Жарнама
Экология

Жұтар ауа жұпар емес

*5 маусым – Бүкіл дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

Атырау аймағындағы экологиялық ахуал көпшілікті алаңдатады. Оны сауықтыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Соған қарамастан жағдайдың жақсарып, оңалып кеткені шамалы.

Бұған дәлел боларлықтай деректерді келтірсек, облыстағы экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Жол картасы» жасақталған. Осы құжатқа енгізілген 45 тармақтың  қазірге дейін толықтай орындалғаны 9-ы ғана. Оның ішінде 8-і (қоқыс-қалдықтар үйінділерін жою, көркейту-көгалдандыру) жыл сайын жүргізіледі. «Жол картасындағы» 10 шара ішінара орындалған екен.

Зиянды шығарылымдар азая бастады

Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аумақта жүзеге асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптама жобаларының басты мақсаты – табиғатты ластаушы кәсіпорындар бойынша бекітілген эмиссия нормативтерін төмендету, сөйтіп ауаға таралатын зиянды заттар мен қалдықтардың мөлшерін мейлінше азайту  болып табылады. Мұнда жобалардың сапасы мен мерзімінің сақталуына айрықша назар аударылады. Сондай-ақ кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін техногендік әсерін төмендету және экологиялық ахуалды сауықтыру мақсатында өңірдегі кәсіпорындардың қатысуымен және солардың қаржыландыруымен облыста жыл сайын табиғат қорғау шараларының жоспары жасақталып, жүйелі түрде жүзеге асырылып отыр.

Бүгінгі таңда облыстағы 83 кәсіпорын бірінші санаттағы компаниялардың қатарына жатады. Оның 50%-ы – мұнай-газ өндіру, 5%-ы мұнайды өңдеу  және газ-химия, 15%-ы– полигондар мен қалдықтарды өңдеу және залалсыздандыру, ал 21%-ы өндіруші секторға тиесілі. Бұлардың арасында шығарылымдардың басым бөлігі өндірістік, тасымалдау және көмірсутегін  өндіретін кәсіпорындардың үлесінде екен. Нақтылай кетсек, осы секторға қатысты зиянды шығарындылардың жылдық лимиті 232,17 тоннаны немесе 90%-ы құрайды.

Мысал келтірсек, бір ғана НКОК компаниясы бойынша былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда шығарылымдардың мөлшері 6%-ға кеміген. Бұған жоспарланған бірқатар құрылыс жұмыстарының аяқталуы және жағылатын газ көлемінің азайтылуы себепші болыпты. Сол секілді Атырау мұнай өңдеу зауытында бұл көрсеткіш 6,4%-ға тұрақтаған.

Кешенді рұқсаттан ұтарымыз қандай?

Бүгінгі күннің басты тақырыптарының біріне айналған кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу бағытында жасалып жатқан жұмыстардың жайын  Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіптен білген едік.

Оның түсіндіруінше, елдің жаңадан қабылданған реттеуші экологиялық саясаты ең үздік қолжетімді техниканы қолдану арқылы «Кешенді экологиялық рұқсаттар беру» жүйесін қалыптастыруға негізделген. Соның нәтижесінде кәсіпорындардың жұмыс тәжірибесіне енгізу өндірістік процестің экологиялық таза болуын қамтамасыз етуге, негізгі қорлардың жай-күйін жақсартуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашылады. Яғни осыған мүмкіндік беретін маңызды құрал, ең бастысы, қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға ықпал ететін тиімді тетік болып табылады.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде 2025 жылдың бірінші қаңтарынан бастап бірінші санаттағы  ірі кәсіпорындардың бұл саладағы ең үздік қолжетімді техниканы қолдану мүмкіндігіне және осы жаңалықты игеру қабілеттілігіне қарай жаңа жүйеге көшуіне ықпал ету көзделген. Ол үшін бұған кепілдік беретін ең үздік техникаға көшуді кезең-кезеңімен жүзеге асыру қарастырылған. Осылайша, бұл тізімге іліккен кәсіпорын он жыл ішінде экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес ең үздік техниканы енгізеді. Мұның бір артықшылығы, үздік технологияға ауысқан кезде кәсіпорындар эмиссиялар үшін міндеттелген төлемдерден босатылады.

«Ластаушы төлейді»

Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі уақытта Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға сәйкес залалды экономикалық бағалаудың тікелей және жанама әдістері көзделген. Алайда табиғатты пайдаланудың қолданыстағы экономикалық тетігі қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге айтарлықтай ынталандырмайды, «Ластаушы төлейді» қағидатын алғаш рет 1972 жылы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы сарапшылары тұжырымдап, ластанудың алдын алу және бақылау жөніндегі шараларды, сондай-ақ қоршаған ортаға залалды қалпына келтіру үшін жауапкершілікті қарастырды. Осы тұжырымдама енгізілгеннен кейін бірден Еуропалық Одақ елдері қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың бірінші бағдарламасына «ластаушы төлейді» қағидатын кірістірген. Егер кәсіпорындар озық қолжетімді технологияларға ауыспаса, онда эмиссиялар үшін төлем мөлшерлемелері 2025 жылдан бастап екі, 2028 жылдан төрт және 2031 жылдан сегіз есеге өседі.

«Таза Қазақстан» – ел тазалығының кепілі

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан республикалық экологиялық акцияның көздеген мақсаты – аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде берілген тапсырмалардың орындалысын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай туғызу. Сонымен қатар экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын-алу, анықтау, жолын кесу бағытында профилактикалық іс-шараларды жоспарлы және жүйелі түрде  ұйымдастыру.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуынша, бүгінге дейін бұл салада 3522 құқық бұзушылық дерегі анықталып, 74,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. 27,4 млн. теңгесі өндірілген. Акцияның жариялылығын жақсарту үшін құрылған @TazaQazBot телеграмм чат-боты-блогына осы жылдың басынан бері 127 өтінім түсіп, оның 119-ы  орындалған.

2024 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ спутниктік жүйесі арқылы жүргізілген бейнетүсірілімдердің көмегімен өңірде 170-ке жуық рұқсатсыз қалдықтар орны анықталды. Оның 53-і Атырау қаласының аумағында тіркелсе, 115-і орын Жылыой ауданының аумағында есепке алынды. Қазірге дейін облыс орталығында анықталған жабайы үйінділердің 19-ы, Құлсары қаласында 106-сы тазартылып отыр. Аталған аумақтардың иелері анықталып, олар жауапкершілікке тартылып, әкімшілік жазалау шаралары алынды. Әйтсе де, мұнымен мәселе түбегейлі шешімін тапты дей алмаймыз. Әлі де шешімін күткен өзекті мәселелер жеткілікті, — деді басқарма басшысы.

Дәулетқали АРУЕВ

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button