Баннер 9 мая от газеты Атырау

Ақша алуды ғана біледі!..

young handsome man working in his office 1301 6548 Инфрақұрылым

Қымбат тариф, ескі жарық бағаналары, су және кәріз желілеріндегі ақаулықтар мен жылу жүйелерінің тозуы, электр энергиясымен қамтудағы олқылықтар, қоқыс жәшіктерінің уақытылы тазартылмайтыны, тұрғындардың қалыпты тірлігіне кеселін тигізетін басқа да жағдайлар «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» кеңінен айтылды.

Филиал төрағасы Балжан Досмұхамбетованың баяндауынша, тарифтер көтерілгенімен, коммуналдық саладағы ахуал айтарлықтай жақсара қоймаған. Басқосуға қатысқан азаматтық қоғам белсенділері қалыптасқан ахуалды қалай жақсартуға болатыны, кемшіліктерді түзету жолдары жайлы ұсыныстарымен ортақтасып, пікірлерімен бөлісті. Тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауапты құрылымдардың өкілдері жауап қайтарды.

Тарифті өсірудің себебі неде?

Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті бөлім басшысының міндетін атқарушы Арман Рзағалиевтің сөзінше, коммуналдық қызмет бағаларының күрт өсуіне «Тарифтерді инвестицияға айырбастау» бағдарламасының қабылдануы негіз болған. Оның басты мақсаты – апатты жағдайлардың алдын алу, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру. Тарифтерді көтеру арқылы жұмысшы-қызметкерлердің жалақысын көбейту де маңызды мәселенің бірі саналады. Мәселен, «Атырау энергосату» ЖШС-нде орташа жалақы мөлшері 120-дан 240 мың теңгеге өсірілген. Өзгелерінде де жалақыға  осындай өзгерістер енгізіліп, соның нәтижесінде өндіріске қажетті, білікті мамандарды тұрақтандырудың мүмкіндігі туыпты.

Бұл жерде өзгертілген коммуналдық қызмет бағаларын реттеп, тұтынушылардың түсініспеушілігі мен наразылығын тудырмау үшін бұрыннан тәжірибеде бар сараланған тарифтер қолданылады. Осылайша, жылу энергиясының бағасы биылдан бастап тұрғындарға немесе жеке тұлғаларға 7%-ға көтерілді. Ал, бюджеттік мекемелер (мемлекеттік және квазимемлекеттік) мен кәсіпкерлік субъектілері, яғни заңды тұлғалар үшін ол 60%-ға жуық өсіріліп отыр.

Жығылғанға жұдырық

Бүгінгі таңда облыста 50-ге тарта табиғи монополия субъектісі тіркелген. Осылардың ішінен базалық болып саналатын төртеуінде негізгі жабдықтардың дені тозып тұр. Бір ғана Атырау жылу жүйелерінің өзінде бұл көрсеткіш 70%-ға жуықтайды. Одан кейінгі кезекте Атырау жылу-электр орталығы (58,1%), «Атырау-Жарық» АҚ (39,9%), «Атырау облысы су арнасы» КМК-ы (кәріз суын тазарту 36 және сумен жабдықтау 12%) келеді. Дегенмен, тозығы жеткен, ескірген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейтін, сегіз жыл мерзімді қамтитын бағдарлама аясында республикада 60 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жаңғырту, 3 трлн. теңгеге жуық қаржы бағыттау жоспарланған, – деді салалық департамент өкілі.

Осы тұста әңгімеге араласқан қоғам белсендісі Болат Қожиев ойындағысын көпшілікке бүкпесіз  жеткізді.

– Коммуналдық қызмет бағалары, еселеніп өскен тарифтер – қазіргі уақытта көптің көкейіндегі, халықтың жанайқайына айналған өте күрделі және өзекті мәселе.  Сондықтан оның бүгінгі басқосудың күн тәртібіне қойылып, талқыға түсуі орынды деп санаймын. Әйткенмен, көңілге қонбайтыны – инвестицияның басқа қаржыландыру көздерінен емес, тұтынушылардың қаражатынан, яғни тұрғындардың қалтасынан жиналатындығы. Бұл жағдаймен келісе алмас едім. Ол онсыз да қымбатшылықтан қиналған халыққа «жығылғанға жұдырық» болып тимей ме? Шынына келгенде, бір ғана жылу ақысы емес, электр энергиясы, газ бен су бағасының да пайыздап емес, еселеп өскенін көріп-біліп отырмыз.

Инвестиция деген халықтың қалтасынан емес, қазынаның қаражатынан, болмаса басқа да көздерден шығарылатын ақша болуы керек. Бізде  баяғыша, ай сайынғы ақшасын да, айыппұлын да, басқасын да төлейтін де сол тұрғындар. Енді келіп жөндеуге және жалақыға жұмсалатын қаржыны да солардың есебінен өндіріп, мойнына салу мүлдем ақылға сыймайды. Ескеретін жайт,  коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері бүгінде жекеменшік формасына көшкен. Сондықтан да бұл кәсіпорындар халыққа салмақ салмай, өз беттерінше әрекет етуі шарт. Қалай дегенде де жөндеу, жаңғырту шараларын жүзеге асыруға қажетті қаржыны өз күштерімен тауып, инвестиция тартуды үйреніп, тығырықтан шығудың жолдарын іздестіруі тиіс. Өйтпеген жағдайда, онсыз да қымбатшылық жан алқымынан алып, қысылған халықтың монополистерге деген наразылығы күшейіп, жағдай ушыға түсуі мүмкін. «Дөңгелек үстелді» өткізудің түпкі мақсаты да осыны меңзесе керек, – деп қорытындылады ол сөзін.

Бар жауапкершілік – ПИК-тің мойнында

Қаланың шағынаудандары бойынша жұмыс жасап келген тұрғын үй жөндеу-пайдалану басқармалары осыдан отыз жыл бұрын сол кездегі Үкіметтің қаулысымен таратылған болатын. Осылайша, кондоминиум нысандарын басқаратын жаңа құрылым – пәтер иелері кооперативтері өмірге келді. Шаһардағы көпқабатты үйлер қандай жағдайда болғанына қарамастан, қабылдап алу-тапсыру рәсімінсіз, алыс-беріс актісінсіз автоматты түрде соларға біріктірілді. Бар жауапкершілік ПИК-тердің мойнына жүктелді. Біртіндеп көпқабатты үйлердің инженерлік коммуникациялары қайтадан жүргізіліп, терможаңғыртудан өткізілді. Газ құбырлары да тартылды.

Бірақ «көгілдір отынды» топтық жүйемен жеткізуге бейімделген үйішілік желілер жаңартылмастан, ауыстырылмастан қалып қойды. Сырттан келіп тұрған газды ашып-жабатын бұрандалар мен басқа да жабдықтар-тетіктердің техникалық күтіміне көңіл бөлінбеді. «Атырауоблгаз»-дың орнына келген «Қазтрансгазаймақ» АҚ облыстық филиалы, «Атыраугазинвест» ЖШС мен абоненттермен тікелей жұмыс жасайтын Бірыңғай есептеу орталығы сияқты кәсіпорындар негізінен берілген газдың ақысын жинаумен шектелді.  Жылына бір мәрте пәтерлердегі газ плиталарының оттықтарын тексеруден өткізгені үшін

2 мың теңге ақша алады.

Ал, есептегіш құрылғының орнын ауыстырып, жаңасымен алмастыратын болсаң, ол ақылы қызмет саналатындықтан бөлек ақша төлейсің. Алайда, ішкі құбырларды жаңартып, үйдің сыртымен жүргізілген сары тұрбаларды жаңғыртып, сырлау, басқа да қауіпсіздікке кепілдік беретін профилактикалық шараларды іске асыру ешкімнің де ойына келмейді. Бір сөзбен айтқанда, әлі күнге үйішілік газ жүйелерінің қалыпты жұмысы мен қауіпсіздігіне жауап беретін бірде-бір құрылым белгіленбеген немесе заңдық тұрғыда ешкімге міндеттелмеген. Көпқабатты үйлердің маңынан өтіп, кірмедәліздеріне бас сұқсаң үнемі газдың иісі шығып тұрады.

Салғырттық пен немқұрайлылық

Осындай салғырттық пен немқұрайлылықтың салдарынан апатты жағдайлар орын алып, адам өміріне қауіп төндірер жағдайлардың туындап жататыны шындық. Оны көзімізбен көріп, куәсі болып та келеміз. Жабдықтаушы мекеменің тұрғындармен, яғни пәтер иелерімен арада жасалатын келісім-шартында осының бәрі қалай болуы керектігі, газ жарылып, бақытсыздық жағдайына душар болмау үшін не істеу қажеттігі атап көрсетілген. Әйтсе де ол құжат жүзінде қалып келеді. Мұның өзі кооперативтерге кірген үйлерге қатысты мәселе. Ал, ешқандай басқарушы компанияның құрамында жоқ нысандардағы жағдай жөнінде сөз етудің өзі артық секілді. Соған қарамастан, газшылар да жылдан-жылға бағаларын қымбаттатып, тарифтерін өсіріп келе жатыр.

Осындай келеңсіз жайларды әңгімесіне арқау еткен Атырау қаласы бойынша ПИК-тер қауымдастығының басшысы Гүлнара Салихованың пайымдауынша, бұл жағдайды ретке келтіру үшін алдымен қаладағы барлық көпқабатты үйлердің пәтерлеріне газ жеткізіп тұрған желілердің, қондырғы-құрылғылардың есебін алып, ревизия мен мүліктік түгендеу жүргізіп, одан соң техникалық жай-күйін бағалау қажет. Содан соң ғана оны тұрақты қамтуға алу үшін қолында газ жабдықтарымен жұмыс жасауға, қызмет көрсетуге рұқсаты бар мамандандырылған мекемемен келісім-шартқа отыру керек. Ескерілер ең өзекті де маңызды мәселе – қызмет сапасы мен қауіпсіздік. Бұл мақсатта осы салаға мүдделі атқарушы мемлекеттік және өкілді органдар өкілдерінен (қалалық, облыстық мәслихат депутаттары) жасақталған комиссия құру шарт.

Қаражат мәселесі шешілмей тұр

Осы тұрғыда көтерілген мәселе мен қойылған сауалға орай «Қазтрансгазаймақ» АҚ Атырау облыстық өндірістік филиалының бөлім басшысы Жәнібек Қуанышевтің хабарламасы тыңдалды.

–  Бүгінгі таңда облыс аумағындағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 5700 шақырымды құрайды. Соның ішінде біздің кәсіпорынның теңгеріміне кіретіні 2423 шақырым (мұнда кейінгі кездері пайдалануға берілген Азғыр өңіріндегі газ құбырлары да енген). Қалған 3000 шақырымнан астамы облыс әкімдігі мен үшінші тұлғалардың иелігінде. Дегенмен, жергілікті бюджеттен қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Сол себепті филиал басқалай амалдың жоқтығынан теңгеріміне берілмеген құбырларды да қамтып отыр. 2022-2026 жылдарға тарифтік смета белгіленгенімен, газ желілерін күтіп ұстауға бюджеттен бөлінуге тиісті  қаржының көлемі нақтыланбаған. Бұл инвестициялық бағдарламада жоспарланған жұмыстардың кестеге сай атқарылып, профилактикалық іс-шаралардың жүзеге асырылуына кері әсерін тигізіп, елеулі қиындықтар туғызуда.

Тарифтің жайына келсек, бізде ол республикалық табиғи монополияларды реттеу комитетінің шешімімен бес жылда бір рет бекітіледі. Яғни, осынша мерзім тарифке өзгеріс енгізілмейді. Соған байланысты қызмет бағасын да, соған сәйкес жұмысшы-қызметкерлерінің орташа айлық жалақысын да өсіру мүмкін болмауда. Оның үстіне салыстырмалы түрде алғанда еліміз бойынша Атыраудағы газ бағасы ең төмен болып табылады, – деді газбен жабдықтау кәсіпорнының өкілі.

