
”Алтын қолтаңба” көрме-фестивалі қолөнердің шынайы шеберлерін танытты
Рухани байлығымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі – ұлттық қолөнер екені белгілі. Тарихы әріден басталатын, тамыры тереңге тартқан қазақтың қолөнері атадан балаға мирас болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ол сан ғасырлар бойы дәстүр сабақтастығын сақтап, рухани мән-маңызы мен құндылығын жоғалтқан жоқ.

Бейсенбі күні облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының қолдауымен «Алтын қолтаңба» көрме-фестивалі екінші мәрте өтті. Ата-бабамыздың асыл мұрасын жалғастыру, ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттау, жастарды оны қастерлеуге, үлгі тұтуға баулу мақсатында ұйымдастырылған тағылымды шараға облыс орталығы мен аудандардан келген отызға жуық қолөнер шебері қатысты. Шынайы шеберлердің қолынан шыққан, оймен өрілген бұйымдар көрмеге қойылып, оны тамашалаушылардың қарасы аз болмады.

Көрме-фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Арман Әділғалиев, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарихшы Шахман Нағымов жылы лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара қорытындысында қазылар алқасының әділ сараптауынан өтіп, еңбектері лайықты бағаланған көрме-фестиваль қатысушыларына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен облыстық ардагерлер ұйымы басшылығының атынан Алғыс хаттар және Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының дипломдары табысталды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттер автордікі