АЙТЫСТЫҢ АЛАМАНЫ ҚАН ҚЫЗДЫРҒАН…

ол «Дендер» газетінің 80 жылдығына арналды

Осымен қатарынан екінші рет Индер ауданы әкімдігі «Дендер» газетінің 80 жылдығына аймақаралық «Дендер –дәуір үні» атты айтысты ұйымдастырып, өнерсүйер қауымға ұмытылмастай сыйлық жасады.

Айтысты аудан әкімі Серік Бисешұлы Арыстан қысқаша сөз сөйлеп ашты. «Мәңгілік Ел идеясын жария етіп, бәсекеге қабілетті 30 ел қатарына қосылу міндетін қойып отырған Қазақстанның ешкімге ұқсамайтын бітім-болмысын көрсететін айтыстың қанат жая түсуі –бүгінгі үлкен жетістіктеріміздің бірі» деді ол. Ақындар айтысының өріс жаюын  Елбасы Н.Ә.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы да қолдап, еліміздің түкпір-түкпірінде де осындай сөз сайыстары тұрақты ұйымдастырылып жатқандығына ерекше тоқталды.

Жасыратыны жоқ, әп дегеннен шын жүйріктің таныла қоюы қиын ғой. Бірақ,  соңғы жағынан сахнаға шыққан қызылқоғалық Шалқарбай Ізбасаров пен оралдық жампоз Айнабек Бисенғалиевтың шеберліктері қалың қауымды бір желпінтіп тастады. Жолы тегістелмеген өңірден шаршап жеткендігін сөзге қосқан Шалқарбайдың тауып айтқан  ұтқыр сөздеріне риза болған көрермендер дуылдата қол соғып, «бәрекелді» десті.

Қыр баласы ек өсіп-өнген құлап құмда.
Тау деген биіктіктің
өлшемі емес,
Жотасы биік келер
қыраттың да.
Дендерде асқар тау
болмаса да,
Таудай биік тұлғалар тұрад мұнда,-деп шалықтаған Шалқарбайдың әр шумағына риза болған көпшілік жадырап қалды.

 Ал, мұндай ұтқыр сөз, жүйелі ойлар жерлесіміз Жәнібек Садыров пен оралдық Санат Мұқамбетжановтың жұбында да жиі кездесті. Өкінішке орай, оралдық жерлесіміздің дайындығы жетіспеді ме, көп ештеңе айта алмай мүдіре берді.

Жалпы, айтыскерлердің барлығы да газет тарихы мен онда еңбек еткендерді, аудан шежіресі, батырлар мен бүгінгі аудан бейнесі, әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесіндегі жетістіктерін тым тәуір игергендерін танытып,  жырларына қосып жатты. Бірақ, олардың бәрінен де жоғарыда сөз еткен Шалқарбай ақын басым көрінді.

 Бұл ретте Мақаттан келген әріптесіміз Нұрбейбіт Нұғыманов та газет жұмысы өзіне жақсы таныс екендігін танытты. Сондықтан да, айтыстың соңында ынталандыру сыйлығын иеленген оған аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Ж.Амантурлин  арнайы байрақ ұсынды. Қызылқоғалық Ерболат Қарақойшиев, исатайлық Амангелді Панабердиев, атыраулық Нұрбек Сарбасовқа да ұйымдастырушылар ынталандыру сыйлықтарын ұсынды.

Сөз сайысының екінші бөлімі алдыңғысына қарағанда едәуір тартысты өрбіді. Мұнда арпа ішінде  бір бидайдай болып көрінген қызылқоғалық Әсел Таушенова қарындасымыз айтысты тым тәуір меңгергендігін, сахнада ысылғандығын танытты. Оның, әсіресе қызды қызыл етке теңеген қарсылас  ағасына көрсеткен назы әбден нанымды көрінді. Ал, қарсыласы болса көкіректегі көркем ойдың ауыздан шыққан соң әрі қашады дегенді кеш ұғып, тілін тістеді.

Ал, шешуші сайыста тағы да «қамысты бос ұстасаң қол кеседі» деп сөз саптаған Шалқарбай Ізбасаров шеберлігімен танылды. Соның арқасында ол қарсыласын қайта-қайта өткір ойларымен тұқыртып, үні басым шығып отырды. Осындай ойларды төккен ақынды алқа мүшелері мәртебелі екінші орынға лайық деп тауып оған қомақты байрақты ұсынды.

Сондай-ақ,  үшінші орынды атыраулық Өнербек Дәулекенов, Махамбеттен келген Серік Қойшығұлов, қызылқоғалық Әсел Таушенова жеңіп алды. Екінші айналымда жерлесіміз, республикалық талай сайыстарда өнерімен ойқастаған Жәнібек Садыровпен кездескен Айнабек Бисенғалиев бізге алдағы сайыстағыдан сәл бәсеңдеп қалғандай көрінді.

Олай дейтініміз, көптеген жас ақындарымыздың сөздік қорының тапшы болуы себепті түрлі тілдік оралымсыздықтарға, келеңсіздіктерге, ақыр соңы орысшалауға дейін барғаны көрініп тұрды. Сондықтан да,  қарт қаламгер Ерсайын Көшек ағамыз оған мәртебелі бірінші орынның Алғыс хаты мен қомақты байрағын тапсырып тұрып, тілеулестігін білдіріп, ақындық жолына сәттіліктер тіледі.

Сонымен домбыра тартысы да, мақамы да, бітім-болмысы да ақтаулық Мэлс Қосымбаев ағасына келетін Құрылыс ауылының перзенті Жәнібек Садыров бас жүлдеге лайық деп танылды. Ол осыдан бес жыл бұрын өткен газеттің 75 жылдығында осындай байрақты иеленіп, қуанышпен қайтқан болатын.

Аудан әкімі С.Арыстанның қолынан бас байрақты алған қаламдасымыздың кеудесіне «Дендер» газетіне -80 жыл» деп жазылған арнайы төсбелгіні  тағуы да орынды болды.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз