
Шағынаудандар кәріз жүйесіне қосылады
Атырау қаласындағы «Геолог» және «Мирас» шағынаудандарында жалпы ұзындығы 26,2 шақырымдық кәріз желісі жаңадан тартылып жатыр. Тұрғындар тұрмысын жақсартып, санитарлық-гигиеналық жағдайды көтеру және жаңа тұрғын үй құрылысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жоба аясында 2315 үй немесе 8106 тұрғын, 3 әлеуметтік нысан орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.
Қысымды кәріз желісінің ұзындығы – 26 178 метр. Қазір оның 7,5 шақырымы, яғни 28 пайызы жүргізіліп үлгерген. Шілдеде басталған құрылыс жұмысы алдағы наурызда толық аяқталуы тиіс.
Мамандардың айтуынша, жобаның жүзеге асуы нәтижесінде инженерлік инфрақұрылымның сенімділігі артып, экологиялық талаптар орындалады және тұрғындардың тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсарады. Бастама тек бүгінгі күннің емес, болашақтың да сұранысын қамтиды. Өйткені кәріз желісі – қаланың дамуы мен халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымдық нысан.
Қалалық құрылыс бөлімі тапсырыс берген жобаның мердігері – «Ақмешіт-Мелиоратор» ЖШС. Техникалық қадағалауды «АстанаДорАрхитекс» ЖШС атқарса, авторлық қадағалаушы ретінде «TEGYS» ЖШС бекітілген. Жобаға 1 миллиард 612 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Атырау қаласының жаңа шағынаудандарында қолға алынған бұл кәріз желісі құрылысы халықтың әл-ауқатын жақсартып, экологиялық ахуалды тұрақтандыруға және заманауи қала келбетін қалыптастыруға серпін бермек.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