Ақмарал МӘШІМОВА: «АЙША БИБІ» МЕНІҢ БАҒЫМДЫ АШТЫ»
— Ақмарал Ғайноллақызы, өнер жолыңыз қалай басталып еді? Үлкен сахнаға қай жылы шықтыңыз?
— Атыраудағы №19 мектепте оқыдым. Ұйымдастырушы Роза Қазиханова, ән сабағының мұғалімі Ләтипа Ізмұхамбетова апайлардың дайындауымен мектепаралық әртүрлі шараларда хормен де, жеке де ән салатынмын. Біздің мектепте әнші қыздар көп болатын. Бибігүл Шеруенова, Сара Ізмұхамбетова деген қыздар бар еді. Олардың қасында мен өзімді әнші санамайтынмын. 1980 жылдары қалалық мәдениет бөлімі жанындағы атышулы «Жайық қызы» ән-би ансамбліне әнші болып шақырылдым. Содан кейін әншілікке бет бұра бастадым. Сол ансамбль құрамында жиырма жыл әнші болдым.
— Кей әнші өзінің табиғатына сай ән таба алмай жүреді, кейде бір әні арқылы аты әйгілі болып шыға келеді. Сіздің өнер жолындағы бағыңызды ашқан қай ән?
— Менің шығармашылығым екі дәуірге бөлінеді ғой. Біріншісі – кеңестік, ал, екіншісі – еліміздің егемендік алғаннан кейінгі шағы. Кеңестік дәуір кезінде орысша патриоттық әндерді вокалды аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен көп айтушы едік. Өзімізді өзіміз тани бастаған кезде әндеріміз өзгере бастады. Мен өзіме қазақша репертуар жасауға тырыстым. Ал, мені халыққа танытқан «Айша бибі» әні деп ойлаймын, Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Болат Қохамановтың әні.
— Қазақ қыздарының үлгі тұтар анасы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған біраз әндердің орындаушысыз. Әсіресе, «Жақсы көру» әнін ерекше орындап, көрерменнің ықыласына бөлендіңіз. Бұл әндерді өзіңіз таңдадыңыз ба? Әлде Фариза апай ұсынды ма?
— Фариза ақынмен «Айша бибі» әні шыққаннан кейін жақынырақ таныстым. Ақынмен танысуға себепші болған белгілі дәрігер Майя Тілесова деген апам еді. Бұл кездесу мен үшін және сазгер Болат Қохамановтың шығармашылығы үшін ең маңызды кезең болды деп ойлаймын. Әрі қарай апаммен жиі кездесетін болдым.
Ал, «Өмір-сен» әні – мен үшін орны бөлек шығарма. Мен бұл әуенді қатты ұнатып, Болаттан сұрап қоймадым, кейін Фариза апай Атырауға келгенде үйіне барып: «Апа, осы әуенге маған өлең жазыңызшы», — дедім. Апама өзімнің жан-дүниемді ақтарып әңгіме айттым.
Бұл мен туралы, менің мінезіме сай келетін ән болып шығу керек екенін апам түсінді. «Ертең кел, дайын болады» деген Фариза апай төрт сағаттан кейін телефон соғып тұр. «Тез кел, сен кеткен соң, шыдай алмадым, өлең өзінен-өзі жазылды» — дейді. Сол ән «Өмір-сен» болып халыққа тарады. Мәтіні мынадай:
Балалық шақтың әнімен,
Балауса балғын сәнімен.
Ертегілердің елінен,
Еркелей басып келіп ем.
Өмірдің көркем бағынан,
Өзіңді көрсем жаным Ән!
Бөлеп ең мені Бақытқа,
Сол күндерімді сағынам.
А-хау, сол бір күндер-ай,
Сағындың ба өзіңде?
Жалғыз сенсің-өмірде,
Жалғыз сенсің-көңілде.
Күні кеше апам өмірден өткенде оның өлеңдерінің мағыналары мен үшін одан сайын тереңдей түсті, апамның даусын естіп тұрғандай күйге бөленетінді шығардым…
— Өнер адамдары арасында «Атырау-Арман» әнінің алғашқы орындаушысы ретінде сізді айтады. Осы әннің шығу тарихына да қатысыңыз бар сияқты?
-Бірінші рет бұл әнді 1997 жылы қаламыздың Атырау аталуына бес жыл толу күніндегі қалалық шарада бір топ әнші болып алаңда орындаған болатынбыз. Әрі қарай репертуарыма алдым ғой. Бұл ән негізінен менің идеяммен шықты. Композитор Болат Қохамановқа және ақын Маржан Ершуоваға тапсырыс беріп, жаздыртқан едім. Тапсырыспен жазылғанымен, ән әдемі болып шықты.
— Адамның қандай да бір салада болсын биікке көтерілуі жақсы ұстазға байланысты, өнердегі тәлімгеріңіз ретінде кімді атайсыз?
— Өнер жолына сексенінші жылдары келдім. Ең бірінші ұстазым – Николай Кустодынчев, ұлты – болгар. Өте керемет адам және музыкант еді. Ол қазір Ресейде тұрады. Ал, музыка училищесінің қабырғасында жүргендегі ұстазым өте әдемі, талантты Вера Подзвездова болатын, қазір ол Германияда тұрады. Әрбір жетістікке жеткен сайын оларды есіме аламын.
