Қоғам

«Мен қазақпын!» дейді Антонина

«Тағдыр талайымен талай» дейді Антонина адамның алтын бесігіне айналған Қазақстанның басты ерекшелігі – көпұлттылығы. Сан түрлі ұлт өкілдерінің сайын даламызда ауызбіршілікте өмір сүруі сырт көз қызыға да, қызғана да қарайтын құндылығына айналып отыр. Бүгінгі жас ұрпақ бұл байлықтың құнын біледі, бір-біріне «сен орыссың, неміссің, өзбексің» демей, сый-құрметпен қарайды. Тілін, дінін, ұлттық ерекшеліктерін бағалайды.

Ұлты өзге болса да өзін «қазақпын» деп санап, қазақ тілінде еркін сөйлейтін жастың бірі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің III курс студенті Антонина Ревкова. Антонина – көпұлтты отбасының кенже қызы. Əкесі орыс, анасы қазақ ол Қызылқоға ауданының, Сағыз ауылында дүниеге келіп, қазақ ауылында бой жетті.

Қызылқоға ауданы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, салт-дəстүрін бекем ұстанған бірегей өлке екені белгілі. Сондай өңірдегі санаулы орыс отбасының бірі осы Антонина өмірге келген үй.

– Кішкентай кезімнен бері қазақ тілінде оқып, осы тілде сөйлеп келемін. Отбасым да қазақша сөйлеп, қазақтың салт дəстүрін ұстанады. Бала кезімде әкеме «неге біздің ұлтымыз орыс, неліктен бізге бəрі басқаша қарайды?» деп шағымданатынмын. Сонда əкем: «Бізді қазақ бөтенсімейді. Балалардың сөзіне мəн берме. Олар əлі кішкентай, мəселенің мəнісіне барып жатпайды» деп сабырлыққа шақыратын. Кейін есейе келе əке сөзінің дұрыстығын түсіндім. Қазақ бізді жат көрмейді. Қазақстанда өзге ұлттарды ерекше сыйлайтынын, құрметтейтінін сезінудемін, – деді ол.

Көпбалалы отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз қазақтың салтдəстүрлерін жетік білетінін айтады. Оның үлкен ағасы Ринат Ревков ауданға танымал волейболшы, Венера, Александра есімді əнші апалары да бар. Бүгінде Сағыздағы Ревковтардың өнерлі отбасын танымайтын адам аз.

«Ағам мен əпкелерім шығармашылық адамдары. Өзім де кішкентай кезімнен əдебиетке жақын болдым. Қазақ əдебиетіндегі поэзия мен монологтарды жаным сүйе оқимын. 7-8 сыныптан бастап түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, Қазақстанның белгілі аймақтарын араладым. Сөйтіп жүріп, 2018 жылы ҚР жалпы білім беретін оқу орындары оқушыларының арасында «Жарқын болашақ» VІІІ халықаралық KATEV қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінен «сөз шеберлері» номинациясы бойынша жүлделі I орын алдым. Осы жеңісімнен соң білімге деген қызығушылығым арта түсті, – дейді Антонина.

Бала күнінен білім мен өнерге құштар Антонина бүгінде университеттегі үлгілі студенттердің бірі. Білім ордасындағы инновациялық білім беру факультетінің студенттік деканның орынбасары жəне студент-жастардың көзайымына айналған «Мандарин» театрының жетекшісі. Ол театр атын «Мандарин» деп қою себебін, мандарин іші кішкене бөліктерден тұратын, бүтін бір жеміс болса, театр командасының құрамы да соған ұқсас, кішкене жастардан құралғанымен барлығы бір бүтін топты құрайтындығымен түсіндіреді.

– Бұл театрды университетке келген кезде-ақ ашу ойымда болған. Қазір сол ойым іске асып, үлкен командамен жұмыс жасап жатырмын. Университет əкімшілігі де маған қолдау көрсетіп, өзге ұлттар арасындағы сайыстарға жіберіп тұрады. 2022 жылдың 15 қазанында Ұлытау облысында Қоғамдық келісім жəне Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Бір ел» жобасына қатыстым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған өзге ұлт өкілдерімен бірге экскурсия жасап, жайдарманда ойнадық. Сол сапарда мені қазақ халқының ұлттық аспаптарында еркін ойнайтын, дəстүрлі əндерін орындайтын өзге ұлт өкілдерінің жастары таңғалдырды. Бұл да жылдар бойғы жүргізілген ел саясатының жемісі, жетістігі деп түсінемін. Осыдан кейін Атыраудағы Ассамблея жастарының қатарына ерікті ретінде қосылдым. Өйткені, сол уақытқа дейін Ассамблея жастары туралы білмейтінмін. Ол жерде сан түрлі ұлттарды көріп, елін, жерін сүйетін белсенді жастармен таныстым, – деді кейіпкеріміз.

Қоғамдық іс-шаралардың басықасынан табылатын ол жан-жақты дамығанды жақсы көретінін айтады. «Өзім орыс ұлтының өкілі болғаныммен қазақ елін, қазақ тілін ерекше құрмет тұтамын. Себебі, қазақ өте қонақжай, кең пейілді, мейірімді халық. Ешқашан өзге ұлттардан сырт айналмай, бөтен көрмей, бір шаңырақ астына жинаған» деді ол бізбен əңгімесінде.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде орыс, украин, белорус, өзбек, татар, қырғыз, грузин, кəріс жəне өзге де сан түрлі ұлттың балалары бар. Олардың арасында ең көбі орыс, өзбек, қарақалпақ, татар ұлтының өкілдері екен. Білім ордасында түрлі ұлттың жастары оқитындықтан 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблея институты жұмысын бастады. Сонымен бірге, Əзербайжан, Иран мəдени орталықтарына арналған аудиториялары бар.

Білім ордасындағы тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина басқаратын ҚХА институты бүгінде жастарды бірлікке, татулыққа, ортақ мақсатқа үндеп, қазақстандық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру жолында мақсатты еңбек етуде.

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button