Сиырөткелдегі станция шыққан шығынды ақтай ма?
Қазір тиісті жоспардың негізінде Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылында жазғы су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Енді тұрғындар Ойыл өзенінің арнасында орналасатын қалқымалы су айдау станциясы арқылы жазғы суды пайдалана алады. Бұған дейін халық жаз кезінде күнделікті тұтынатын ауыз суды белгілі бір кестеге сәйкес тұтынып келген болатын. Оны тек ауыз суға емес, бау-бақша, көлік жуу, мал суару, құрылыс бағытында да пайдаланғандықтан ішетін судан таршылықтың бары рас. Осы мәселені шешу үшін ұзындығы 14,6 километрлік жазғы су құбырының желісін тарту биыл тамызда басталып, мердігерлікке мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы алматылық «НСК МВМ Construction» ЖШС белгіленді. Құрылыстың жалпы құны – 362 миллион теңге.
Күн жылынса болды, Миялы тұрғындарының басты проблемасына айналатын ауыз су мәселесі шешімін тауып жатқаны қуантады. Алайда «Ойыл өзені тасыған жылы су алу мүмкін болғанымен, қуаңшылық болса бүкіл ауыл түгілі, іргедегі үйлер малын да суара алмай қалатын жағдай ескерілді ме? Ондайда суды қайдан алады? Қазынадан қаралған қыруар қаржы желге ұшып кетпей ме?» деген сансыз сауалдардың туындауы орынды. Осыған байланысты жергілікті мәслихат депутаттары мен құрылысқа жауапты мекеме басшыларынан жағдайдың анық-қанығын сұрап білген едік.
Аудандық мәслихаттың депутаты Есенбай Нұровтың айтуынша, су айдау станциясы шүңейтке қойылады екен. Ал қандай құрғақшылық болса да шүңейттің суы тартылмайтын көрінеді. Керісінше ол жерден жерасты бұлақтары арқылы су өніп тұрады. Миялы ауылдық округінің әкімі Амангелді Бағдаров та осы пікірді құптайды.
Техникалық мақсатта пайдалануға арналған жазғы су құбырының жобасын жергілікті билік былтыр бұқараның талқысына салыпты. Негізі жазғы құбыр жобасы 2015 жылы жасалғанымен оның құрылысы қолдау таппаған. Былтыр қайтадан қаражат бөлініп, жобалау жұмыстары басталыпты. Мұндағы мақсат – ауылдың ішіне, саябақтарға су тартып, техникалық мақсатта пайдалану.
Бұл іске тапсырыс берген аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметовтің айтуынша, бұл мәселе бұрыннан бері көтеріліп келе жатыр.
– Жайық өзенінің бойындағы аудандар 2013-2014 жылдары жазғы су құбырын жүргізіп алды. Сол кезде Ойылдан су тартуды біз де ойлағанбыз. Соңғы екі-үш жылдан бері өзенге су келіп жатыр. Бұл жөнінде жергілікті қариялармен де кеңестік. Кезінде ауылда жердің бетімен салынған су құбыры арқылы саябақтар суарылыпты. Бұрын су шаруашылығында жұмыс істеген ардагерлеріміз суы сарқылмайтын шүңейтті жерді көрсетті. Олардың көпжылдық тәжірибесіне сүйенсек, Ойылдың суы Ноғайтының суындай мүлдем тартылып қалмайды. Сондықтан Сиырөткел деген жерді таңдап, су айдау станциясын сол жерге жүргізіп жатырмыз, — деді Д.Нығметов.
Бөлім басшысы биыл бұл құрылысқа 50 миллион теңге бөлініп, игерілгенін айтты. Егер тағы да қаражат бөлінсе, келесі жылы құрылыс толық аяқталмақ. Мердігер мекеме құрылысты жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта компания жергілікті азаматтарды да жұмысқа тартуды көздеп отыр.
Құрылысқа қаражат бөлуші облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтың айтуынша, облыс аудандарының көпшілігінде жазғы су құбыры жүргізілген. Айталық, Индер, Құрманғазы аудандарында толықтай, Махамбет ауданында 98% су құбыры тартылған.
– Қызылқоға ауданынан салынып жатқан бұл құрылыс жұмыстарын тиімсіз болады деп есептеу қисынсыз. Керісінше тайыз ойлайтын адамдардың пікірі деп ойлаймын. Әзірге жазғы су құбыры аудан орталығына ғана жүргізіліп жатыр. Келешекте басқа елді мекендерге де тартылады. Бұл – халық ауыз су ретінде тұтынып отырған жерасты суын үнемдеу үшін жасалып отырған қадам. Осы арқылы ауылдың экологиялық ахуалын да қалыптастыру көзделген. Ең бастысы, жоба жақсы жүзеге асып кетсе игі, — деді басқарма басшысы.
Облыстық басқарма басшысы жоба ауылдық жерде көкөніс, жеміс-жидек өсіруді кең өрістетініне сенімді. Тиісінше жергілікті өнімдер көбейіп, сырттан сатып алу бағасы да төмендейді.
Лайым, солай болсын. Ең бастысы, алдағы жылы пайдалануға берілетін су құбыры тұрғындардың көңілінен шығып, жұмсалған ақша тиімді игерілуі керек.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Қызылқоға ауданы