Жас әнші ретінде танылған кезде қалада өтетін үлкен шараларға жиі баратынмын. Ұйымдастырушылардың басында қалалық партия комитетінің хатшысы Клара Бекешова жүретін. Ол кісі әр әртістің жағдайын, мінезін біліп алып, керек жерінде еркелетіп, керек жерінде қатаң тәртіпке тез келтіретін еді. Сабақтан, жұмыстан сұрап алатын. Әлі күнге дейін ол кісіні құрмет тұтамын. Тағы бір ұстазым, мәдениет саласындағы үлкен құрметке лайық адамдардың бірі, облысымыздағы үлкен қойылымдардың басын бастаған, режиссері, әрі балетмейстері — Мнаура Габдушева.
— Көбіне қай саланың мамандарымен жиі байланыс жасайсыз? Кәсіби әншілерден ең жақын досыңыз кім? Жалпы, әншіліктен басқа қандай өнеріңізбен бөлісе аласыз?
— Қазіргі кезде көбіне режиссер-ұйымдастырушы болып қызмет атқаруыма байланысты облыстағы, қаладағы өнер ұжымдарының, өнер адамдарының барлығымен байланыстамын. Өнер адамдарынан досым көп деп айта алмаймын. Сыйластық, кәсіби араласу ғана бар.
— Шығармашылық жоспарыңызға тоқталсақ. Жеке концертіңізді қашан бересіз? Бейнеклип түсіруге қалай қарайсыз?
— Ойда көп нәрселер бар. Клип те, концерт те. Кейде күнделікті бітпейтін шаруаның жетегінде кетіп, болашаққа жұмыстануды әрі итере беретініміз бар ғой.
— Қазіргі әншілердің көбі «тойсыз өмір сүре алмаймыз» дейді. Сіз тойға жиі барып тұрасыз ба, тегін барған кездеріңіз болды ма?
-Ол әншілер тойдан басқа жұмысы болмаған соң «өмір сүре алмайтын» болу керек. Менің тойдан басқа жұмысым көп. Бірақ, табыс көзі артық болмайды. Ал, дос-жаранның тойына ақыға барған адамды көргенім жоқ.
— Кейінгі өсіп келе жатқан талантты жас әнші-сіңлілеріңіздің қатарынан кімдерді атар едіңіз?
— Еліміздегі эстрада әншілерінен Тамара Асарды бөлек атаймын, сыйлаймын. Жерлес сіңлілерім де біраз. Соның бірі қазір Алматыда тұрмыс құрып, өнер жолында жүрген Бақыт Тұрманова, Динара Сұлтан өте керемет талант иелері, дауыс десе дауыстары, фактура десе, ол да бар. Әнді де олар өзгеше таңдайтынын білемін. Оларға әлі де қолдау көрсетілсе, ешкімнен кем түспейтін тележұлдыздар, белгілі әншілер болатынына сенемін.
— Қызыңыздың өнер жолында жүргенін қалар ма едіңіз?
— Қызым Аделина елгезек, бәрін қызық көреді. Ол математиканы да жақсы көреді. Бірақ, мен оның өнер адамы емес, басқа мамандық иесі болғанын қалаймын. Аман жүрсін, өзі шешеді ғой бойжеткесін.
— Мінезіңізді қалай бағалайсыз? «Қыз қылығымен ардақты» дейді. Бүгінгінің қыздары қандай болуы керек?
— Ешкімге мінезіңді өзгепрт деген кеңес бермеймін.Соңғы кезде өзімнің мінезім қатты өзгеріп жүр. Сабырлы болуды үйренген тәріздімін. Бірақ, керек жерде мүләйімсіп тұра алмаймын, шындықты көзге айтамын. Ал, қатты қиналған сәттерде қателіктерімді еске түсірмеймін, керісінше жеңістерімді санаймын. Жақсылықтарды ойлаймын.
— Өміріңіздегі ең қызық оқиғаның бірін айтып берсеңіз?
— 80-90 жылдары гастрольге көп шығамыз. Облыстық қазақ драма театры жанынан Кененбай Өтегенов ағамыз ұйымдастырған «Тамаша» ойын-сауық отауында жұмыс жасадым. Ол кезде «Мерей» тобымен ән саламын. Басты рөлдерде Махамбет атындағы облыстық театрдың белгілі актерлері – Темірболат Қыдырғалиев пен Сәуле Байменова, Анета Баетовалар еді. Әр облыста өнер көрсетеміз.
Бірде Ақтөбе облысының бір ауданында концерт қойып, кешке қонақ үйге келіп түнедік. Ертеңіне автобусқа мініп жүріп кеттік. Жолда барлығы түнімен бүргемен алысқандарын әңгіме қылды. Біреуі: «Менің ана жерімді, біреуі мына жерімді шақты» деп айтып жатты. Жолда көп жүргенде бір-бірімізден шаршайтынымыз тағы бар. «Ауылға қашан жетеміз?» деп көңілсіз отыр едім. Темірболат: «Ақмарал, сен неге үндемейсің? Сенің қай жеріңді шақты?», — деді. Мен: «Шаққанда қандай! Аяғымның «қолтығын» шақты», — дедім. Бәрі ду күлді. Мен неге күлгендерін түсінбеймін. Ол жерді «тақым» деп атайтынын кейін білдім. Кешкі әзіл-сықақ концертте сол әңгімені Темірболат сахнадан бір-ақ шығарды. Кездескенде айтатын қызықтарымыз өте көп.
— Мерекелік лебізіңіз…
— Әрқашан аналар аман болсын! Әр баланың жанында анасы болсын!
— Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін!