ДІНДІ ТҮСІНБЕГЕН АДАСАДЫ

Атырауда өткен «Ислам терроризмге қарсы!» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан
Өңірдегі діни сауаттылықты арттыру, қалыптасқан ахуалды оңалту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар сан алуан. Бұл ретте өткен жылы аймағымызға жұмысқа келген 15 теолог-маман бірқатар ізгі істерді атқаруда. Мешіттерде уағыз айту жұмыстарын жетілдіріп, әртүрлі аудиторияларда ықпалды басқосулар өткізуді тұрақты жолға қоюдың берер әсері мол.
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың Дін істері басқармаларының басшылары, облыс имамдары, ғалымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатынасқан «Ислам терроризмге қарсы!» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның Атырау төрінде өткізілуі бұл бағыттағы жұмыстарға жете мән беріліп отырғандығының бір көрінісі болды.

amukАймақ басшыларының қолдауымен «Хақ жолы» діни драмасының театр төрінде тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартуы да – осы мәселеге қатысты қадамдардың бірі. «Қазіргі таңда бұл қойылым өз көрермендерін тауып, тұтастай облыс көлемінде көрсетілуде. Биылғы жоспарда тақырыпқа қатысты көркем фильм түсіру жұмыстары көзделген» деп атап өткен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның сөзіне жүгінсек, қоғамды жұмылдыру жұмыстарында арнайы құрылған ақпараттық-насихаттық топтардың да маңызы орасан. Былтыр осындай 86 топ мүшелері түрлі кездесу, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырып, бұқарамен етене жұмыс жасаған. Республикалық конференция, арнайы акцияның да үлкен ауқымда өткізілуі – жастар бойындағы патриоттық сезімді қалыптастырып, сауаттылықты арттырудағы маңызды қадамдардың бірі.

Өткен жылы 16 мыңнан астам арнайы дайындалған ақпараттық материалдар мектеп пен оқу орындарындағы дінтану пәнінің лайықты деңгейде жүргізілуіне септессе, биыл бұлардың санын елу мыңға дейін арттыру көзделуде. Осы жерде өткен жылы жаңадан құрылған «Ақпараттық-талдау орталығы» мемлекеттік мекемесінің үлесін де айта кеткен жөн болар. Конференция барысында орталық тапсырысымен дайындалған «Діни терминдер сөздігі», «Әйгілі адамдардың ғибратты сөздері», «Жиһад ұғымының мәні мен мазмұны», «Имам Әбу Ханифаның ислам құқығына сіңірген еңбегі» сынды кітапшалар жиын қатысушыларына таратылды.

«Дін – өте маңызды тақырыптың бірі. Жас ұрпаққа бұл бағытта білім беру барысында арнайы пәннен дәріс беретін ұстаздарға үнемі білімін жетілдіріп отыруға тура келеді. Осы ретте облысымызда кең көлемде жүргізіліп отырған шаралардың тағылымы ерекше. Ал, дәстүрлі дінді түсіндіретін  терең талдаулы кітаптар – бізге үлкен көмекші. Жаңа жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы ақпараттық қосымшалардың саны арта түсетінін айтып өтті, өте қуаныштымыз» дейді бізбен әңгімесінде Атырау қаласындағы орта мектептің бір топ ұстаздар қауымы.

aerlanКонференция жұмысына оң баға берген ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан Абдақасов:«Атырау облысында дін саласына қатысты ауқымды іс-шаралар жүргізіліп келеді. Қазіргі қоғамда бейбітшілікке бастайтын ізгі дін – исламның атын пайдаланған, яғни «қой терісін жамылған қасқырлар», терроризм ұғымы хақ дінімізге қаяу түсіруде. Елбасымыз әр Жолдауында бұл салаға ерекше мән беріп келеді. Халық үшін жалған діни ағымның жетегіне ергендер үлкен қауіп туғызуда. Қазір жастар оқу-білім ізденумен қатар, дінге де көңіл бөліп отыр. Қолда бар мәліметтерге сай, қазіргі таңда жат ағымда жүргендердің басым бөлігі, яғни 80 пайызға жуығы – 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар» деп, мәселенің өзекті тұсын да атап көрсетті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде қоғамымызда этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, ел тұрақтылығын қалыптастырудағы дәстүрлі Ханафи мазхабының ерекше ролін айтып өтті.

