
Алтын Орда кезеңіндегі алтын жапсырма
Ортағасырлық Сарайшық қалашығының орнынан Алтын Орда кезеңіндегі алтын жапсырма табылған болатын. Екі жылдан соң бұл жәдігер Сарайшықтағы музейге тапсырылды. Бұл туралы KazInform.kz хабарлады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, 2023-2024 жылдары ортағасырлық Сарайшық қалашығының орнында археологиялық зерттеу жұмысы жүргізілген. Сол кезде Жайық өзенінің жағасындағы 3 мың шаршы метрден астам аумақта 12 бөлме, тұрғын үйлерге тән пеш, тандыр суфа (ыспа) орны анықталған.
– Археологиялық зерттеудің нәтижесінде Алтын Орда кезеңіне тән көп жәдігер табылған. Оның ішінде соғу әдісімен жасалып, арабша жазумен, өсімдік суретімен безендірілген күміс, қола тиындар, көптеген қыш ыдыстар, әшекейлер, жануарлардың сүйектері мен металл бұйымдар бар. Ерекше назар аудартқан жәдігердің бірі – Алтын Орда кезеңіне тиесілі алтын жапсырма. Мұндай жәдігер алғаш рет табылды. Осы кезге дейін ортағасырлық Сарайшық қалашығына бірнеше рет археологиялық зерттеу жұмысы жүргізілді. Бірақ алтын бұйым табылмаған еді, — дейді Мұхамбетқали Кипиев.
Оның пікірінше, алтын жапсырма қобдишаның немесе кішкентай сандық қақпағының топсасы ретінде қолданылған болуы мүмкін. Бұл бұйым өрнектеу тәсілі арқылы жасалған. Жапсырманың жоғарғы бөлігінің айналасына иректелген өрнек салыныпты.
– Жоғарғы және төменгі бөлігі қошқар мүйіз оюымен өрнектелген. Топсаға бекітуге арналған екі тесігі бар. Алтын жапсырманың өлшемі тым үлкен емес. Оның ұзындығы – 6, ені – 1 см. Ал қалыңдығы 0,2 см құрайды. Музей қызметкерлері алтын жапсырмаға реставрация жүргізді. Содан кейін оны «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына тапсырдық. Осы кезге дейін тарихи қалашықтағы музей-қорығы 286 жәдігермен тапсырылған еді, — деп мәлім етті Мұхамбетқали Кипиев.