ЖАЙЫЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ЖАПЫРАҚ

Бүкіл әлемнің құтын қашырып, үрейін ұшырған Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, елге Жеңіс көктемін ала келген 1945 жылдың қарашасында бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысы, бұрынғы Новобогат, қазіргі Исатай ауданы, Жанбай селосына қарасты Сарытөбе жерінің Күйген қора бөлімінде бір шарана шыр етіп, дүние есігін  ашты.

 

Аяғын апыл-тапыл басып, тілі «ана» деген қасиетті сөзге енді келе бастағанда анасы Ақсұлу Ғұмарова 24 жасында бақиға аттанды. Есін білмей жатып ана құшағынан ажыраған сәби Мереке жалған дүниенің жатбауырлығын осылайша сезген болатын. Еңсесін енді-енді тіктеп, мектеп қабырғасында ұстаздардың ұлағатын көре бастаған оны тағы да үлкен сын күтіп тұр еді. Әкесі Мүтәш 1954 жылы о дүниелік болып кете барғанда, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген Мереке жер бетінде жалғыздық дегеннің не екенін сезіп, оның дәмін татып та үлгерді.

Алайда, жүрегі асқақ арманға, жаны нұрлы үмітке толы Мереке Ғұмаровты тағдырдың бұл соққылары жасыта алмады. Сөйтіп, 1964 жылы «Октябрьдің 40 жылдығы», қазіргі Фариза Оңғарсынова атындағы 11 жылдық мектепті бітірген ол, бірден еңбекке араласты. Әуелі химия зауытында жылу жүйесінің қызметшісі (слесарь) болды. Сол жерден әскерге аттанды. Үш жыл Кеңес әскері қатарында болып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп,  оралды.

Әскерден жаңа келген жас жігіт Балықшыдағы Амангелді атындағы колхозында от жағушы (кочегар) болып қызметке тұрды. Балықшы да болды. Одан кейін №25 қазір Ы.Алтынсарин атын алған орта мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Бірден жасөспірімдердің тілін таба білген ол әскери патриоттық тәрбие жөніндегі директордың орынбасары қызметтеріне жоғарылатылады. Қай қоғам болмасын, бала тәрбиесі біліктілікті, білімпаздықты талап ететіні сөзсіз. Жас өрен тәрбиесін қолға алған жанның мүлт кетуіне, қателесуіне болмайды. Өйткені, оның қолында тұтас бір адамның, ұрпақтың, елдің тағдыры тұр. Міне, осыны ойына мықтап тоқыған ол өзінің алдында, партада отырып, өзіне самсап қадалған қаракөздерді соңынан ерте білді, жандарын баурай түсті.

Өз мамандығына зор жауапкершілікпен қараған Мереке Мүтәшұлы білімін жетілдіріп, жоғары білім алуы керек екенін ұғынды. Өскелең ұрпақ мұғалімнің білместігін, білімсіздігін кешірмейді. Сондықтан, Алматы қаласындағы Қазақтың физкультура институтын дене тәрбиесі  және спорт мамандығы бойынша бітіреді. Онымен де қоймай, Гурьев педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі квалификациясын алады.

Иә, өмір жолы тақтайдай тегіс емес. Сәби шағынан жетімдік тағдырды иығына артқан кейіпкеріміз де өзі армандаған биіктердің баспалдағына шыға бастайды. Ұлы Абай:

…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап, – деп тегін айтпаған ғой. Өзінің адал еңбегі мен асқақ арманы оны заңғар шыңдардың басына қарай жетелегені кәміл. Балықшы аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтері оған сеніп тапсырылады.

Балықшы ауданы мәдениет бөліміне меңгеруші болып келген кезінде облыста тұңғыш рет қазақтың көне аспаптарынан құрылған «Атырау» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрғанының өзі неге тұрады?! Бұл ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық, дүниежүзілік фестивальдердің лауреаты атанды. Кеңес үкіметі тұсында сонау Алжир Халық Республикасына, Астрахан, Мәскеу, Ашхабад, Алматы, Көкшетау қалаларында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Өнер ұжымы 1985 жылы «халықтық» деген құрметті атаққа ие болды. Еткен еңбектің, төгілген тердің жемісі – осы!

О баста қиындау тағдырды енші еткен жаратушы одан өнер мен білімді аямапты. «Білім көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» дейді халық даналығы. Расында да, солай екенінде дау жоқ. Өзінің қайталанбас даусымен көрермендерін таңдай қақтырып, өнерсүйер көпшілік жүрегін баурап алатын сол бір шуақты күндер-ай! Мүмкін, иінге ерте артылған тауқыметті тағдыр болмаса, Алматы асып, консерваторияға да түсер ме еді?! Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, өз тұстастарынан әлдеқайда ерте есейіп, тірлік қамытын да сәл ертелеу киюге тура келгені шындық. Бірақ, көкірегінде маздаған өнер сәулесі оны тыныш жатқызбады. Жан дүниесіне тыныштық таптырмай, алай-дүлей сапырған долы борасындай өнер желі оны мәдениет саласынан бір шығарды.

Облыстық филармония директоры болған кезінде үш адамнан құралған «Шалқыма» атты лекторлық топ, яғни, лекциялық концерт ұйымдастырды. «Нарын» қазақтың көне аспаптарынан құрылған фольклорлық ансамблін құрды. Өнерпаз ұжым Астрахан облысы, Моңғолия, Қарақалпақ, Өзбекстан, Қалмақ республикаларын аралап, өнер көрсетіп, табысты оралып жүргені елдің әлі де есінде. Қазір аталмыш ансамбль – Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияның үлкен оркестрі. Балықшы ауданы атқару комитеті орынбасары болып келгеннен кейін Мәкәлім Қойшыбаев атындағы қазақтың ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалады. Оркестр аудандық, облыстық  байқауларда жүлдегер атанды. Бұл ұжымға да 2008 жылы «халықтық» деген атау берілді. Күні бүгін оркестр М.Қойшыбаев атындағы саз мектебінде жұмыс жасайды.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына», дейді қазақ. Қалай дәл айтылған! Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалғаннан кейін, облыс мәдениеті мен өнерінің өрлеуіне үлкен үлес қосқаны кәміл. Кезеңнің қиындығына қарамастан, аудан, қала мәдениет бөлімдерінің автоклуб көліктерін жаңартып, алыс шалғай елді мекендердегі, ауыл шаруашылығындағы жанұяларға бейнетаспаға жазып алып көрсететін құралдармен жабдықтады.

Махамбет атындағы қазақ драма театрында басшы болып қызмет атқарған жылдары театрдың музыкалы драмалық театр болуы үшін жұмыстанып, 2005 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес «Мұрагер» атты қазақтың көне аспаптарынан құрылған фольклорлық ансамбльді ұйымдастырды. Ұжым 2007 жылы Шымкент қаласында өткен фольклорлық ансамбльдердің Республикалық байқауына қатынасып, жүлделі 1-орынға және 2008 жылы «Каспий – достық теңізі» Халықаралық фестивалінен де 1-орынды қанжығасына байлады. Бұл өнер ұжымы 2008 жылы Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияға берілген болатын, күні бүгінге дейін халықты өнерімен таң қалдыруда.

Қазақ өнерін жан-тәнімен  сүйгендіктен осы жолға бар ғұмырын, шығармашылық қуатын, жүрегінің сәулесін арнады. Театр ұжымын жас актерлермен толықтыру үшін сол кездегі облыс әкімінің орынбасары және облыстық білім басқармасының  бастығымен келісе отырып, Дина Нұрпейісова атындағы «Халықтық музыка Академиясы» колледжі жанынан «театр және кино» бөлімін аштырды. Бүгінде одан дайындалған мамандар өз өңірімізде  қазақ өнерін дамытуға атсалысуда.

Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі басшысы қызметін  абыроймен атқарды. «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театрының іргетасын қалады. Аталмыш театр 2008 жылдан бері облыс елді мекендерінде өз өнерлерін көрсетуде. Бұл ұжым 2011 жылы Атырау облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы бұйрығымен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияға берілді, қазіргі таңда облыс өнеріне өз үлестерін қосуда. Осыншама өнер ұжымдарын құрған себебі –Атырау өңірінің өнері мен мәдениетінің өрлеуіне өз үлесін қосу еді. Маңдай тер босқа төгілмепті. Талай рет аудандық, облыстық, республикалық фестивальдерінде жеке орындаушы-әнші ретінде лауреат атанды. Бірнеше рет Балықшы ауданының депутаты болып сайланды.

И», оның еңбегі елеусіз емес. Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы  республикалық комитетінің, Мәдениет министрлігінің құрмет грамоталарымен, Мәдениет басқармасының, Облыстық ғылыми-методикалық Орталықтың Алғыс хатымен, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің» 10, 20 жылдық мерекелік медальдары, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісі, Президенттің Жарлығымен берілген «Құрмет» ордені өңірінде жарқырайды. Есімі «Қазақстанның үздік адамдары» атты энциклопедиясының 2-басылымына енді. Сонымен қатар, «Кімнің Кім екені» кітабының 2-томында есімі тұр. Күні бүгін Мереке Ғұмаров ағамыз Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінде қызмет жасауда.

Жұбайы Раиса апай да – республикаға аты танымал қобызшы. Ол кісінің қолынан бүгінде еліміздің даңқын шығарып жүрген қобызшылар түлеп ұшқан. Ұл-қыздары, немере-жиендері де ата-ананың өнегелі ізімен жүріп келеді. Иә, өткен өмірдің зая кетпегені соңда жарқырап қалған ізбен өлшенеді емес пе?! Олай болса, Мереке Ғұмаров та елдің  мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлесін қосты, шәкірт тәрбиеледі, бойындағы бар өнерін халқына арнады. Өнер адамы үшін осыдан артық бақыт бар ма, сірә?!

Гүлзада  НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз