АТЫРАУ АЙМАҒЫНЫҢ «АЛТЫН САНДЫҒЫ»

Ертең  облыс орталығында  Индер  ауданының мәдениет  күндері  өтеді

Облыс орталығында «Ынтымақ пен бірлік – Мәңгілік ел тұғыры» атты қала мен аудандардың мәдениет күндерінің басталғанына бір айға жуық уақыт өтті. Енді осы шаралар легін бүгінде Индер ауданы жалғастырғалы отыр. Осыған орай аудан әкімі Серік АРЫСТАНМЕН сұхбаттасқан едік.

– Дендер – қазыналы да, бай өлке. Оның «жер астындағы алтын сандық» деп аталуы сондықтан болар, – деп бастады әңгімесін аудан әкімі Серік Бисешұлы. – Әйткенмен, ауданның басты байлығы – оның адамдары. Махамбет пен Мұрат ақын мәңгілік мекен тапқан өңірден Боран Нысанбаев, Иван Махорин, Иван Березин және Георгий Шамин сынды Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің толық иегері шыққан. 16 еңбеккер Социалистік Еңбек Ері атанған. Елдің дамуына ерекше үлес қосқан Сағидолла Құбашев, Қайрош Тастайбеков, Арал Қазиев, Өтешқали Атамбаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері де – осы өлкенің өрендері. Сонымен қатар, атақты ғалым Нәсіпқали Сейітов, жазушы-драматург Есенжол Домбаев, белгілі күйші Шәміл Әбілтаев, ақын Қойшығұл Жылқышиев, Бекет Қарашин, суретшілер Әділқайыр Жантасов, Рафаэль Слекенов, академик Көшім Есмағамбетов, медицина ғылымдарының докторы Қайыржан Әбисатов, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов, тағы басқалары Индердің қасиетті топырағында дүниеге келген. Қай қоғамда да елді тура жолға бастап, нақты бағыт берген, ойы терең, сөзі көсем, қимылы бекем азаматтардың кіндігі кесілген қасиетті топырақтың сәлемін алып, бүгінде облыс орталығына келіп жатырмыз.

Жалпы, біздің өңір – облысымыздағы өндірістің ғана емес, мәдениеттің орталығы да саналады. Ауданда «Халықтық», «Үлгілі» деген атағы бар өнер ұжымдары біршама. 10 мәдениет және клуб үйі, 14 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Соңғы екі жылда ауданның 5 бірдей мәдени ошағы, атап айтқанда, Аққала, Елтай, Өрлік, Ынтымақ ауылдарындағы клубтар, Индербор поселкесіндегі «Борат» мәдениет үйі және аудандық кітапхана ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Бұл халықтың демалысын мазмұнды ұйымдастыруға, өнерге деген ізденісті, қабілетті арттыруға көп көмегін тигізгені анық.

Ерекше тоқталғым келгені, алдағы уақытта Есбол, Бөдене ауылдарынан тиісінше 300 және 200 орындық, Индербор поселкесінен 400 орындық мәдениет сарайын салу жоспарлануда. Бұл, сөз жоқ, облыс басшылығының шалғай ауыл мәдениетін көтеруге маңыз беріп отырғанының көрінісі. Бүгінде Индербор поселкесінде  демалыс паркінің құрылысы жүруде, ол биыл аяқталады. Сонымен қатар, Жарсуат, Көктоғай, Құрылыс елді мекендеріндегі мәдениет үйлерін жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Аудан орталығынан өзге, Елтай, Есбол, Өрлік, Көктоғай, Жарсуат ауылдарындағы соғыстан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіштер қайта жөндеуден өтті.

Аудандағы мәдени ошақтар қаншалықты деңгейде қаржыландырылуда? Олар қажетті заттармен толық қамтылған ба?

– Былтыр аудан мәдениетін көтеру, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру мақсатында 9,4 млн. теңге жұмсалған болатын. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 4,5 млн. теңге қарастырылып отыр. Мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасын жақсарту – біздің үнемі назарымыздағы мәселе. Мысалы, сахналық ұлттық киімдер, саздық құрал-жабдықтар мен аспаптар, құрастырылмалы сахна, лед-экран, тағы басқаларын алуға мемлекет есебінен 31,3 млн. теңге жұмсалды. Аудандық кітапхананың жиһаздары да жаңадан алынды.

Индерді «өнерімен танылған өркенді өңір» деп білеміз. Ендеше, осы тұста мәдени өмірдегі елеулі жетістіктерге, жергілікті жердегі негізгі шараларға тоқталған артық болмас.

– Өңіріміздің мәдениетін өрістетуде біраз жұмыс атқарылғандығы рас. Былтыр аудандық «Дендер» газетінің 80 жылдығы өз деңгейінде ұйымдастырылғанын журналистер қауымы жақсы біледі. Соның ауқымында өткен «Дендер – дәуір үні» атты аймақтық ақындар айтысына өзіміздің облыстан өзге, Батыс Қазақстан аймағының он екі айтыскер ақыны қатынасып, айтыстың көрігін қыздырды. Бұл сында бас жүлдені Жәнібек Садыров жеңіп алған болатын. Ал, «Жадыра, жас дарын!» республикалық байқауында «Шашу» би тобы бақ сынаған еді. Жүзден жүйрік шыққандар қатынасқан сайыста жерлестеріміз жеңімпаз атанды. Атырауда өткен Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші, сазгер Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылығына арналған «Ақ Жайықтан ән оздырған» атты байқауда дәстүрлі әнші Еркін Әубәкіров үшінші орынды қанжығаға байлады. Вокалды аспапты ансамбльдер арасындағы «Әлемді шарлаған әуезді үн» облыстық байқауында да «Ақжайық» вокалды-аспапты ансамблі жүлдемен оралды.

Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың есімі көпшілікке белгілі. Оны ұлықтау мақсатында Ақтөбе қаласында халықаралық «Сәйгүлік» фестивалі өткен-ді. Айтулы шараға ақынның ұлы Абыл Досымов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева қатынасып қайтты. Қызылқоға ауданында ұйымдастырылған аймақтық «Жігіт сұлтаны» байқауында Абзал Ғабдысаламов «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленсе, вокалды топтар арасындағы облыстық байқауда ауданның атынан қатынасқан дуэт, трио, квартет жанрлары бойынша 12 өнерпаз жақсы өнерімен танылды. Ауданда драма жанрында жаңа көзқарас, соны ізденіс барына ерекше тоқталғым келеді. Соның көрінісіндей, облыстық «Шынайы шымылдық» фестиваліне «Халықтық» атағы бар «Ақжайық», «Жарсуат» театрлары қатынасып, Жарсуат театрының жетекшісі Мұрат Талас «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясына ие болды. Соңғы аталған театр Атырау облысының атынан бүгінде Ақтөбедегі аймақтық театрлар байқауына қатынасуда. Аудандағы үлкен өнер ұжымдарының алдыңғы қатарынан танылған Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі Ресейдің Астрахан облысында өткен халықаралық фестивалінен табысты оралды. Индер ауданының орталығындағы «Өнер мектебінің» өрендері де болашақта талай биіктерге шығатынына үміт зор.

Әрине, индерлік өнерпаздар қатынасқан шараларды түгел қамтып шығу мүмкін емес, бір анығы, жергілікті жерде өнердің дамуына, мәдениеттің көтерілуіне барлық жағдай жасалуда.

Ендігі әңгіменің бағытын ауданның экономикалық-әлеуметтік саласына бұра-йық. Қазіргі Индердің өнеркәсібі қаншалықты дамуда? Ауыл шаруашылығының хал-ахуалы қалай?

– Өткен жылы 2 млрд. 416 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген болатын, бұл арғы жылмен салыстырғанда 276 млн. теңгеге немесе 12,8 пайызға артық көрсеткіш. Ал, ауыл шаруашылығы бойынша 3 млрд. 252,5 млн. теңгенің өнімі шығарылды. Былтыр барлық меншік түрлері бойынша жалпы көлемі 935 гектар жерге егін салынып, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсіп отыр. Осы егістің 24 гектары тамшылатып суару әдісімен егілген. Өндірілген өнімнің көлемі артып, көкөніс 40,5, картоп 33,3 пайызға көбейді.

Индер ауданындағы мал басының санында да өсім байқалады. Жергілікті шаруагерлер «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларына сәйкес, асыл тұқымды мал алуға маңыз беруде. Мәселен, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1780 бас аналық және 60 бас аталық қой сатып алынды. Жылқы, мүйізді ірі қара малдары да мемлекеттің үлкен қолдауы арқасында жеткізіліп отыр. Жыл басынан бері аудан бойынша барлығы 47 ауыл шаруашылығының жәрмеңкесі өтіп, оған 76 шаруа қожалығы қатынасты. Мұндағы өнімдердің құны нарықтағы бағадан едәуір төмен, сондықтан оны саудалаушылардың да қатары көп болды.

Дендер күмбезін  «жер астындағы алтын сандық» деп атаймыз. Мұнда Менделеев таблицасындағы элементтердің қайсысы да кездеседі екен. Олай болса, қазыналы өңірге инвестиция тартудың жайы қалай болып тұр?

– Рас, Индердің асты да, үсті де байлық. Мұнда әлемде өте сирек кездесетін пайдалы қазбалардың өте көп қоры бар. Міне, осынау байлықты ел ырыздығына айналдыру мақсатында ауданда кешенді жұмыстар жүруде. Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 9 млрд. 588 млн. теңгені құрады. Ол арғы жылмен салыстырғанда 71,4 пайызға артқан көрсеткіш. Бұл қаржының 1 млрд. 119 млн. теңгесі меншіктік, 110 млн. теңгесі қарыз қаражаттардан құралған.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2013 жылдың желтоқсан айында Индерде гипохлорид натрий өндіру зауытының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген еді. Алайда, өндіріс орны кездескен түрлі қиындықтарға байланысты былтыр өнім шығара алмады. Қазіргі уақытта қажетті лицензия алынып, осы сәуір айынан бастап өнім өндіруді қолға алудамыз.

Соңғы сұрақ, жергілікті жолдардың жөнделуіне байланысты. Бұл жұмыстар қалай жүзеге асуда? Оны орындауда қандай кедергілер кезігуде?

– Өзіңіз білесіз, бүгінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен Атырау – Индер тас жолы жөнделіп жатыр. Бұл жағымды жаңалықты Жайықтың Бұқар бетіндегі жұртшылық жылдар бойы күткен. Өйткені, бұрынғы жолдың жарамсыз күйге түскені соншалық, онымен алысқа ұзап шықпақ түгілі, ауыл мен ауылдың ішіне қатынау мүмкін болмай қалды. Биыл аталған жол толық аяқталады деп үміттеніп отырмыз. Соның негізінде Құрылыс, Жарсуат, Бөдене ауылдарының кірме жолы мен негізгі көшелерінің жаяу жүргінші жолдарын жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Аудан бойынша барлығы 384 шақырымды құрайтын автокөлік жолы болса, оның 77 шақырымы – бұрын асфальтталған, 307 шақырымы асфальтсыз жол. Соңғы үш жылда Индербор поселкесі бойынша 27 көше күрделі жөндеуден өткен болатын. Күрделі жөнделген поселкеішілік автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 25,5 шақырымды құрайды. Бұған қосымша, биыл 300 млн. теңгеге 3,6 шақырым жолды асфальттау жоспарланып, 4,5 шақырым жолдың жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда.

Сұхбаттасқан

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз