Сөз өнерінің сардары
Кім-кімнің де адами болмысын айшықтайтын негізгі дүние – өзегіне табиғат дарытқан қасиетті құндақтаған сәбидей аялап, шалқар шабытпен іс қылу болса керек-ті. Ал сол азаматтың маңдайына қасиетті сөз өнерінің иесі болу жазылса, онда елдің мұңы мен жердің тініне, қоғамның тынысы мен уақыттың жылысына дер шағында үн қатып, қаламымен ертеңгі тарихқа қолтаңба қалдыру бақыты бұйырды деген сөз. Осынау жауапкершілігі жоғары, артылар жүгі ауыр міндетті абыройлы арқалап келе жатқан Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, өзіміздің әріптес ағамыз Нұрекең – Нұрлан Қабылов десек, сірә қателесе қоймаспыз.
Тобанияздың туысы
Атырау облысының Ақтөбемен шектесер жеріндегі Сағыз ауылына қарасты Буракөл жерінде қарапайым еңбеккер Достан отағасының шаңырағында осыдан жетпіс жыл бұрын дүние есігін ашқан кейіпкеріміз – отбасындағы он бір баланың екіншісі. Нұрекеңнің кіндік қаны тамған өңір – кезінде халқының азаттығы жолында жалынды күрескер, танымал қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлының жазғы жайлауы, ұлы бабасы, халық батыры Ер Қонайдан қалған қоныс. Ал, Тобанияз ағайындығы жағынан Қабыл әулетіне жақын адам болатын.
Мұқыр орта мектебін бітірген соң Сағыз кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, көлік жүргізушілік мамандығын алған Нұрлан мектепте оқып жүргеннен-ақ, білім ұясы мен ауыл өмірінің тыныс-тіршілігінен жазған мақала-репортаждарын, суреттемелері мен тырнақалды жыр шумақтарын Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінің редакциясына жолдап, оқырманға танылған. Жас тілшінің арманы журналист болу-тұғын. Бір жылдан соң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. Украина, Литваның Әскери әуе күштері қатарында әуе радисі, радиомеханик мамандығымен екі жыл қызмет атқара жүріп, шет елдерде болуға да мүмкіндік туады.
Арман қанатымен – Алматыға
«Әскерден оралған соң арман қанаты мені Алматыға, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне алып келді. Журналистика факультетін еңбектен қол үзбей жүріп бітіруді жөн көрдім. Қазақ журналистері мен қарымды қаламгерлерінің ұстаханасына айналған беделді оқу орнында Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов, Әбілфайыз Ыдырысов, Абдул-Хамит Мархабаев сияқты қазақ журналистикасының аңыз абыздарынан дәріс алдым. Тынышбай Рахимов, Әлібек Асқаров, Мұхтар Шерімов, Заря Жұманова, Мырзахан Ахметов сияқты ақын-жазушылармен, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Балтабай Нұржанов, Балтагүл Оспанова, Мағрупа Қазихан, Рауза Жұматова сынды белгілі журналист әріптестеріммен бірге оқыдым», — дейді Нұрекең өткенді еске алғанда.
Талантты жас журналистика-дағы алғашқы қадамын 1976 жылы аудандық «Коммунизм туы» газетінің тілшісі болып бастап, майдангер журналист, басылым басшысы Ізни Нұрқасымов та, Жолдығали Бақытов, Төлеген Жаңабаев, Жолдас Жанқуатов, Қалидолла Ізекенов, Әлімбай Жанғазиев, Хамит Әубәкіров, Қайрош Қабдешев, Мағрупа Қазихан сынды әріптестері де бір мақсат, бір мүддемен жұмыс істеді. Үлкендер жағы оны жақын тартып, бағыт-бағдар беріп отырды. Газет мазмұнының кеңейіп, оқырмандар жүрегін ойлы мақалаларымен баурап алған Нұрлан Достанұлы газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары сынды лауазымдық сатылардан өтті. 80-жылдардың соңына таман Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітіріп, саяси білімін шыңдаған ол сегіз жыл аудандық газеттің бас редакторы-баспахана директоры болып жұмыс істеді.
«Коммунизм туынан» – «Қызылқоғаға»
Дүйім жұрт бүкіл Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесін күтуден шаршап, зеріккен халықтың компартияға деген сеніміне селкеу түсе бастаған шақта Нұрекеңнің аудандық Кеңестің депутаты ретінде өзі басшылық етіп отырған аудандық «Коммунизм туы» газетінің атауын «Қызылқоға» деп өзгертуге тікелей ықпал еткенін аға буын өкілдері жақсы біледі.
«Газеттің қаруы – қалам, асырайтыны – қол-аяғы, сосын қырағы көзі» деген қағиданы ұстанған бас редактор мен қосшылары да газеттің мазмұнына, материалдың жазылу сауаттылығы мен стиліне, жанрлық ерекшеліктері мен полиграфиялық жағынан көркем безендірілуіне ерекше мән берді. Ойыл мен Сағыз, Миялы мен Қарабау, Тайсойған аралығын жайлаған малшылардың, төрт түлік малға қажетті жемшөп дайындау үшін 25 мың шаршы шақырымды еркін кезіп жүрген шофер-механизаторлар мен қарапайым қалың бұқараның хал-ахуалын біліп, озаттарын елге танытып жүретін тілшілердің абыройы асқақтап, басылымның беделі биіктеді. Ол бас редактор болған кезде аудандық газеттің таралымы 4500 данаға жетті, бұл бұрын да, қазір де болмаған өте жоғары көрсеткіш еді.
Бас басылымға – берекелі басшылық
Облысқа белгілі ақын-сазгер, әнші, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қалидолла Ізекен әріптес інісі туралы былайша пікір айтқан-ды: – Нұрланмен 1984 жылдан бастап аудандық газетте он шақты жыл бірге жұмыс жасадым. Ол басшымын деп өзін қызметкерлерден ешуақытта жоғары санаған емес, әркез адамдармен емен-жарқын амандасып, араласып, біте қайнасып бірге жүретін. Жақсы жазылған, оқылымды материалдарды көтермелеп, мадақтап қоюды да ұмытпайтын. Бұл жағынан ол бізге үлгі-өнеге көрсетті. Нұрекең – газет мақалаларына тақырып қоюдың нағыз майталман шебері. Мысалы, «Ащы тер төкпей, тұщы тірлік болмайды», «Тетігін тапқан, кетігін табады», «Адам жерді баптайды, жер еңбекті ақтайды», «Айнала таза болмай, көңілде маза болмайды», «Топтаса білген тоқ болады, бытырап жүрген жоқ болады» атты тақырыптар оқырманды бірден баурап, оқуға еріксіз қызықтыратын. Сондай-ақ, әр саладағы кемшіліктер де газетте батыл жазылды. Міне, осындай факторлар сол кездерде газет таралымының өсуіне, әрі оның қызмет баспалдақтарымен жоғарылауына әсер еткені анық.
1996 жылы мұнайлы өңірдің бас басылымы – облыстық «Атырау» газетіне бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне шақырылған Нұрлан Достанұлы араға алты жыл салып, «Атыраудың» бас редакторлығына тағайындалды. Осы уақытта газеттің таралымы 27 000 данаға жетті. Бұл да бұрын-соңды болмаған, бірде-бір редактор қол жеткізе алмаған көрсеткіш еді.
Нұрлан Достанұлы республикалық «Алтын Орда» газетіндегі бас редакторлық қызметті де абыройлы атқарды. 2010 жылдың шілде айында Нұрекең мені аталмыш газет редакциясына жұмысқа шақырды. Мұнда экономика бөлімінің редакторлығы қызметінде бір жарым жылдай жұмыстас болдық. Кейін ғасырлық тарихы бар «Атырау» газетінде бас редактордың орынбасары, «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары қызметін атқарып, құрметті демалысқа шыққанша журналистік қадамын бастаған талантты жастарға ағалық ақылы мен өмірлік тәжірибесін айтып, кәсібіне сәттілік тілеп, жол сілтегеніне де талай куә болғанбыз.
Мерей өсірген марапаттар
Нұрлан Достанұлына ұзақ жылғы баспасөз саласындағы еңбегі үшін Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атақтары берілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін», басқа да мерекелік медалдармен, қазақ журналистикасының теориясы мен практикасының ғылыми негізін салушы, ғалым-ұстазымыз Тауман Амандосов атындағы сыйлықпен марапатталды. «Атыраудың үздік журналисі» аталып, екі мәрте Президенттің Алғыс хатына ие болды.
Баспасөз саласындағы 43 жыл еңбек өтілінің 40 жылында басшылық қызмет атқарған әріптес ағамыз зейнеткерлікке шықса да қолындағы қаламын құрғатқан емес. Осы уақытта бес кітаптың авторы болды, қоғамдық қызметтен де қол үзген жоқ. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде үнемі замандастар ортасында жүреді. Саладағы аға буын өкілдері – ардагерлердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Мерекелерде жастармен кездестіріп, жиындарда сырларымен бөлістіреді.
Н.Қабыловтың әр жылдарда «Алақанда жанған алау», «Күш атасын танымас» атты очерк-эссе кітаптары, «Көкжиекке қараймын қырға барып» атты жыр жинағы жарыққа шығып, оқырмандардан лайықты бағасын да алды.
Осыдан 14 жыл бұрын «Атырау» газетінде қазіргі пайдаланып жүрген А-3+ форматты эксперимент ретінде сенбілік номерінде пайдалануды жүзеге асырған да өзіміздің Нұрекең болатын. 2019 жылы «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас редакторлар клубының алқалы бір жиынында аудандық газеттердің дизайны, материалдардың берілуі мен олардағы кеткен кемшіліктер туралы талдауы тыңдалып, талқыланған сәтте Нұрекең аудан газеттерінің электронды нұсқасын дайындау керек деген ұсынысын ортаға салды. «Контент мазмұнды болуы тиіс. Біз оқырмандар алдына үлкен мәзір ұсынуымыз керек. Ол үшін тақырыптарды қою шеберлігін меңгерейік, елең еткізерлік тақырыптарды қоя білейік. Мақалалар да жүрекке жететіндей болғаны жөн» деген ұсынысы да әріптестер тарапынан қолдау тапқан-ды.
Шуақ шашқан шаңырақ
Нұрлан Достанұлы жары Нағимамен тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына жарты ғасырға жуықтаған. Қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, ұзақ жыл мектепте ұстаздық қызметте болған жеңгеміз қазір зейнеткер. Ағамызға шалқар шабыт сыйлап, жұбайының журналистика жолында тұшымды туындылар тудыруына барлық жағдайды жасаған Нағима жеңгеміз екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді, олардан немере-жиен сүйіп отыр.
Үлкен қызы Гәкку – заңгерлік мамандықты меңгеріп, бүгінде Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте студенттерге дәріс береді, РҺD докторы. Ұлы Айбек – Атырау мұнай-газ университетінің түлегі, «Матин Петролиум» компаниясында инженер-мұнайшы. Келіні Гүлбақыт – қаржыгер, француздық компанияның қаржы директоры. Ал, кенже қызы Айкөркем – әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің механика-математика факультетін тәмамдаған ұстаз, Сарбонна қазақ-француз университетінің магистратурасын бітірген. Немере, жиендерінің алды мұхит асып, АҚШ-та білім алып жүр.
Балаларының нағашылары – Нұрекеңнің қайынжұрты Жақсиевтар да елімізге белгілі әулеттердің бірі. Балдызы – елімізге белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Қапизұлы жақында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі, академик атанды. Тағы бір балдызы Данияр Жақсиев осыдан біраз жыл бұрын дзюдодан жастар арасында әлем чемпионы атағымен жерлестерін қуантқан-ды.
Кеңестік жүйенің дауылдай екпін алып тұрған шағында да, тәуелсіз Қазақстанның қаз тұрып қалыптасуы мен дамуы жылдарында да талай жас тілшіге рух беріп, қанатын қатайтуға бір адамдай ерік-жігері мен күш-қуатын жұмсап, ағалық ақыл айтып, мамандыққа адалдығын өнегелі ісімен дәлелдеген Нұрлан Достанұлы бүгінде жетпіс жастың желкенін көтерді.
Ендеше, қос 35-іңіз құтты болсын! Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақ-береке және отбасыңызға амандық тілейміз. Қаламыңыз мұқалмасын, Нұреке!
Бақытжан ЖҰМАТ,
әріптес інісі,
Қазақстанның Құрметті журналисі