Проблеманы шешудің жолы

Білгеніміздей, қазіргі уақытта осы проблеманы оңтайлы шешудің жолдары қарастырылуда екен. Бұл бағытта облыс басшылығымен бірлесіп, қалған құбырларды да біртіндеп филиалдың теңгеріміне өткізу шаралары алынуда, Тарифтегі өзгерістер мен еңбекақыдағы өсімдер де соған байланысты болмақ.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып табылатын РКЦУ құрылымы абоненттермен тікелей жұмыс жүргізіп, пайдаланған қызмет бойынша есептесіп отырады. Оның қызметкерлері үйдің ішінде орнатылған газ есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін түсіріп, түбіртектерін таратады. Бір сөзбен айтқанда, тауарлы газдың бөлшек саудаға шығарылып, сатылуын қамтамасыз етеді.

Бірақ, бұл мекеме пәтерішілік газ құбырлары, қондырғы-құрылғыларына техникалық қызмет көрсетпейді, күтім жасамайды. Тек ақша алуды ғана біледі. Өндірістік филиал мамандары жылына бір мәрте үй ішіндегі газ плиталарына тексеру жүргізеді, оған әрбір абоненттен 2000 теңге ақы алады. Бұрындары осындай шаруалармен шұғылданған ВГДО мекемесі таратылып кеткен еді. Кәсіпорынның мойнында магистралды газ құбырлары мен үйдің сыртындағы желілер мен ГРПШ (газды бөліп-таратушы шкафтар) ғана қалды. Ендігі жерде газды жеткізуден бастап, техникалық күтім жасап, «көгілдір отынды» пайдалануда қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне кепілдік беретін шараларды бір қолға шоғырландырып, орталықтандырылған қызмет жүйесін құру мәселесін шұғыл шешу қажет.

Ол үшін мәселе облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойылып, өкілді орынның шешімімен негізделіп, заңдастырылуы керек. Бұл жөнінде «дөңгелек үстелді» ұйымдастырушылар мен талқылауға қатысқан қоғам белсенділері ұсыныспен шығуға әзір  екендіктерін мәлімдеді.

Тұтынушының қалтасын қаққан әрекет

Басқосуда бұдан бөлек, электр мен жылу энергиясы, салқын және ыссы су, суды бұру мен кәріздік тазарту қызметтері тарифтерінің пайыздап емес, еселеп өсірілуінің есебінен бағалар күрт көтеріліп, саладағы кәсіпорын қызметкерлерінің орташа айлық табыстары өскені айтылды.Сайып келгенде, мұның бәрі мемлекеттік бағдарламаны желеу етіп, тұтынушының қалтасын қағудың есебінен жасалып, халықты шығынға батыруды көздеген қитұрқы әрекеттің нәтижесі екені анық. Былтырғы қарашадан бері қарай көтеріліп келе жатқан бұрынғы мен бүгінгі бағаның айырмашылығы жер мен көктей екенін жасырудың жөні жоқ. Халықтың жанайқайын жеткізген қоғам белсенділері мен дидарласуға арнайы шақырылған ПИК басшылары айтқан әңгіменің түйіні осыған тірелді.

Осы орайда туындаған сауалдарға «Атырау-Жарық» АҚ-ның вице-президенті Эльмира Исембергенова, «Атырау жылу жүйелер» АҚ жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы Мерей Шәкіров, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ сату бөлімінің жетекшісі Василий Ли, «Атырауэнергосату» ЖШС директоры Тұрлан Дошатов, т.б. табиғи монополия субъектілері болып табылатын компаниялардың  басшылары мен өкілдері жауап берді. Дегенмен, олардың қайсысы да тарифтердегі өзгерістердің басты себептерін атай алмады. Ал, әңгіме тарифтерді белгілеудің жаңа ережелеріне келіп тірелгенде монополистер не айтарын білмей, жұмған ауыздарын ашпастан қалды.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз