Инфрақұрылым

Су тазарту қондырғыларын салу қажет

Бүгін елордада өткен мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев Қазақстанның моноқалаларында су мәселелерін шешу қажеттігін атап айтты.

Ол Жылыой ауданындағы «Аралтөбе» су қоймасының құрылысы туралы сөз қозғап, бұл жоба Жем өзені бойында тасқын судың алдын алып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көмек болатынын жеткізді.

Сонымен қатар, Арқалық, Құлсары, Кентау, Риддер, Саран секілді 27 моноқаладағы шешілмеген мәселелерге тоқталып, Құлсары қаласы үшін ең басты мәселе – заманауи кәріздік және ауыз су тазарту қондырғыларын салу қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, бұл тұрғындарға сапалы ауыз су ұсыну мен экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

— Елдің экономикалық дамуындағы негізгі шикізат қорлары – мұнай, газ, көмір, темір секілді байлықтардың шектеулі екенін еске салып, моноқалалардың экономикасын әртараптандырған дұрыс. Еліміздегі ірі компаниялар бірінші кезекте отандық шағын және орта бизнестің өнімдеріне басымдық беруі керек. Алайда, қазіргі уақытта ірі мұнай өндіруші компаниялар өз қажеттіліктерін көбіне шет елдерден әкеледі. «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», «НСОС» сияқты компаниялардың сатып алатын отандық өнімдері 10%-дан аспайды. Бұл көрсеткішті кемінде 50 пайызға жеткізу қажет, — деп санайды С.Сәрсембаев.

Депутаттың мәлімдемелері моноқалалардың инфрақұрылымын жаңғырту және жергілікті экономиканы дамыту бағытындағы маңызды қадамдарды көрсетеді. Ал су тазарту қондырғыларының құрылысын қолға алу және отандық бизнесті қолдау мәселелері қашан да өзекті.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button