«Адай тарихы» кітабының тұсаукесері өтті

screenshot 20220527 143658 Мәдениет

Атырауда Әнес Сарайдың «Адай тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Атырауда көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әнес Сарайдың «Адай тарихы» атты тарихи-зерттеу еңбегінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Салтанат сарайында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов, мемлекет және қоғам қайраткері Мәди Артығалиев, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, журналист, қоғам қайраткері Әнес Сарайдың зайыбы Алтыншаш Жағанова мен ұлы Сайлан Әнесұлы және басқада атыраулық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Күллі елге, Алашқа ортақ мақтаныш болған, жұртына адал қызмет істеген жақсылар болса керек. Әнес ағамыз қарт Каспийдің жағасында, Астрахань жерінде кіндік қаны тамған. Бар ғұмыры Еділ  мен Жайық арасынан жауһар іздеп өткен, сөйте тұра түркі дүниесінің бар асылын түгендеген жанкешті еңбекқор жазушы еді. Бүгін ұлт тарихының тағы бір құнды парағын ашқалы отырмыз. Өмірінің соңғы күндерінде жазып шыққан осы «Адай тарихы» – қазақ шежіретануына қосылған құнды дүние деп білеміз,  деді Н.Таушов.

    Әнес Сарай бұл еңбегінде қазақ хандығының елеулі маңызды оқиғаларына, адайлардың өзге рулармен қарым-қатынасы жөнінде жазған. Сонымен қатар, қазақ тарихына қатысты бұрын айтылмаған ғылыми деректерді зерттеп, «Еділ-Жайық» трилогиясы, «Асылдың сынығы», «Исатай мен Махамбет», тағы да басқа әдеби еңбектерді жарыққа шығарған.  

            – Әнес ағамыздың бұл кітабы тек адайлар туралы, не болмаса жәй шежіре емес, күллі қазақ-түркі халқы және оның тереңге жайлаған тарихы жөнінде жазылған. Төл тарихымыздың кем тұстарын жарық әлемге паш етуде, тегімізді тануда, Әнес ағамыздың еткен еңбегі шексіз. «Адай тарихын» әрбір адам баласына оқуға кеңес беремін, деді М.Құлкенов.

    Кітаптың тұсаукесер рәсімін облыс әкімінің орынбасары Н.Таушов пен Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары М.Құлкенов жасады.  

    Сонымен қатар, шара барысында жазушы Әнес Сарай туралы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, ән айтылып, күй тартылды. 

Айта кетейік, белгілі жазушы Әнес Сарай «Еділ-Жайық» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болған. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз