Әлемдік деңгейдегі саясаттанушы
Жиын барысында филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Жаңабаевпен сұхбаттасудың мүмкіндігі туған еді.
– Қайреке, Атырауға қош келдіңіз, бұл сапарыңыздың мәні неде?
– Ә, рақмет! Мұстафа Шоқай туралы арнайы мақала дайындадық. Бүгінгі дөңгелек үстелге қонақ болып шақырылып отырмыз.
– Бұл еңбегіңізде Мұстафа Шоқаймен не байланыстырады?
– Мұстафа Шоқай – түркі халықтарына ғана емес, әлемдік деңгейдегі мықты саясаттанушы. Оның атақ-даңқы Махатма Ганди, Нельсон Мандела секілді саясаттанушылардан да үстем тұрады. Сондай-ақ, ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы. Әлемдік саясаттағы түркі халқының ерек тұлғасы. Мұстафа Шоқай мен Мағжан Бекенұлы түркі халқын бірлікке шақырған.
Мағжанша айтсақ, – Бірлік, елдік, жас қайрат, бақ, ардың –
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп –
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың! — дейді.
Ал, отаршыл ел осынау бірлікті қолдаған жоқ. Мұстафа Шоқай мен Мағжан Бекенұлы Түркістан туралы айтқан кезде отаршыл елдің екіжүзділігін сынайды. Мағжан айтқан «баба тілі» түркі халықтарының, оның ішінде қарақалпақ, қазақ, ноғай, Қырым татарларын біріктіретін тіл болуы керектігін меңзеп тұр. Бұл халықтарды ерекше атауымның себебі бәрімізді біріктіретін белгілі тұлғалардың аты-жөндері өте ұқсас. Біріккен кезде біздің мықты болатынымызды отарлаушы ел білді.
Алтын орда мемлекеті құлағанға дейін тіліміз ортақ болған. Кейін отарлаушы елдің ықпалымен қуғын-сүргін көріп, барымыздан айырылып қалдық. Ал, бөлінген халыққа ықпал ету өте оңай.
– Дөңгелек үстел туралы пікіріңізді айтсаңыз, көңіліңізден шықты ма, не түйдіңіз?
– Дөңгелек үстелде өткір, мазмұнды, терең мәселелер көтерілді. Спикерлер білімдерінің терең екенін көрсетті. Тосылып қалмай, өткір мәселелерді көтерді. Соның ішінде тарихшы Аққали Ахмет мырзаның деректері өте әсерлі болды.
Әрбір қазақ баласы Мұстафа Шоқай туралы білуі керек деп есептеймін. Менің еңбегімде де Мұстафа Шоқай мен Мағжан Бекенұлының бірлікке бастаған жолы баяндалады. Жасыратыны жоқ, біздің елде тарихтың әдістемесі нашар. Мұстафа Шоқайдың көзқарасын әлемдік деңгейде көтере алсақ қана тарихымызға құрмет көрсеткен боламыз.
– Пікіріңізге бек рақмет!
Сұхбаттасқан: Алмас Қабдолов