Жарнама
Мәдениет

АҢСАҒАН САЛҒАН СУРЕТ

Әйел адамның ішкі дүниесін, жан айқайын сурет арқылы жеткізе білу – үлкен өнер. Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді  дер кезінде көтеріп, өз суреттерінде бейнелеп көрсете алғандықтан болар, қазір елімізде Аңсаған Мұстафаның танымалдылығы аса жоғары болып отыр. «Мамам мені өлтіретін шығар» деген жалғыз-ақ туындысының өзі қыз­дарды дұрыс тәрбиелеудің құралына айналып үлгерді.

Ғаламторға салған суреттері арқылы әлемге танымал болған талант иесі, еліміздегі белгілі иллюстраторлардың бірі Аңсаған Құрманғазықызы әлеуметтік проблемаларды сипаттайтын елу бес графикалық сурет туындысын Атырау жұртшылығының назарына ұсынып отыр. Байқағанымыздай, көрмені тамашалауға жастар көп жиналды.

«Атырау» сауда орталығында өткен көрменің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қонақтарға «қош келдіңізін» айтып, тақырыптың өзектілігіне ерекше тоқталды.

«Сөйле, сурет!» атты көрме бұған дейін Астана, Алматы Шымкент, Талдықорған қалалары мен Қарағанды, Жамбыл облыстарында ұйымдастырылған. Қазіргі таңда суретшінің қоғам проблемасына — жастардың адасуы, алдануы, ата-ананың ішімдікке салынуы, үйдегі жанжал, ата-анадан бас тарту және тағы басқа жағдайларға арнап салған суреттері он шақты тілге аударылып, әлемді шарлап кетті. Кейбір суреттері «Фейсбук» желісінде танымал әртістердің рейтингісінен де асып түскен.

Көрменің ашылу салтанатынан соң, белгілі суретшімен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Аңсаған Құрманғазықызы, Сіз бір сөзіңізде Атырауға бұрын-соңды қойылмаған төрт жаңа суретті алып келдім дедіңіз. Осы туындыларыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

— Атырауға елу бес еңбегімді алып келдім. Соның ішінде, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың және күйші Дина апамыздың, ұялы телефонға үңіліп, уақытын босқа өткізіп отырған жігіттің бейнелері мен «Батарейкаларың отырып қалмасын» атты жаңа суреттер көрмеден орын тауып отыр.

Негізінен, ақ-қара түсті бағытта сурет салады екенсіз. Мұның сыры неде?

— Өміріміздің өзі ақ пен қарадан тұрады ғой. Сонымен қатар, мен еңбек етіп келе жатқан «Ақ босаға» газетінің де ішкі беттері ақ-қара түсті. Сондықтан, осы стиль жаныма жақын.

— Көптеген адамдар сізді суретті жақсы салғандықтан, осы өнерге келді деп ойлайды. Бірақ, сіз бір сұхбатыңызда қолыңызға қылқалам ұстауға басқа жағдай әсер еткенін айтыпсыз…

— Иә, менің суретшілік жолды қалай таңдағанымды көп ешкім біле бермейді. Үшінші сыныпты бітірерде әкем «жазғы демалысқа шыққан бойда шашыңды тақырлатып алып тастасаң, «Кама» велосипедін алып беремін» деген болатын. Сол уәде бойынша каникулға шыға салысымен шашты алдық. Ойда түк жоқ. Бір күні мұғалім телефон соғып бізді мектепке шақырды. Тақыр басыма үйреніп алған мен, мектепке сол күйі бардым. Сыныпқа кіріп келгенім сол еді, барлығы ду етіп күлді. Қолдарын шошайтып мазақтап, әбден ұялтты. Содан кейін «бұл мектепке енді бармаспын» деп жаз бойы жылап, әке-шешеме басқа мектеп іздеуге тура келді. Үйімізге ең жақыны көркемсурет колледжі жанындағы мектеп болды. Сөйтіп, суретші болып шыға келдік. Бойыңдағы қабілетті ояту үшін, көп еңбектену қажет. Дарын еңбекпен келеді. Сол рас екен.

— Ең алғаш салған суретіңіз есіңізде ме?

— Әлеуметтік тақырыптағы ең алғашқы суретімді 15 жасымда салдым. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп аталады. Онда темекі тұқылы мен бос шөлмектердің қасында отырған бала бейнеленген. Мұндай жағдайда өскен баладан қандай болашақ күтуге болады?!

— «Түсікке қарсылық», «Әке, балаға көңіл бөл», «Алаяқтықтың арты — түрме», «Ана, темекі тартпа», «Қарттар үйінде қазақ көп», «Қорқам, әке, ұрмашы», «Мамам мені өлтіретін шығар», «Менікі, сенікі»… Бұл тақырыптардың өзі бүгінгі қоғамдағы ащы шындықты айқайлап айтып тұр. Тақырыпты өзіңіз таңдайсыз ба?

— Маған сурет салуға редакцияға келіп түскен хаттар көмектеседі. Оларды оқи отырып, өмірде болған жайттарға орай, ең алдымен, менің көз алдыма шағын сюжет елестеп, соның негізінде сурет саламын. Кейін тақырып өзінен-өзі туындайды.

— Сұхбаттарыңызға рахмет!

 

Шыңғыс Мұқан, облыс әкімінің орынбасары: 

— Адамды – өмір, қоғам, қоғамды – заман, заманды тариx тәрбиелейді. Кейбір адамдарды өмір тәрбиелей алмаса, оны тәрбиелеуге өнер кіріседі. Осы көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз да осы болатын. Аңсағанның еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, тіпті сонау Латын Америкасының да әлеуметтік желілерін шулатып жатқан көрінеді. Еуропаның бірнеше елдері де бір-бірінен ала жарысып, бұқаралық ақпарат құралдары көшіріп басып жатыр екен.

«Әр адамның болары нағашыдан» дейді. Елге ой салатын өнер иесімен бірге анасы Шолпан Ұғыбайқызы да туған жерге келіп отыр. Атырау облысының Қызылқоға ауданында туып-өскен. Ол да өмірін адамдарды ақпараттандыруға, қоғамға қозғау салуға арнап, қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, қоғам тәрбиесіне үлкен үлес қосып келеді. Осындай анадан Аңсағандай перзент тумауы мүмкін емес сияқты. Олардың еңбектері өскелең ұрпаққа үлкен тәрбие құралы болады деп ойлаймын. 

Туған жерден дарыған қасиет

Шолпан ҰҒЫБАЙҚЫЗЫ, Аңсаған Мұстафаның анасы:

— Тұла бойы тұңғышым Аңсағанды мен өзімнің қызым емес, халықтың қызы деп санаймын. Өнерді бағалап, туған өлкеге шақырған атыраулық жұртшылыққа алғысымыз шексіз.

Аңсағанға жүкті болып жүргенімде, «Мен Алматыда босануға қорқамын. Өйткені, сәбидің шыр етіп дүниеге келген жері мен кіндік қаны тамған киелі топырағына да көп нәрсе байланысты. Мен ауылға барып босанайын. Кіндігін ауылдың әжелері кессін» деп анам және жолдасыммен ақылдастым. Олар да қарсы болмады. Сөйтіп, тұңғышымыз – Аңсаған Миялыда дүниеге келді. Туған жердің қасиеті, киесі адамның бойына дариды. Сондықтан болар, батыс өңірдің адамдарына тән өжеттілік, қайсарлық, батылдық Аңсағанның да бойынан табылады. 

Шындықты қаламмен  жеткізіпті

Айзада ЖОЛМАҒАНБЕТОВА, жас көрермен:

— Апам екеуміз әдеттегідей шаруаларымызбен «Атырау» ойын-сауық кешенінде жүр едік. Кіре беріс дәлізде тұрған суреттерді көріп, таңғалдық. Суреттердің әрқайсысы өте мағыналы. Атауы айтып тұрғандай, әр сурет сөйлеп тұр. Көрмені тамашалап тұрғандардың барлығы терең ойға батқан, бәрі көңілсіз. Өмірдің ащы шындығын қылқаламмен жеткізген. Жастарымыздың ойына ой қосар деп үміттенеміз!

Бұған дейін әлеуметтік желілерде бұл суреттерді көріп жүргенмін, бірақ, авторы біздің жерлесіміз екенін білмеппін. 

P.S. Облысқа сапары барысында суретші, иллюстратор Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау мұнай және газ институты студенттерімен де кездесіп, өзінің интернет дүкенінен шыққан футболкаларды жастарға сыйға тартты.

Дайындаған: Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button