ӘН — ҒҰМЫР
…Алыс Индерден Атырауға оралып келе жатқан бетім. Қалаға жақындағасын радиоқабылдағыштың тетігін бассам, керемет бір әсем әуен төгіліп сала берді. «Айнамкөз», ән төресі, сағынышты «Айнамкөз»… Одан әрі — «Соқыр қыздың әні»: «Жолаушы, атың семіз шабатұғын…» Қолым еркімнен тыс машинаны жол жиегіне тоқтатты. Жиырма минуттай қыбыр етпей отырып ән тыңдадым. Радио-концерттен алған әсерімнен көпке дейін арыла алмай, моторға от алдырсам-ақ тәтті әуен сазынан мәңгілік айырылып қалатындай күй кештім. Тұла бойымды әлдебір ыстық құйындар кернеп, сезім селі сапырылысып, әр сезім өзінше үн қатып, әр сөз өзінше тіріліп, ерік-жігерім ескексіз қайықтай еріксіз ығып, бейқам көңілімді бордай үкті. Бұл Мекес шырқаған әннің құдіреті еді.
Беу, дүние-ай… Екі жылдан астам уақыт өтіпті Мекеңсіз концерттер өте бастағанына, ол кісінің жарқын жүзінің көрінбегеніне. Араға түскен күндер осылай ұмыттырғысы кеп, үнсіздікке батырып алыстатып әкетіпті. Иә, көз алдымызға келетін бейнесі-санадағы тірі бейнесі бәріміздің ойымызды мұңға бөлейді. Еңбегінің зейнетін көре алмай, алды-артына қарап та үлгермей бұл өмірден кете барды. Осындайда мәдениет саласында жапсарлас жұмыс жасаған жылдар еске түседі. Мәкең ән сүйер қауымның сүйіктісі бола тұра, көп уақытқа дейін өзіне тиесілі атақтарын ала алмай қойды.
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарған кездерімде ағаммен жақынырақ танысудың, талай мәрте дастархандас болудың сәті туды. Оған дейін де Индер аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жүріп талай араласқанымыз бар-ды. Жұмысқа кіріскен алғашқы күндерімнің бірінде басқарма бастығы Қадекеңнің (Қадырғали Таңқиев) ұлықсатын алып, индерлік жарқын талант иесі Ұлдай Аманғалиева мен Мекес ағаны атаққа ұсыну құжаттарын жаздым. Оған дейін де талай-талай ұсынулар жауапсыз кеткенінен жалыққан Мекең бұл ісімізге әнебір мән берген жоқ. Бірақ қалтқысыз адал ниетімнен болар, Алланың қолдауы болар, екі-үш ай шамасында Мекең «Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс» атанса, Ұлдай апам «Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын алды. Ұлығылап кеш өткіздік. Жақсыгүл апамыздың тәтті шәйларын бірнеше қайтара іштік. Мекес аға қандай атаққа да, құрметке де лайық еді. Кішіпейіл, жоғары мәдениеттің адамы болатын. Соңынан ерген жас әншілерді қорғаштап, баулып жүретін. Әрине, тіршіліктің қым-қуыт күресінен қашып құтылар пенде болмайды, одан тысқары тұрған қоғам жоқ. Нәзік жүректі жан кейбір өмір құбылыстарын өз көңіліне өте жақын алды ма, қайдам, әйтеуір, науқасқа шалынды. Әр адам өз кезінде сол қоғамдық заңдылықтармен үндесе өмір кешеді. Өтпелі кезең қиындықсыз болған жоқ. Концерттер азайды, өмір өзгерді, көптеген алақанға салып ардақтаған құндылықтарымыз аяқасты ешкімге керек болмай қалды. Әсершіл жанға осының бәрі ауыр тиетіні заңдылық.
Мекес Төрешов — өзіне-өзі әуезді әнімен ескерткіш қойып кеткен жандардың бірі. Сирек әнші, ғажайып талант иесі Мекеңнің әнін бір естіген адам ол кісіні ұмытуы мүмкін емес. Десек те, оның есімін Атырау қаласындағы көшелердің, өнер ордаларының біріне беру және басқа да ұлығылау шаралары жасалуға тиіс. Осы арқылы мұнайлы өлке тұрғындарының өз Отанына, туған жеріне деген патриоттық сезімін арттыруға жұмыстануымыз керек. Сонымен қатар, өзі өмірге келген Азғыр өңіріндегі саз мектептерінің біреуіне есімі берілсе, марқұмның рухы алдындағы парызымызды өтегендей болар едік.
Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ,
облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама
басқармасының басшысы.