қуанғанымнан аяғым-аяғыма тимей жатақханаға беттедім. Ертеңіне сабақтың арасында студияға жүгіріп келсем, Ғарекең оқушыларын тыңдап, тыныстап отыр екен. Рұқсат сұрап кірген маған «отыр» дегендей, көзімен ымдап орындықты нұсқады. Сәлден кейін: «Ал жігіттер, қыздар, мына қара қызды тыңдалық, кезек беріңдер», — деп ұсыныс жасады. Қуанғаным болар, бірінен соң бірін, тоқтамастан алты әнді айтып шықтым. Ғарекең үнсіз тыңдады, көзін жұмып алған. Айтып болған кезде ғана көзін ашып: «Өзің, бәрін алған екенсің, маған неге келдің? Мені мазақ етпексің бе?» — деп көзін ойнақшытып, ежірейе қарады.
— Жоқ, аға. Сізге шәкірт болғым келеді, — дедім мен.
— Онда дұрыс екен. Бірақ, менсіз де дайын әнші екенің көрініп тұр. Келем десең, үйренем десең, біздің есік әрдайым ашық, — деп күрсінді де, — «Мына Ойылдың қызынан үйреніңдер, домбыра қағысты», — деп отырғандарға тесірейе қарады. Сосын дәптерін ашып, ортасына араб әрпімен «Сұлтанғалиева Сәуле» — деп аты-жөнімді жазды. «Атың орысша ғой, енді Сәуле боласың», — деді де орнынан тұрды.
«Талаптыға нұр жауар», «таланттымен таласпа» дегендей, көкейімде бала кезден ұялаған, бірақ, оған қол жеткізу қайда деген арманыма, осылай жол ашылды. Бір жыл бойы үзбестен Ғарекеңнің студиясына барып тұрдым. Бір жыл бойы асыл ағаның ақыл-кеңесін тыңдадым. Бір жыл бойы ән мұхитынан, кәусар бұлақтан сусындадым. Бұл 1979-1980 жылдар еді. Неге екені белгісіз, Ғарекең мені оң жағына отырғызып, ең соңынан тыңдайтын. Әнді бөлмей, еш ескертусіз үнсіз, көзін жұмып тыңдайтын. Тек ән біткен кезде ғана, «енді анау әнді айт» деуші еді, басын көтеріп. Үзіліске дейін айтқызатын да, «осы қыздан үйреніңдер» деп шығар есікке беттейтін-ді. Келер жылы Ғарекең аздап ауырып қалған кезде де ара-тұра үйіне барып, кеңес алып тұрдым. Оқуды бітіргенше аяулы ұстазымнан қол үзгенім жоқ. Халық әніне деген құштарлық, әрі ұстазым Ғарекеңнің әнді орындау ерекшелігінің ықпал еткені соншалық, екінші курста халық-аспаптар факультетіне ауысып, вокалмен біржола қоштасып тындым. Әрі қарай ұлы Мұхит бабамыздың тікелей ұрпағы Құбыш ағайдың кафедрасында оқуымды жалғастырып, «Орындаушы-мұғалім» мамандығын алып шықтым.
— Ғарекеңнің шәкірттері баршылық қой. Бірақ, қимыл-қозғалысы, домбыра қағысы, ашық та таза дауысы, сиқырлы үні, көрермен-тыңдармандарды өзіне ынтық-ғашық ететін ерекше қасиеті, жаратқан ием сыйлаған көркем келбеті, ән салудағы шеберлік шыңы қайталанбас тұлға кейпінде қалады-ау деп ойлаймын.
Мен Ғарекеңмен 1991 жылдың сәуір айында кездесіп әнгімелескенмін. Ол сұхбат сол жылдың мамыр айында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Сол әңгіме үстінде ол: «…Менің класымда әр жылдарда «осылардан бірдеңе шығады-ау» деген жиырма шақты шәкірт болды. Бірақ, мен оларды «қайтсең де Ғарифоллаға ұқса» деп тәрбиелегенім жоқ. Өзің айтқан Батыс әуенін, онан қалды Мұхиттың әуенін сақтау үшін бар мүмкіндігімді сарп еттім…» деп еді.
Ғарекеңнің алдын көрген белгілі әнші Сәуле Жанпейісованың қазанамада жазған мынадай сөздері бар: «…Біз сізден рухани мұраға адалдықты, бауырмалдықты, мейірбандылықты үйрендік. Өнерпазға тән бар қасиеттер сіздің сұлу да сырбаз мінезіңіз, әсем даусыңыз арқылы көкірегімізге сәуле болып құйылды. Орасан зор тағылым, тәрбие, бекзат болмысыңызбен талай-талай өнерпаздың мінезін байыттыңыз, қанатын қатайтып, баптап ұшырдыңыз. Сұңқардай санқ еткен дауысыңыз, өнер туралы айтатын аңызға бергісіз әңгімелеріңіз бізді осынау қасиетті әлемге соншалықты іңкәр ете түсетін…
Ендігі сіздің шәкірттеріңіздің қасиетті парызы сол – ұстаз аманатын, қазақ ән өнеріндегі Ғарифолла Құрманғалиевтың үздік үрдісін, аса бай орындаушылық дәстүрін адал жалғастыру» («Егемен Қазақстан», 27 қаңтар, 1993 жыл) деп еді. Меніңше, Сәуле берген уәдесінде, айтқан сөзінде тұрды деп есептеймін. Міне, атышулы әнші Ғарифолланың өмірден өткен жиырма екі жылда әнші Сәуле сахнадан ұстазының әнін айтпай, оған табынып, басын имей түскенін байқағаным жоқ. Сонымен бірге, Мұхит әндерін насихаттауда да едәуір жетістікке қол жеткізді. «Әншісің, сал Мұхитты сағындырған, әншісің, Ғарекеңе табындырған» десек артық айтқандық болмас.
— Дұрыс айтасыз, әріптесім Сәуле ән өнерінде үлкен-үлкен табыс биігінен көрініп жүр. Мен оны сырттай бақылап, тілеуін тілеп отырамын. Ол өнер ордасы Алматыдан орын тепті. Үш-төрт жылдай Атырауда қызмет істеп, шәкірт тәрбиеледі. Соңғы жылдары оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтып, репертуарын кеңейтіп, байытты. Қырғыз, тәжік, өзбек композиторларының әндерін нақышына келтіріп орындайды. Ол әншілік өнерін, талантын кәсіп емес, қалың бұқараның, әнді сүйіп, бағалай білетін қауымның ризашылығына жұмсап, солардың сүйіспеншілігіне бөленуде. Ол өнердің биік қарлы-мұзды шыңын бағындыруға ұмтылуда. Бұл – өнерпаз үшін аса зор қасиет, тұғырлы да мәртебелі қасиет.
— Бұл күнде ән де, әнші де көбейді. Киелі сахна төрі «хан базарына» айналғандай. Оны сынап-мінеп, барын бар, жоғын жоқ дейтін сарапшылар, «сенікі дұрыс, сенікі бұрыс» дейтін ақылмандар мүлдем бой көрсетпейді. Тіпті, енді бақи дүниеге кеткен атышулы композиторларымыздың әндеріне қол сұғу басталды. Әнді «өңдейміз, толықтырамыз» деушілер бастарын қылтитты. Бір мысал: Вальс королі, марқұм Шәмшінің «Сыр сұлуына» «аха-ха-ай, еу-еу-ді» қосты. Ойпырым-ай, аруақтан ұялмаса да, халықтан ұялмай ма, шіркіндер! Бұларды «жегіқұрттар» дейміз бе, не дейміз?
— Бұл жайдан мен де хабардармын, ашығын айтқанда, көріп-біліп отырмын. Кейде «ішім түтін, сыртым бүтін» күй кешемін. Әрі ойлап, бері ойлап, «бұл – уақытша нәрсе, уақыт бәрін елеп-екшейді. Жақсыны–жақсы, жаманды–жаман дейтін кез келеді» деп өзімді-өзім жұбатамын. Ол кез де алыс емес шығар. Өйткені, өнердің шыңы тым биік. Соның бір шыңы – ән де, күй де халыққа қызмет етеді. Ән мен күйді дүниеге әкелуші тобыр емес, халықтың ортасынан шыққан таланттылар. Қазақ халқындай әнші, күйші, сауықшыл халықтың әлемде өте сирек екенін өзге ұлттың өкілдері айтып та, жазып та қалдырды ғой. Олар біздің ән-күй өнерімізге таңдай қағып, таңырқасты емес пе! Қазақ халқы небір қиыншылықта да, небір соқтықпалы, соқпақты кезеңде де өз өнерін аяқасты еткен емес. Аштан өліп бара жатса да бір шумақ өлеңін бір үзім нанға сатқан емес. Мысалы, адай руының Жеменей бөлімінен шыққан Зәкария ақын 1930 жылы Ойыл түрмесіне жазықсыздан-жазықсыз қамалғанда, түрме бастығы «мені өлеңмен мақтасаң, асқа тойғызамын» депті. Сонда Зәкария:
… Бір шумақ өлеңім–өмірім,
Өмірім–өлеңім.
Өлеңімді саған сатқанша,
Аштан өлемін, — деген ғой. Адамда арман, қиял тоғысып, бірін-бірі жетектеп жатады ғой. Менің ойымша, ән-күй өнері қоспасыз таза, мөлдір, мұхит түбіндегі маржандай болуы керек. Күй атасы Құрманғазы, шертпе күйдің шебері Тәттімбет, кешегі Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Мұхит, Балуан Шолақ, Әсет кейінгі ұрпағына сары алтындай сарқылмас мұра қалдырған жоқ па! Шіркін, тума таланттылар-ай! Мысалы, Арынғазы «Арынғазы» атты бір күйімен тарихта қалды. Тәңірберген Молдабай «Молдабай» әнімен өнер көкжиегінде селк етпей тұр. Біз осы алыптардың ән-күйін әлі толықтай игеріп, санамызға сіңіріп болдық па өзі? Композитор, әрі өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың «біз әлі өткенімізді түгендеп, түптеп алған жоқпыз» дегеніне мен шынайы ризашылығыммен қосыламын. Осы ағайдың «Екі жирен», «Зәуреш», «Доссорда шай құяды Гүлжан сары», тағы басқа әндер туралы зерттеу мақалаларын сүйсіне оқыдым. Ілия ағаның «Ойыл толқындары» әнін ұдайы орындап жүрмін.
— Сіздің 2003 жылы үнтаспада жазылған 23 әніңізді тыңдап, бір сергіп қалғанымды айтпауға болмас. Үнтаспаға Мұхиттың сегіз әні, Ғарифолланың үш әні кірген екен. Әсіресе, «Гурьев» пен «Қара қаншық» сіздің орындауыңызда тым ерекше. Үніңіздің ашықтығы, ән сөзінің анықтығы, дауыстың шырқай көтерілетін тұсындағы самғау-қалықтауы кіршіксіз, көмейден шыға көсілетін үннің ащы айқай емес, сырнайлылығы; домбыраның дыбысы әнмен бірге өріліп, тыңдарманның жүрек сезімін тербеуі, он саусағыңыздың домбыра пернесі мен шегіндегі әдемі қимылын көріп отырғандай көзге елестеуі, ән шумағының арасындағы сәл тыныста домбыраны сыбырлата сөйлете білуіңіз менің көңілімді аспандатты. «Әй, тусаң-ту, айналайын» деген сөз аузымнан еріксіз шығып кеткенін қайтерсіз. Күйде Құрманғазының «Төремұратын», әнде Қанапияның «Қанапиясы» мен халық әні «Ісметті» орындау өте-мөте қиын деп еститін едім. «Төремұратты» марқұм Қали Жантілеуов кіршіксіз тартады десе, қазір Шәміл Әбілтаев кіршіксіз орындайды дейді. «Қанапия» мен «Ісметті» үнтаспадан тыңдағанда, мүлдем тебіреніп, толқығанымды жасыра алмаймын. Қайыптың «Ақбөбегі» мен Сауытбектің «Ақбөпесі» сіздің орындауыңызда тіпті рухтанып кеткендей әсер алдым…
– Рахмет, ағай, мені бір көтермелеп тастадыңыз. Өзіңіз хабардарсыз, мен ұстазым Ғарифоллаға қарыздармын ғой. Отбасы жағдайыма байланысты Алматыда тұрақтап қалудың сәті түспеді. Туған өлкеме келіп, қызмет еттім. Өнер жанашыры, профессор М.Арыновтың тікелей көмегімен Ақтөбе педагогикалық институтында «Жыр-терме» класы ашылып, сонда оқытушылыққа шақырылдым. Бірақ, Ғарекең көкейімде жатты. Бір ғасырда бір туар табиғи талант иесінің өнердегі жұмбақ сыр-құпиясын ашу үшін еңбектендім. Батыстың дәстүрлі ән өнері жайлы әдістемелік оқу құралын жазуға ұмтылыс жасадым. Бұдан кейін Астанадағы Өнер академиясының ректоры Айман Мұсаходжаеваның шақыруымен Ғарифолла Құрманғалиевтың класында ұстаздық қызмет атқардым. «Ғ.Құрманғалиевтың орындаушылық ерекшелігі» деген тақырыпта ғылыми еңбек жазу үстіндемін. Ақтау қаласында өткен Ғ.Құрманғалиев атындағы Республикалық конкурста бірінші жүлдені иелендім. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» деген атағым бар. Төрт баланың анасымын (екі ұл, екі қыз), оларды өсіріп, оқытып, қанаттандырғанымызға қуаныштымыз. Құдайға шүкір, бәрі де – Тәуелсіз қоғамымыздың белсенді азамат, азаматшалары. Күйеуім Жоламанның негізгі мамандығы – дәрігер, Алматы Медициналық институтының түлегі. Екеуміз жерлеспіз. Талантты ақын Төлеген Айбергеновтің Ғарекеңе арнаған «Әуен мен ырғақ» өлеңінде:
…Уһ, дүние-ай, бір толқып басылдым ба,ай,
Мен әнді есітем деп пе ем асыл мұндай.