Конфессияаралық келісім, азаматтардың дін ұстану бостандығын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-әрекеттестік саласындағы мемлекеттік басқаруды, сондай-ақ, заңмен көрсетілген межеде салааралық үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыратын атқарушы органның жүйелі жұмыс жүргізілуіне 2011 жылдың қазан айында жаңа Заңның қабылдануы да оң ықпал етіп отырғанын айта кеткеніміз жөн болар. Көптеген игі істерге мұрындық болып, әртүрлі сипаттағы шаралар өткізіп отырған Агенттік басшылығы атынан ауқымды шараны өткізуге бастамашы болған облыс әкімдігіне алғысын жеткізді. «Біздің ұйымдастыруымызбен халықаралық конференциялар өтіп, оларға шетелдік, ортаазиялық мамандар тартылуда. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде хақ дінімізден тайған, адасқандар кері оралуда. Соларды оңалту, қоғамға тарту мақсатындағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, ислам құндылықтарын бойларына сіңіруіміз қажет» деді Ерлан Сатыбайұлы.

aoraz«Ислам фанатизмге қарсы. Тамыры тереңде болмаған ағаш жел өтіне төтеп бере алмайды. Дін мен дәстүр – қашаннан сабақтас, қанаттас. Асыл дініміздің атын жамылып, ел ішіне іріткі салып, тура жолдан тайғандармен күрес жолында имамдарға артылар күш орасан. Мешіт имамдары жиылған жамағатпен етене жұмыс жасауымен қатар, өз біліктіліктерін арттырып, насихат жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізулері қажет. Дінде зорлық жоқ. Керісінше, адамдарды қайғы-мұңға салмаңыздар дейді. Бұл – исламның ізгі мұраты». Осылай деп мағыналы әңгіме өрбіткен конференция қонағы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ораз Серікбай ата-дәстүрімізден алыстап, дін мен дәстүрді қарсы ұғым ретінде қабылдайтын адасқандардың әрекетінің бос әурешілдік екенін нақты мысалдармен атап көрсетті.

Өз кезегінде шараға қатынасқан студенттермен болған әңгімемізден байқағанымыздай, жастар бұл конференция жұмысын жоғары бағалайды. «Өкінішке орай, кейінгі буын арасында белең алған бұл үрдіске тойтарыс беруде осы секілді басқосулардың берері мол. Расында да, Ораз Сатыбалдыұлының айтуы орынды. Хақ дінімізден алыстаған тұстастарымыз ең бірінші ғасырлар бойы халқымызбен біте қайнасқан дәстүрлерді жоққа шығарады. Олармен таласқа түсіп, сөз жарыстырар болсақ, біліктілігіміздің аздығынан кей сәтте жеңіліп те қаламыз. Ал, бүгінгі басқосу бізге үлкен сабақ болды» дейді олар. 

aamangel«Дін саласына қатысты жұмыстарға жоғары оқу орындарындағы психолог-ғалымдар мен әлеуметтанушыларды араластырсақ…». Конференция төрағасы Шыңғыс Мұқанның осы  пікіріне қолдау танытқан Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы: «Түсімізге кірмеген терроризм сынды ағымға қарсы тұрып, жолын кесу – көп болып атқарар ауқымды шара. Айтылып кеткеніндей, қазақстандық терроризмнің қазіргі портреті – жұмыссыз жастар. Мұның астарында қолдарында қаржысы жоқ жастар тобының табиғи байлықтарға қол сұғып, қылмысты болуы сынды үлкен мәселе жатыр» деп тақырып төңірегіндегі өзекті жайттар турасында сөз қозғады.

Осы пікірді одан әрі сабақтаған Қауіпсіздік бағдарламалары орталығының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин: «Бұл мәселемен кәсіби түрде айналысуымыз керек. Проблемалық саламен айналысатын мамандар жұмыс жасауы тиіс. Себебі, терроризм – тұтастай қоғамға қауіп тудыратын қатер. Әлемдік деңгейдегі көрсеткіштер бойынша соңғы он жылды сараптаған мәліметтерді қарасақ, зардап шеккендердің басым бөлігі – қарапайым тұрғындар. Сондықтан, бұл мәселе азаматтардың барлық тобына да қатысты. Осынау үрдіс 2005 жылдан бастап күрт өскен. Ауғанстан, Сирия, Ирак сынды елдердің көш басында тұрғаны бәріңізге де белгілі. Қылмыс пен терроризм – егіз ұғымдар. Террористік ұйымдарды зерттеген мәліметтерге қарасақ, олар 25 жылдың ішінде өз ұстанымдарын бес рет өзгерткен» деді.  

Өткен жылы өңірімізге келіп, жамағатпен тұрақты жұмыс жүргізіп отырған Египеттегі Әл-Азхар университетінің шейхы Мухаммад Жәмәл әд-Дин Хашим ислам дінінің тарихы туралы тереңнен сөз қозғап, терроризмнің жат ұғым, бұл әрекеттерге барудың негізгі себебі діни сауатсыздықтан екендігін атап көрсетті.

Конференцияның пленарлық бөлімін қорытындылаған Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев конференция қатысушылары қабылдаған Үндеуді жариялады.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында жалғасқан конференцияның секциялық бөлімінде «Елімізде жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу мәселелері», «Діни тұрақтылық – ел тұтастығының кепілі», «Ислам және ұлт тәрбиесі» тақырыптарында отырыстар өткізіліп, баяндамалар тыңдалды.

Әр облыстан келген сала мамандары, өзге өңірлердің дін істері басқармаларының басшылары, мешіт имамдары мен ғалымдар қатынасқан жиын соңында тақырып төңірегіндегі түйткілді мәселелерді шешу жолында бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет деген қорытынды ой айтылды. Өзекті сауалдарға тұшымды жауаптар берілді.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз