
Көрісу дәстүрі: береке мен бірліктің жаршысы
Көрісу – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани құндылықтарының бірі. Ескі жыл санауы бойынша наурыздың 14-інде көктем басталды деп саналады, ел-жұрттың бір-бірімен көрісетіні де осы күннен басталады. Бұл күн тек батыс өңірінде ғана емес, бүгінде елдің өзге аймақтарында да кеңінен тойланып, ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етіп келеді. Көрісудің негізгі мәні – адамдар арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты арттыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету.

Аға буын өкілдері көрісу дәстүрінің маңызын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, оның тек амандасу рәсімі емес, халықтың рухани құндылығы екеніне ерекше тоқталып жүр. Өйткені бұл дәстүр қыстан аман шыққан елдің бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасуын ғана білдірмейді, сонымен қатар елдің бірлігін, ағайын арасындағы татулықты нығайтады.
Талай ғасырлық тарихы бар көрісуге әр буынның өзіндік көзқарасы бар. Жастар оны жаңа дәстүр ретінде қабылдаса, үлкендер терең мағынасын ұғынуға шақырады. Сол себепті бұл дәстүрді атап өтіп қана қоймай, оның тәрбиелік мәнін түсінген де жөн.
Қазір әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен көрісу күні туралы ақпарат кеңінен таралып, оның құндылығы жас буынға жетіп жатыр. Дәстүрді дәріптеудің бір жолы – оны күнделікті өмірде адамгершілік, мейірімділік, құрмет көрсету арқылы жандандыру.
Еркінқала ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы, білім беру саласының ардагері Ахау Кемелбаева бұл дәстүрді дәріптеу тек мерекелік шаралармен шектелмей, күнделікті өмірде де жалғасын тапқанын қалайды.
– Көрісу – Наурыз мерекесінің бастауы, күн мен түннің теңелетін уақыты. Ата-бабамыз қыс айларында малдың қамымен алысып, бір-бірінен жырақта жүрсе, көктем келгенде қайта қауышатын. Сол себепті көрісу дәстүрге айналған. Бала кезімізде таңертең ерте тұрып, анамызға еріп көршілерге, жасы үлкен кісілерге барып көрісетінбіз. Олар да дастарқанын жайып, қонақ күтетін. Көрісу күні ер адамдар төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып амандасады. Бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылсын, ғұмырлы бол!» деген тілектер айтылады. Бұл күні өкпе-реніш ұмытылып, адамдар татуласады. Ел-жұрт әдемі киініп, түске дейін кемінде үш үйге кіріп, үлкендермен көріседі, — дейді Ахау Тастемірқызы.
Ауылдағы мектеппен тығыз байланыс орнатып, оқушылардың іс-шараларына белсенді қатысып жүрген ардагер ұстаздың айтуынша, көрісу бір күнмен шектелмейді, оның мән-мағынасы жыл бойына жалғасуы тиіс.
Көрісу – тек амандасып, жақсы тілектер айтумен шектелмейтін мереке. Бұл – үлкендерге құрмет көрсетіп, ағайын арасындағы байланыстарды бекітетін дәстүр. Осы күні әр отбасы мүшелері бас қосып, үлкендерге ізет білдіреді, бір-біріне құрмет көрсетеді.
Қазір кейбір әулеттер көрісу күнін үлкен тойға айналдырып, кең көлемде атап өтіп жатады. Бұл дәстүрді сақтаудың бір жолы – отбасы деңгейінде дәріптеу. Ата-аналар балаларын үлкен үйге ертіп барып, олардың дәстүрді бойына сіңіруіне ықпал етеді. Мұны көріп өскен ұрпақ та болашақта осы дәстүрді жалғастырады.
– Осы дәстүр сабақтастығын көріп өскен бала да өз ұрпағын осылай тәрбиелейді. Сондықтан көрісу мерекесінде адамдар тек жүзбе-жүз көріп амандасып қана қоймай, татулық пен сыйластыққа, бауырмалдық пен қонақжайлыққа үйренеді. Бұрын тек батыс өңірінде тойланатын мерекенің бүгінде елдің барлық өңірінде кеңінен тойланып жатқаны қуантады. Олай болса, ынтымақ пен берекенің, татулық пен тағылымның көрінісі – Көрісу мерекесі құтты болсын. Жастарыңа жас, бастарыңа бас қосылып, ғұмырлы болыңдар! — дейді Ахау апа.
Көрісу – көктемнің келуін тойлау ғана емес, ұлттың бірлігін, ата дәстүрді сақтау жолындағы маңызды қадам. Бұл дәстүрдің құндылығын түсініп, ұрпаққа аманат ету – әрқайсымыздың міндетіміз!
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