МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

Мұсылман қауымының асыға күткен Рамазан айы баршамызға құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз бен істеген игі іс-шараларыңызды Жаратқан Алла тағала қабыл етсін!

Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы – Алла тағаланың мұсылмандарға берген сыйы әрі, нығметі. Бұл айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Аллаға жақындауға берілген мол мүмкіндіктер бар. Қасиетті Құран Кәрімде айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген қайырлы амалдың сауабын санау мүмкін емес. Мүбәрак Рамазанның құндылықтары мен қадір-қасиетін жақсы түсінген ізгі адамдар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» деп дұға жасап, Жаратушымызға жалбарынады екен. Өйткені, адамның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары Алланың мейіріміне бөлеп, разылығын алуға жақындата түспек.

Ораза – Алла тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Хадис-құдсида Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатынаузының иісі мен үшін мисктен (әтірден) де артық» дейді.

Иман жолы сабырлылық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалық пен сабырлылыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Уа, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді» деп бұйырған. («Бақара» сүресі, 183-аят). Бұл аят Аллаға сеніп, бойұсынған әрбір мұсылманға ораза тұтуы міндет екендігін көрсетеді. Яғни, ертең қиямет күні бұл парыздың да өзіндік сұрауы бар. Осындай сұрақтарға қазірден дайындалған абзал. Қиямет күні ешкім ешкімді істеген күнәларынан құтқара алмайды. Әке-шеше балаларын, бала әке-шешесін қажет етпейді. Біздің осы дүниедегі мансап-дәрежеміз, жиған дүние-мүлкіміз қиямет күні пайда бермейді. Сондай-ақ, бұл дүниеде біреудің ораза ұстауымен екінші адамның оразасы мойнынан түспейді.

Құрметті әлеумет! Рамазан айын бекер өткізіп алмай, оны ізгі амалдарға арнағанымыз жөн. Оразаны кейбір адамдар денсаулықтың жақсаруы, жұмыстың алға басуы, мал-мүліктің көбеюі сынды дүниелік мақсаттар үшін ұстайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Расында әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі тиесілі болады» деген. Бұл хадистен әр адам өзінің ниет еткеніне қол жеткізетіндігін көруге болады. Кім денсаулығының жақсаруы үшін ораза ұстаса, оның денсаулығы жақсарады. Ал, кімде-кім жұмыстың алға басуына ниеттенсе, жұмысы жақсарады. Бірақ басқа жақсылықтардан құр қалады. Ал, кімде-кім сауаптарының көбейіп, Алланың ризалығын алуға ниет етіп ораза ұстаса, оның күнәлары кешіріліп, Алланың ризалығына қол жеткізеді. Оған дәлел пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кім Рамазан айында Аллаға сеніп, сауабынан үміттеніп ораза ұстаса, оның күнәлары кешіріледі». Сонымен қатар, осы дүниенің жақсылықтарына да бөленеді.

Оразаның қасиеттері жөнінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде былай делінген:

«Ораза тозақ отынан қорғайтын қалқан»;

«Кім Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Алла оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады»;

«Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы кері  қайтарылмайды».

Биылғы ораза аптап ыстық пен шіліңгір шілдеге тұспа-тұс келіп отыр. Әрине, күннің ыстығы немесе басқа да себептер ауыз бекітуге кедергі бола алмайды деп сенеміз. Себебі, иманның бал дәмін татқан жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында, әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі беріледі», – деген. Бұл – адам баласы өзінің ниетіне орай, мақсатына жетеді деген сөз. Кімде-кім сауабын Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, күнәлары кешіріліп, Оның ризалығына бөленеді. Екі дүниеде де Алланың ризалығына кенелуден артық бақыт жоқ шығар.   

Осы орайда мұсылман бауырларымыздың назарын оразаның өзіндік пайдасы мен ережелеріне аударғымыз келеді.

Оразаның рухани пайдасы:
1.Тақуалық;
2.Сабырлылық;
3.Көркем мінез-құлық;
4.Уақытты жүйелеу.
Оразаның қоғамға пайдасы:
1.Адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйрету;
2.Теңдік пен әділдікті сүю;
3.Өзара мейірімділік;
4.Жаппай күнәдан тыйылу.
Оразаның денсаулыққа пайдасы:
1.Асқазанды тазартады;
2.Дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады;
3.Бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді.
Оразаның шарттары:
1.Ниет ету;
2.Ішіп-жеуден тыйылу;
3.Жыныстық қатынастан тыйылу(таң намазынан ақшам намазына дейін).
Оразаны бұзатын нәрселер:
1.Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу, жыныстық қатынас (ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды);
2.Дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту;
3.Әдейі құсу, әрі ауыз толы құсықты жұту.
Оразаны бұзбайтын нәрселер:
1.Ұмытып ішіп-жеу;
2.Қан алдыру;
3.Ауыз, мұрынды шаю;
4.Шомылу, төбеден су құйынып жуыну;
5.Бой дәретсіз таң аттыру;
6.Еріксіз құсу;
7.Көзге сүрме жағу;
8.Еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру;
9.Түкірік жұту;
10.Тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту.
Қадірлі ағайын!

Қасиетті Рамазан айы баршаңызға мүбәрак болсын! Ұстаған оразаларыңыз бен сұраған дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!

Батыржан МАНСҰРОВ,
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз