ӘН МЕН ЖЫР ӘУЕЛЕГЕН ӘДЕМІ КЕШ
1959 жылы облыстық мәдениет басқармасының жанынан іргетасы қаланған орталықтың бүгінде өзіндік тарихы бар. Аталмыш ұжымға әр жылдары Тұхпат Қалмұханов, Дүйсен Исабеков, Рамазан Нұрғалиев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Құбаш Ермұханов, Қадыр Жүсіп, Қазихан Қабдел, Жағыпар Хамитов, Ерсайын Құспанов, Қуанышқали Кипиев, Мінаура Габдушева басшылық етті. Ал, 2001 жылы облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы мәртебесін иеленіп, сол жылдан бастап, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алма Әзидоллақызы Андарбаева жетекшілік етіп келеді.
— Орталықта «Ақ — Ерке Жайық» фольклорлық этнографиялық ансамблі, сегіз халықтық және үлгілі атағы бар көркемөнерпаздар ұжымы, хореографиялық жігіттер мен қыздар тобы қызмет етеді. Бүгінде хореографиялық топ кіші, жоғары, орта буындар бойынша 5-20 жас аралығындағы қатысушыларды қабылдайды. Би үйретуде жетекшілер Меруерт Сейітова, Шынар Нұрғалиева, Райхан Сужикова үнемі ізденісте жұмыс жасап келеді. Тегін үйретілетіндіктен, үйірмеге келушілер қатары көп. Біздің мақсатымыз – ауылдар мен қаладан талантты жастарды іздеп тауып, өнер шыңына баулу, — дейді Алма Андарбаева.
Мекеменің 55 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған есеп беру кеші М.Қойшыбаев атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Арайлы Қазақстан», «Көңілашар» және оркестрдің сүйемелдеуімен Ақбота Жұмашева шырқаған «Туған жер» вальсімен шымылдығы түрілді. Біріккен би топтарының, атап айтқанда, «Аэлита» халықтық вокалды спорттық бал-би ансамблі, «Меруерт», «Әсем-ай», «Көктем өрнектері» үлгілі би топтары да халықтың жүрегіне жол тауып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген жезтаңдай әншілер Асқар Ақтоты, Аслан Ертілеуов орындаған «Қазақстан» әні де сәтті орындалып, көрерменді бір серпілтті.
Ән мен би сазына бөлеген өнер кешіне келуші көпшілік жас бүлдіршіндердің кәсіби болмаса да, үлкен шеберлікпен орындаған биіне де тамсанып, жас әншілердің әніне қошемет көрсетіп, алғыстарын білдіріп тарасты.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.