
Жол жағдайы неге мүшкіл?
Қазақстандағы көлік инфрақұрылымының жағдайы үнемі көтеріліп келе жатса да, мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Тіпті, кейбір өңірлерде бұл одан әрі күрделілене түскен сияқты. Соған орай, 25 маусым күнгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев әріптестері, «Ақжол» фракциясының мүшелері Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев, Қазыбек Иса және «AMANAT» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаевпен бірге Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Онда депутат Алтайдан Атырауға дейін созылған елдің автокөлік жолдарының инфрақұрылымының мүшкіл жағдайына тоқталып, алдағы депутаттық каникул кезінде де әріптестерінің тұрғындармен кездесу барысында бұл проблеманың көтерілетініне сенімділік білдірді.

Жұртшылыққа мәлім, республика Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы 2020-2025 жылдарға арналған маңызды құжат ретінде жарияланған еді. Алайда, оның автожол бойындағы сервиске қатысты бағыты іс жүзінде мардымсыз нәтиже беріп отыр. Өйткені, бағдарламада жол бойындағы санитарлық тораптар, тамақтану орындары, жанармай құю бекеттері, техникалық қызмет көрсету және электромобильдерге арналған қуаттау станциялары мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту басты міндеттердің бірі деп көрсетілген болатын. Алайда, бүгінге дейін бұл бағытта оң нәтиже аз.
Осыған байланысты, Мәжіліс депутаттары өз сауалында қазынадан бөлінген қаражат пен жасалған істің арасындағы ара салмақты таразылап көрсеткен. Олардың айтуынша, бастапқыда 6 триллион теңге бөлінген бағдарламаның мерзімі аяқталмай, 2022 жылғы 31 желтоқсанда орнына «Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасы» бекітілген. Алайда, екі жылда күші жойылып кеткен бағдарламаның орындалуы жөнінде депутаттар ешқандай ресми ақпарат таппапты.
Бұдан әрі сауалда былай деп көрсетілген:
«Бүгінде республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының бойында жағдай сын көтермейді. Дәретханалар лас немесе мүлдем жоқ. Тамақтану орындары көбінесе бейберекет және санитарлық нормаларға сай емес. Демалыс орындарының дені қарапайым санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Ірі қалалардан тыс аймақтарда электромобильдерді қуаттандыру құрылғылары мүлдем жоқ. Кейбір жол учаскелерінде байланыс жүйесі де жоқ. Көптеген сервистік нысандар тиісті ұлттық стандарттарға сәйкес емес.
Бұл мемлекеттік органдар тарапынан бақылау мен қолдаудың жоқтығын, жауапкершіліктің төмендігін және жоспарлау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы нашар, кейбір жобалар жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен нақты қажеттіліктерін ескермей, бытыраңқы түрде жүзеге асырылуда. Нәтижесінде бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалып отыр.
«Ақжол» фракциясы 2018 жылдың 18 қыркүйекте елді мекендерді айналып өтетін жаңа магистралды құрылыстардың салдарынан бұрынғы ескі жолдардың бойында орналасқан жеке кәсіпкерлердің сервистік нысандарының жұмыссыз қалуы мәселесін көтерген болатын. Себебі, жол құрылысын жүргізетін ірі компаниялар магистрал бойында өздерінің сервистік инфрақұрылымын орнатуға мүдделі болған.
Сол кезде біздің фракция жол бойындағы сервисті дамыту кезінде жергілікті шағын және орта кәсіпкерлерге артықшылықтар беру қажеттілігін ұсынған болатын. Оған мемлекеттік органдар «мәселені ескереміз, шешуге тырысамыз» деп жауап берген. Бірақ бүгінгі күнге дейін уәдеге күмәніміз бар және өңірлерге шыққан уақытта өз көзімізбен көріп, қаперімізге аламыз.
2024 жылы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды жаңартуды жеделдетудің маңызын атап өтті. Дегенмен, Президенттің бұл тапсырмалары да жауапты органдар тарапынан орындалмай жатыр деп айтуға толық негіз бар.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы төмендегі сұрақтар бойынша нақты жауап беруді сұрайды:
1. «Нұрлы жол» бағдарламасының жол бойындағы инфрақұрылым бойынша іс-шараларды жүзеге асыру мәселесі қандай?
2. Қазір қолданыстағы көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасы және оның орындалу барысы қандай?
3. Демалыс аймақтарында, қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптарға және электрлі қуаттау станцияларына қатысты ұлттық стандартты жаңарту жоспарда бар ма? Болса, қай мерзімге жоспарланған?
4. Жол бойындағы сервисті дамыту үшін жеке бизнесті тартуға қандай нақты тетіктер қарастырылған? Атап айтсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, субсидия, салықты жеңілдету, т.б.
5. Жаңа магистралдар салынған кезде жол бойындағы сервистік инфрақұрылымдардың қаншасын жергілікті шағын және орта кәсіпкерлер алды? Ал, қаншасы ірі компаниялардың еншісінде кетті?»
Шынында, депутаттар келтірген мәліметтер бұлтартпас ақиқат. Бұған дейін де айтылып жүрген проблемаға Мәжіліс депутаттарының араласуы жағдайдың күрделі түйінге айнала бастағанын көрсетсе керек. Үкімет бекіткен қаулының мерзімі аяқталмай жатып, жаңа құжаттың қабылдануы және мемлекеттік органдардың кәсіпкерлер мен депутаттар алдындағы өз уәдесін орындамауы біраз жайттың бетін ашып тұр.
Қуат ҚОСЫМБАЕВ