20 аспапты меңгерген өнер иесі
Қызылқоға ауданы Ойыл ауылдық округі Жасқайрат ауылының тұрғыны Абзал Сиғуатолла 20 аспапта ойнай алады. 7-сыныптан бастап Атырау қаласы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында вокал-пианино мамандығын оқып, кейін жоғарғы білімін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өнер факультетінде жалғастырған. Дарынының арқасында 4 жылдық білім алғаннан кейін академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Құрманғазы атындағы консерваториясында оқуын жалғастырады.
– Әкем өнерге деген қызығушылығымды ашып, сол кісінің септігімен бала кезімнен үлкен сахналарда ән айтып, көптеген конкурстан жүлдемен оралып жүрдім. Кейіннен өнерімді шыңдау мақсатында Атырау қаласына қоныс аудардым. Облыс орталығына келсем де, түрлі сайысқа аудан атынан қатысып жүрдім,- деді А.Сиғуатолла.
Түрлі аспапта ойнайтын өнерпаз қазіргі уақытта Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінде және Орал қаласындағы DD RECORDS командасында жұмыс істейді.