Қазір менің жүз тұлпар – көкірегімнен,
Жүз тарапқа кетті ағып басын бұрмай…
Басса да аспан жердің арасын сең,
Бәрібір байтақ ағам даласың сен.
Қыздардың көлден қайтқан шелегінде,
Үйіріліп, иірім тартып барасың сен…
Ғарекеңе арналған осы он тоғыз шумақ өлеңді күніне бір рет жатқа айтамын. Кейде, «Шіркін, композитор болсам ғой» деп ішімнен күбірлеймін. Төлеген елден бұрын Ұлы әншіге өлеңмен ескерткіш сыйлап кетті ғой. Таланттың талантқа тағзымы осылай болса керек-ті.
— Әңгіме арасында айта кетейін. Тайсойған өңірінде Айтмағамбет Лұқпанов (1902-1969) деген ақын-жырау өмір сүрді. Сәттіғұл ақынның шәкірті. Ол:
… Мен Лұқпан баласы,
Ей, мен Лұқпан баласы,
Жасымнан Шайыр атандым.
Сәттіғұлға қосшы боп,
Қашағаннан бата алдым.
Қалың адай ішінде,
Өнеріммен ойқастап,
Шапан киіп, ат алдым, —
деп толғайтын еді. Домбыра қағысы, әуезді әуені тым бөлек еді шіркіннің! Сол Айтмағамбет: «Тоғыз жасымда Көкжар базарында Мұхит салдың тізесінде отырып, әнін тыңдадым» дегенін өз аузынан естігенмін. «Ғарифолла Айтмағамбетпен кездесіп, оған Мұхит бабамыздың әндерін айтқызып тыңдап, риза болып аттаныпты» дейтін әнші Жағыпар. Атақты әнші-жыраудан 1955 жылы Мұхиттікі дегесін «Беласқан», «Керімсал», «Көзайым», «Дүние-ай» әнінің екінші түрі, «Аққуым», «Көкжар» әндерінің сөзін жазып алғанмын. Әуені есімде сақталмады. 1991 жылы Ғарекеңмен әңгімелескенде мұны айтуға батылым жетпеді. «Ғарекеңе көрсетейін» деп ықылас білдірген соң 1976 жылы көрнекті ақын Сағынғали Сейітовке осы алты әннің сөзін қағазға түсіріп бергенмін. Кейінірек бір сұрағанымда: «Бір реті келгенде беремін, есімде, ұмытқаным жоқ» деп еді… Сұхбатымыздың шырайы Көкжар болғандықтан, «Көкжардың» сөзі былай:
Ән салдым, Көкжар қала базарында,
Тындады, орыс, татар, қазағым да.
Шолпысы сылдырлаған сұлулардың,
Түсті ғой, бірді-екісі назарыма.
Жәрмеңке қала толы халық еді,
Жастары алаулаған жалын еді.
Бұраңдап бұрымындай хас сұлудың,
Жанынан ерке Ойыл ағып еді.
Ей, Көкжарым, Көкжарым,
Қандай сұлу қыздарың.
Ақ білектен ұстасам,
Бір қызып, бір мұздадым.
Дәл қазір Дәлу келсе де,
Сезбеспін-ау, ызғарын.
— Мұндай әнді Ғарекеңнен де, басқа әншілерден де естігенім жоқ. Әйтеуір, ұстазымның: «Мұхит бабамыздың әні әлі түгелдей жинақталған жоқ» дегені құлағымда қалды.
— Көзге түсіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырып жүрген өнерпаз қыздардан кімді атайсыз?
— Күйші Айгүл Үлкенбаева мен әнші Айгүл Қосанованы айтар едім. Екеуі – де сахна төрінің сәні…
— Сізге шығармашылық табыс тілеймін! Батыс өңірінің әуені, оның ішінде, Мұхит бабамыздың, өзіңіздің ұстазыңыз Ғарифолланың әні сіздің орындауыңызда ән көгінде қалықтай берсін! Сұхбатымызды Айтмағамбет ақынның бір шумағымен аяқтасақ:
… Ей, домбыраны қолға алсам,
Ей, домбыраны қолға алсам,
Шақырып шабыт толғансам,
Сәттіғұлға сүйіндім,
Қашағанға сыйындым,
Алла берген өнермен,
Еркесі болдым жиынның,
Тыңдаған жұртты тамсантып,
Жырымменен үйірдім…
Марат МӘЖИТОВ,
жазушы.